Спорт пен саясаттың арасы неше елі?
2014 ж. 31 наурыз
5793
4
Қазақ халқының да ұлттық спорты болғаны: қазақша күрес, көкпар тарту, теңге алу, дойбы, тоғызқұмалақ тағы басқа ойындары соның айқын жарқын көрінісі. Тіпті балалар ойнайтын асық ойынының өзінің де бала денсаулығын арттыруға өте зор пайдасы бар екендігі де еш дау тудырмаса керек. Бұл кешегі «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген солақай пікірдің, қазақ ұл-қыздарын тек қой соңына салып қойғысы келген теріс пікірді жоққа шығарғандай. Сонау патшалық кезеңнің өзінде-ақ әлемде «ҚАЗАҚ» деген ел бар екенін бүкіл дүниеге паш еткен балуан атамыз күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының даңқы келер ұрпаққа орасан зор үлгі, ешқашанда өз мәнін жоғалтпаса керек. Кешегі Кеңес үкіметі кезеңінде де спортқа айрықша көңіл бөлінгені, спорттың өзіндік бір даму кезеңінен өткені белгілі. Сол дәуірдегі қазақ елінің даңқын бүкіл әлемге паш еткен қазақтың ұл- қыздары: Ж. Үшкемпіров, Ш. Серіков, С. Қонақбаев, т.б бағындырған шыңдарын айта берсек орасан жетістіктеріміз бар екеніне көз жеткіземіз. Сонау 1980 жылғы өткен Москва Олимпиадасында С.Қонақбаевтай саңлағымызға қиянат жасалып күміс жүлдегер атанған кезде он бестегі бала болсақ та көзімізге жас келген, өйткені Серік біз үшін мақтаныш еді, Серік жеңілді дегенге сенбей, балалық қиялымыздағы алтынымызды сыйлаған едік, міне, спорттың құдіреті! Қазіргі еліміз өз Тәуелсіздігін алған уақытта кезінде балуан болған Елбасымыздың спортқа деген көңілі де ерекше екені белгілі, елімізде салынып келе жатқан спорттық кешендер соның айқын куәсі. Қазақстан ұлттық құрамасының талай дүбірлі бәсекелі сайыстарда топ жарып жүргені сол салаға деген көңіл бөлінуінің, сүйіспеншіліктің нәтижесі. 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында он екінші орынға табан тіреу ол біздің тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін зор мәртебе екені, қазақ елінің тарихына алтын әріппен жазылып қалатын спорт саласындағы орасан зор жетістігі. Мен де спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтардың бірімін деп айта аламын, тіпті ердің жасы елуге тақап қалсам да, әлі күнге ұлдарыммен бірге жағаласып сайысқа түсіп жататыным да бар. Балаларым да спортқа жақын жүр, жетістіктері де жоқ емес, үлкен ұлым кикбоксингпен айналысса, кенже ұлым дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Әр пенденің бойында бір өзін толғандыратын ойы болады, мен де сол өзіме маза бермей жүрген ойымды сіздермен бөліссем деген оймен тағы да қолыма қалам алдым. Сіздерге ұғынықты болуы үшін ептеп артқа шегініс жасай кетейін. Кешегі кеңес үкіметі заманында спортпен айналысатын балаларға жетістіктеріне қарай: кеуделеріне тағатын «1- Разряд», «2- Разряд», «3- Разряд» және «кандидат в мастера спорта», «мастер спорта» төсбелгілері болушы еді.
Осы төсбелгілерді тағып жүрген құрбыларымызды көріп қатты қызығатынымызды неге ұмытайық, ал қазіргі уақытта мен балалардан ондай спорттағы жетістіктерін көрсететін төсбелгілерді көре алмай жүрмін. Әрине спорттағы жетістігін көрсететін куәліктер беріледі, бірақ ешкім де өз куәлігін көрсетіп өзінің жетістігін айтып айқайламайды ғой. Егер спортшы балалар өзінің спортта жеткен жетістігін көрсететін төсбелгісін тағып жүрсе, ол дегеніміз жанындағы құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні-қарындастарының қызығушылығын оятып спортқа жетелер еді ғой. Маған спортқа деген, салауатты өмір салтына деген насихаттың, тәрбиенің, өскелең ұрпақтың дені сау, шыныққан азамат болып өсуінің бір шеті осында жатқандай болып көрінеді. Әйтпесе, әр салада еңбегім сіңді деп өз жетістіктерін тағып алып тойға барса да, жаназаға барса да тағып жүргендер де жоқ емес. Артық айтсам кешірім өтінем, тек біз кейде өзімізді ғана ойламай жастарға да өз жетістіктерін көрсетуіне жағдай жасайық! Мен осыны ойлай келе қаламыздағы спорт мамандарымен кеңесіп едім олардан жарытымды ауыз толтырып айтарлық жауап ала алмадым, тек ғаламтор арқылы «СПОРТ ШЕБЕРІ» деген төсбелгіні ғана таптым. Осы белгінің өзі де маған әлі де біздің өз ұлтымызға тән емес, сол кеңес дәуіріндегі: Суворов, Кутузов ордендеріне тән немесе пионер төсбелгі формасына тән белгілерді елестетіп тұратындай.
1,2,3 дәрежелі спорттық төсбелгілер көрші Ресей мемлекетінде қабылданып қолданысқа еніп жүр. Демек олар бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр, ал біз болсақ ылғи екінші орында жүретініміз қынжылтады. Ұлы жазушы М.О.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген асыл сөзі бар. Бұл арада мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын, менің ойымша, төсбелгі бір қарағаннан-ақ өзінің қай елден екенін көрсетіп тұруы керек. Өйткені қай дүбірлі жарыс болмасын жеңімпазды мадақтаған кезде сол елдің байрағы көтеріледі ғой, елдің байрағына мемлекеттің атын жазбайды, ал төсбелгі сол елдің байрағының әр спортшының кеудесіндегі кішкене бір бөлшегі ғой. Ол әрі қарапайым және ұлттық нақышта көмкеріліп, «Қазақстан» деген атауды өзінің жасалу ерекшелігімен-ақ білдіріп тұрса. Өйткені спорт дегеніміз бар халыққа тән ортақ дүние ғой. Осының бәрін ойлай келе, мен өзім жасаған жобаларымды спорт министрлігіне ұсынып едім, жауап жоқ.
Спорттың да елдің дамуына өзінің қомақты үлесін қосатынын ешкім де жоққа шығара алмас, өйткені дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтары көп елдің болашағы да зор. «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз, отыз дамыған елдің қатарына кіруге ұмтылып отырмыз. Демек саналы, шыныққан ұрпақ қана сол деңгейден көріне алады, сонда ғана біз мәңгілік ел бола аламыз. Біле білсек, спорттың өзі үлкен саясат. Осы айтқаныммен келісесіздер ме, құрметті алаш жұрты?!
Ерлан Әмірбеков,
Семей қаласы