Ұлттық спорттың үздіктері марапатталды
2013 ж. 27 желтоқсан
1468
0
Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Спорт дене шынықтыру істері агенттігі, «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлері бойынша жыл үздіктері анықталып, оларға «Алтын тұғыр» арнайы сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді.
Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек: «Нұр Отан» халқымыздың төл өнері мен мәдениетін сақтап дамыту бағытындағы барлық бастамаларға әрдайым қолдау білдіреді. Жуырда қабылдаған саяси Доктринада ұлттық болмыс мәселелері басым бағыттар ретінде айқындалған. Партияның міндеті - қоғамды жаңғырта отырып, мәдениетіміз бен өнердегі ерекшеліктерімізді сақтау. Бұл дамудың маңызды моделі болып табылады», - деп атап өтті.
Сонымен қатар, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы спорт саласына ерен еңбек сіңірген спортшыларды, спорт жанашырларын «Елімжан» арнайы әзірленген төсбелгісімен марапаттады.
«Елбасының қамқорлығының арқасында елімізде спорт саласы дамуда. Ұлттық спорт түрлері маңызы зор, тәрбиелік мәні бар құндылық болып табылады», - деді Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев.
Шарада көкпар, жекпе-жек, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, асық ату секілді ұлттық ойындарымызда өз өнерімен дараланған спортшылар үздік деп танылып, «Алтын тұғыр» арнайы сыйлығы табыс етілді. Атап айтсақ, жүлдегерлер қатарында Құлажан Тоғайбаев, көрермен көзайымына айналған Александр Пупенко, Нұрдәулет Момынов, Бейбіт Ыстыбаев, Сырым Ізбасқанов секілді саңлақ спортшылар бар.
Сонымен қатар үздік жаттықтырушылар, бапкерлер, осы салаға қалам тербеп жүрген тілшілер де назардан тыс қалған жоқ, деп хабарлады Baq.kz .