ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ХАТ
2014 ж. 08 маусым
2907
3
Қазақ спорты жұлдыздарының бірі Меңдіхан ЖӘКЕНОВ қатаң тәртіп колониясында 11 жыл жазасын өтеуге кесілді...
...Мен Меңдіхан ЖӘКЕНОВпен 1998 жылы таныстым...
Ол кезде Меңдіхан 16 жасар өрімдей бозбала. Орал қаласындағы Айтиев көшесінде орналасқан қалалық спорт залында жасөспірімдер арасындағы күресте 1-ші орынды жеңіп алды.
Сол кезде өзі жұдырықтай жұп-жұмыр әрі сүйкімді баланың болашағынан зор үміт күтіп: «Осы бала түбінде топты жарып, қазағын әлемге танытар-ау» деген ой-сеніммен өзіме мүлдем беймәлім балақай Меңдіхан туралы «Айғақ» газетіне мақала жазып, суретімен жарияладым. Сол жылы тағы бір кездескенімде Меңдіханнан алған қысқаша сұхбатым Оралдан шығатын «Еділ-Жайық» газетіне басылды.
Уақыт өте келе Меңдіханның спорттағы әйдік жетістіктері мен айқын жеңістері туралы сыртынан көп естідім. Кейінірек Меңдіханның біздің отбасылық аралас-құралас жақын досымыз, қызым Інжудің кіндік шешесі Райхан СЕЙІТҚАЛИЕВАның туыс інісі екенін біліп, Райханның жанұясында болған той-томалақтарда кездесіп тұрдық. Меңдіхан мен Ләззат келінім әрдайым «ағалап», сыйлап тұратын.
...2006 жылғы мамыр айының бір кешінде менің үйіме Меңдіхан Райхан апасымен келіп, облыс спортшыларының жетістіктерін насихаттайтын «Спорт» газетін шығаруды ұсынды. Облыс спортының жетекшісінің арнайы басылымға қаржы тауып беретіндігіне сендірді.
Мен уәдемді беріп, «Спорт» газетінің екі санын шығардым. «Бастаманың басында жүрген дәнекері ғой» деген оймен газеттің №1 санында Меңдіханның сол кездегі облыс әкімі Н.Әшімовпен түскен суретін жарияладым.
Бірақ, өкінішке қарай, ұлықтардың сертіне селкеу түсіп, газеттің ғұмыры тым қысқа болды...
Әйткенмен, Меңдіхан Жәкенов талантты спортшы ретінде жас мемлекетіміздің беделін асырып, мерейін тасыту ға орасан тер төкті. 2001-2002 жылдары 2 мәрте Әлем чемпионы, 2000-2003 жылдары 3 мәрте Азия чемпионы, 1998-2003 жылдар аралығында 7 мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды.
Академиялық есу, садақ ату, велоспорт, грек-рим күресі, самбо, көгалдағы хоккей, еркін күрес, байдарка мен каноэ есу, пауэрлифтинг секілді 10 бөлімі бар Облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің директоры қызметінде Меңдіхан өзінің жетекшілік қабілетін де көрсетті.
...Әттең, жайсыз жаңалық жай түскендей әсер етті. Аймақтың ғана емес, иісі қазақтың намысын жыртып, мақтанышына айналып үлгерген атақты спортшы Меңдіхан Жәкеновтың биікке самғаған қыраны бір сәтте жебе тиіп, жерге ылдилағандай күй кешті...
Басылым беттері аш бөрідей шулап қоя берді: «Батыс Қазақстанда облыстық спорт басқармасының басшылығы «бюджет қаржысын жеп қойды» деп айыпталып жатыр. Бұрынғы басшы бастаған төрт адам ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бюджет қаржысын қымқырған. Тағылған айыптың ішінде жалған іссапарлар ұйымдастыру, жарамсыз ғимаратты жоғары бағаға сатып алу, қонақтар күту, қымбат сыйлықтар жасау және т.б. бар.
