Әнұранды жатқа білмейтін спортшылар енді Қазақстан намысын қорғай алмайды
2014 ж. 27 маусым
1349
0
Әнұранды жатқа білмейтін спортшылар бұдан былай халықаралық сайыстарда Қазақстан намысын қорғай алмайды. Бұл шектеу ешкімнің атақ-абыройына қарамай, тіпті жүлде алады деген жалғыз үміткерге де ортақ.
Сенат депутаттары өзгертулер мен толықтырулар енгізілген тиісті құжатты 2 оқылымда да мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді. Ал осы салаға жауапты агенттік төрағасы Тастанбек Есентаев жаңа заңның орындалуын қатаң қадағалаймын деп сендірді.
Жыл сайын спорт саласын дамытуға бір ғана "Самұрық-Қазына" қорынан 100 миллион доллар бөлінеді екен. Бұл Қызылорда облысының 4 жылдық бюджетіне тең. Осы мәліметті айтқан депутат Баймаханов, бәрінен де халықаралық додада өзге елдің әнұранын шырқату үшін қыруар ақша шығындағанын біліп жағасын ұстапты. "Астана велосипед командасына жылына 15 миллион еуро бөлінеді екен. Контадордың сол кездегі айлығы 5 миллион еуро екен. 5 миллион еуроға Испанияның гимнін ойнатып қою қате деп есептеймін", - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов. 5 миллион еуроға Испанияның әнұранын ойнатқанымызды былай қойғанда, халықаралық сайыстарда рәмізідеріміз талай рет қорланғаны ел есінде. Мәселен, ауыр атлетикадан Францияда өткен әлем чемпионатында отандасымыз Чиншанло жеңіс тұғырына көтерілгенде ескі әнұран орындалып, масқара болған еді. Білдей облыс әкімі жарысты Рикки Мартиннің әнімен ашты деп дүйім жұрттың мазағына айналды. Осындай сорақылықтардан кейін ғана үкімет бұл мәселені заңмен реттеуді қолға алып отыр. Әлемдік жарыстарға Қазақстан атынан баратын спортшылардың әнұранды айтып, емтихан тапсырып тұрғанын елестету қиын. Бірақ жаңа заңға сәйкес солай болуы тиіс. Алайда, шетелден арнайы алдыртқан спортшылар заңға бағынып, Қазақстанның әнұранын жаттай қоюы екіталай. Шененуніктер болса ешкімнің атақ-абыройына қарамаймыз, бәрін міндеттейміз деген уәде берді. Осылайша, парламенттің екі палатасы құптаған заң бойынша спортшыларға әнұранды жатқа білу міндеттеліп отыр. Егер Президент құжатқа қол қойса, әнұранда аузын жыбырлатып тұратын спорт саңлақтары жарысқа жіберілмейді. Читать полностью: http://news.nur.kz/kk/319412.html
31 арна