Спорт саласында менеджмент жүйесін қалыптастыру қажет

Спорт

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен «Даму» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының мүшелері Н.Жазылбеков пен А.Әбілдаев, партияның Алматы қаласы бөлімшесінің төрағасы А.Линник және әртүрлі спорт федерацияларының жетекшілері мен еліміздің танымал спортшылары қатысты.

Іс-шараны Мәжіліс депутаты Н.А.Жазылбеков ашты. Басқосуда дене шынықтыру мен спорт туралы заң жобасының артықшылығы мен кемшілігі, еліміздегі спорт жағдайы, жаппай дене тәрбиесі дамуының әлеуметтік негіздері талқыланды. Бүгінгі таңдағы еліміздегі спорттың жағдайы және оны дамытудағы проблемалық мәселелер жайлы Г.Сүлейменов (ауыр атлетика федерациясы), А.Квасов (теннис федерациясы), Р. Байсеитов (гандбол федерациясы) сынды спорт федерацияларының өкілдері баяндады. Спорт ғылымы дамуының мектептен бастау алатындықтан, жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап, спортқа баулу қажет деген пікір айтты. Сонымен бірге, спорттық мектептерді қаржыландыру қажеттілігі мен Олимпиада чемпиондарына қолдау көрсету мәселесін көтерді. Бейжің Олимпиадасының чемпионы, «Ақ жол» партия­сының мүшесі: Бақыт Сәрсекбаев былай деді: «Әрбір қазақстандықтың рухани және физикалық дамуы – ең өзекті мәселе. Оның негізі – спорт пен денешынықтыруды дамытуды қолға алуда жатыр. Бұл үшін не істеу керек? Бірінші кезекте осы саладағы менеджмент жүйесін қалыптастыру қажет. Барлық жерде спорт бағдарламаларын көтеру керек. Бұрын болған спорт және көпшілік мәдениетті қолдау принциптерін қайта жандандыру керек. Қазақстан үлкен спорт державасы болса екен деп армандаймыз. Ол үшін халықаралық және отандық тәжірибеге негізделген қолайлы жүйе құру керек. Ауылдардан бастап үнемі спартакиаданың түрлерінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстар өткізіп тұру қажет. Сондай-ақ, барлық ауылдарда, аудан орталықтарында спорт алаңдарын, спорт залдар салу керек, бұл үшін көп қаржы да қажет емес. Біз әлем және олимпиада ойындарының чемпиондарын көптеп дайындауды негізгі мақсат етіп қоюымыз керек. Қазақ емес, біздің мемлекетіміздің атынан қатысқан легионерлер бізге жеңіс алып беріп жатқан кезде мен ұялып кетемін. Сонда қазақтар жеңе алмай ма? Жоқ, жеңе алады! Тек өсіп келе жатқан буынға, спортшыларға қажетті қолдау көрсетіліп отырған жоқ» – деп өзекті мәселелерді көтерді. «Спорт – бұл спорт, ал ел беделі үшін оның үлкен маңызы бар» – деп Елбасымыз айтқандай, өсіп келе жатқан жастарымыздан олимпиада чемпиондарын даярлау, ертеңшіл өр ұрпақ тәрбиелеу, еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында екенін бүгінгі ұрпақ санасына құйып отыру – әр қайсымыздың ең басты азаматтық борышымыз екенін, осы дөңгелек үстелге қатысушылар ашық айтты. Дөңгелек үстел жұмысында елімізде спортты дамытуға әрдайым күш салу қажеттілігі айтылып, тиісті шешім қабылданды.

Мадина ИМАНҚҰЛҚЫЗЫ,

өз тілшіміз,

Алматы қаласы