Шенеунік талай мықты спортшыға ат мінгізіп, талай әншіні ауласына әкеп ән шырқатқан. Оралға олимпиада, әлем чемпиондары, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары келген. Атышулы бокс шебері Серік СӘПИЕВке асыл тұқымды ат мінгізілген. Серік тұлпарды алып кете алмаған соң, оның құнын қаржылай қалтасына салынған. Әсет МӘМБЕТОВке де дәп сондай құрмет көрсетілген.
Облыстағы үлкен спорттық шаралардың шашбауын көтеруге отандық эстрада жұлдыздары Роза РЫМБАЕВА, Медеу АРЫНБАЕВ, Мәдина СӘДУАҚАСОВА, Шахзода, басқа да әншілер, сонымен қатар, жарыстарды жүргізуге республикаға танымал комментаторлар мен БАҚ өкілдері шақырылып, бағасы қымбат қонақ үйлерге орналастырылып, «Галактика», «Парк отель» секілді қымбат мейрамханаларда тамақтанған.
Облыс спортына бөлінген қаржыны оңды-солды шашып, сыбайластарымен шетелде демалыстарын өткізген спорт басшылары өздерінің имидждерін көтеруді ойлап: «Жайықтың жомарт жігіттері» деген жалған атаққа ие болған...»
...Не керек, алған атақ та, бедел мен баға да құмға сіңген судай лезде ғайып болды. Әділдігін Жаратқан Иеміз ғана біледі, бірақ, «Екі түйе сүйкеніп, ортасында шыбын өлді» ме, әлде, әлдеқандай жазымның жазмышы ма, әйтеуір, қазақ спорты жұлдыздарының бірі аспаннан ағып түскендей төменге құлдилап, Меңдіхан ЖӘКЕНОВ қатаң тәртіп колониясында 11 жыл жазасын өтеуге кесілді...
...Отызында орда бұзып, қылшылдаған қуаты толысқан шағында қапелімде қапасқа түскен екі ұлдың әкесі Меңдіхан Жәкеновтен таяу күндері ойламаған жерден аманат-сәлемдеме алдым...
Ұлтының мерейін асырып, намысын қорғаған жігіттің қапастағы қам көңіл, қапалы күйдегі «Түсінбедім тағдырдың ағымына...» деп атаған өлеңін оқып, менің де жаным күйзелді...
...Түсінбедім тағдырдың ағымына,
Әдейі құрастырған «шағымына»...
«ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП» АТАНДЫҚ - ТАБАН АСТЫ,
Қалайша тежеу қоям сабырыма?!.
Күйікті ой мені қатты мазалады,
ЗАҢ ҚАШАН ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕН ТАЗАРАДЫ?..
ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫ ҮШІН
ТЕР ТӨГІП ЕК,
АЛ, БІЗДІ «ЖЕМҚОРЛАР» ДЕП ЖАЗАЛАДЫ?!.
«ҚАЗАҒЫМ» ДЕП, «ЕЛІМ» ДЕП ЕР ДЕ ЖЕТТІК,
Ұлтымыздың жүрегін елжіреттік...
Жас ұрпақтың рухына қуат қосып,
Көк байрағын биікке желбіреттік!
Елімнің – ерлігіме алғысы ма?
ЗАМАННЫҢ БАСЫМ ҚАТТЫ ЖАРҒЫСЫНА?!.
Бәрібір, «қазағым» деп елжіреймін,
Қалмасам болды елімнің қарғысына...
...Жүргенмен жігерім де үгітулі,
Тастаман «ұлтым» дейтін ұлы туды!
Ақ пен қара ерте-кеш анықталар,
Үзбеймін әділдіктен үмітімді!
*******************************
...Елбасының Жолдауын қуаттадым,
Есімде елмен өткен шуақ шағым...
ЕЛ АМАН, ЖҰРТЫМ ТЫНЫШ - БОСТАН КҮННІҢ
Қадірін бағалаңдар шырақтарым!
Елдіктің қасиетін елеңіздер,
Ел менен Елбасымыз – тел егіздер!
Отыз пайыз бұқара салауат боп,
Жүз пайызың Елбасын демеңіздер!!!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛA