Әлем алыптарын жеңсем де, Сақжандай саңлақты жеңе алмадым

палуаннн

Әбілсейіт Айханов... Бұл есіммен қазақ елі өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері тереңірек таныс. Боз кілемде олжа салып, қазақ атын әлемге танытқан қапсағай денелі балуан Балуан Шолақ, Қажымұқандардан қалған бекзат өнерді мирас етіп, өзінің тектілердің тұяғы, асылдардың сынығы екенін дәлелдеген. Қазақ намысын ту етіп, талай жарыстарда топ жарды, ел мерейін үстем етті. Табан күстеп, топырақ тозаңын шығарған талай қарадомалақ осы алыпқа еліктеді. Айханов болып күресті, Әбілсейіт болып алысты. Бұл саңлақ спортшыға деген мұқым елдің ықыласын білдірсе керек.

– Мен 1938 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Сарқант ауданында дүниеге келгем. Отбасында 6 ағайындымыз. Әкем Рүстем елге сыйлы, айналасына ықпалды кісі болған. Бірақ сұрапыл соғыс 1943 жылы Ленинградтың тұсында әкемді жалмады. Ол кезде мен небәрі 5 жаста едім. Қаралы қазаны бізге ешкім жеткізбеді. Себебі, ол кезде фермада жұмыс жасайтын кыз-келіншектердің көбісі отағаларынан айырылып, зар жылап жатқан шақ болатын. Барлығында шиеттей бала-шаға. Қамқорлығына алып, қол ұшын созатын жан жоқ. Қиын қыстау кезең. Сол себептен біздің ағайындар әкемнен келген қарақағазды алып жасырып қойыпты. Әкеден ерте айырылып, анамның жүрегіне қаяу түсір­меу үшін жастайымнан еңбекке жеңілдім. Әсіресе есеп-қисапқа келгенде алдыма жансалмайтынмын. Физика, математика сынды күрмеуі көп ілімдерді ұршықша иіргем. Барлық заңдылықтарды жатқа соғатынмын. Тіпті ұстаздар қауымынан да оқ бойы озық болған кездерім де бар. Мысалы, 10 сыныпты аяқтауға жақын қалғанда бір жас апай сабақ беруге келді. Жоғарғы оқу орнын жаңадан бітіріп келген, өзіміздің құрдас секілді. Сабақ түсіндіріу барысында тақтада бір есепті қате шығарды, «тәте, анау жері дұрыс емес қой», - деп едім, маған ренжіп бірден директордың алдына алып барды. Ол есепті екі ауылдың математика ұстаздары бірігіп отырып шығара алмаған болатын. – Есепті сіз шығара алдыңыз­ба? – Әрине. Сол есептің шешуін мен тауып мен шығардым. Санға келгенде шашама шаң жұқтырмайтынмын. Мектеп мұғалімдері келешекте ғалым болады деп айтатын. Бірақ менің бала кезден арманым – спортшы болу еді. Бұған дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Николай Серебрянниковтың ықпалы көп болды. Ауыл балаларын салауатты өмір салтына дағдылаған Степанович «спортпен шұғылдан» деген сөзін аузынан түсірмейтін. Соның әсерінен, мектепті үздік тәмәмдап, 1957 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтына оқуға түсуге келдім. Өзімді сақадай саймын деп ойлағам. Ақырғы физикадан болған сынақта батпан тасты арқаға салғандай болдым. Сүрінуге шақ қалғанымда, басқа бір билет алайыншы дедім, «Жоқ болмайды»,- деп айтқан сөзінен қайтпай тұрып алды. «Жылы-жылы сөйлесен жылан інінен шығады», - демекші әйтеуір жанында қиылып жүріп, қайта билет алуға мүмкіндік алдым. Билетті ашып қарасам, барлық сұрақты білетін сияқтымын. Қосымша тағы 3 сұрақ қойды. Барлық сұраққа тапжылмай тұрып жауап бердім. «Бағана неге осылай жауап бермедің?», - деді. Бұл сұрақтар мектеп бағдарламасында бар деп жауап қаттым. Осылай абдырап қалған сұрақтардың кейін шімірікпестен шешімін тапқам. – Ал, қазақтың ұлттық ойын­дарының бірі күреске қалай келдіңіз? – «Болат кездік қын түбінде жатпайды», деген атам қазақ. Күреске деген икемім осы институт қабырғасында оқып жүргенімде бір-ақ байқадым. Алғашында шаңғышы болып, оқуға алынған мен қапыда күрестен республика біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алдым. Өзім ірі тұлғалы болғандықтан, белдесші деп жолдастарым қолқа салды. Тәуекел қылудан тартынбай, ақырында қола жүлдеге қол жеткіздім. Сөйтіп білгір бапкерлердің көзіне түскем. Әсіресе, алаш атын аспандатуыма Петр Матущак пен Қабден Байдосовтың еңбегі зор. Сол сәттен бастап еркін күреске етене бойлауыма қол ұшын берді. Белдесудің әдіс-тәсілдеріннің анық-қанығын үйретті. – Алғашқы ірі белдесулеріңіз есіңізде ме? – Алғашқы ірі жарысым - Бакудегі КСРО кубогы үшін болған бәсеке. Қарсыласым да сом білекті Александр Иваницкий. Құласаң нардан құла дегендей, КСРО чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Одақ чемпионы болған балуанмен күш сынасқам. Алыптардың айқасын көруге ағылған жұрт орыстың озарынан еш күмәнданбаған еді. Бірақ, Аллаһым қолдап, Иваницкиді алып жықтым. Көрермен қауым таңқалып ұйып қалған. Сол бір сәтті орыс балуаны: «Уақыт жоғалтпай, тез ұтуды көздеп, аяғына ұмтылдым да, жамбастан орап кеудеге қарай тарттым. Қазір аяғын босату үшін әрекет жасайды, сол кезде қақпанға түседі деп ойладым. Ал ол болса, түк болмағандай бір аяғымен орғып жүр. Осылай бір минуттай айқастық, жалғыз аяқпен қарсыласқан қазаққа түк істей алмадым. Менің құрсауымнан босай сала жабайы жылқыша бір қырындап тұра қалды. Ашуға мініп, еңкейе бере оң аяқтан ілгенім сол еді, қас қағымда тобығымнан ұстаған бойда жойқын күшпен аударып тастады. Кезекті шабуылым сәтімен болып, аяғынан тартып қалғанымда Айханов кілемге отыра кетті. Мен оны шалқалата жықсам деп кеудесіне міне түсіп едім, ол аударылып етпеттей жығылудың орнына ұзын қолдарымен мені жамбастан ұстап, аяғымды аспаннан келтірді», - деп жазды. – Жауырыны жер иіскемеген әлем чемпионы Медведьпен кездескеніңіз ел аузында аңыз болып айтылды. Сол белдесу туралы өз аузыңыздан естісек..? – Менің белдесулерімде талай саңлақтың сағын сындырып, талай тіс қаққан балуандардың қабырғасын қайыстырғаным ел есінде. Тіпті кей алыптарды өз жерінде есеңгіретіп кеттім. Сөйтіп рухты қазақтың қайратын таныттым. Халық арасында, әсіресе, қара күш иесі бірі орыстың Медведі екеуміздің арамыздағы айқас аңыз болып айтылады. Атағы жер жарып, дәуірінде дүркіреп тұрған Медведьтің осал тұсын тауып, омақаса құлатқаным есімде. – Александр Медведьті ома­қаса құлату үшін қандай әдіс-тәсіл қолдандыңыз? – Шаршы алаңда айтарлықтай әдіс-тәсіл қолданам деп ойлаған жоқпын. Өзінің бір сәті келіп, қабырғаның үстіне қойдым да құлата салдым. Сол әдісті қолданған кезде бәрі «қабырғасын сындырып жібердің»,- дейді. Бірақ қабырғасын сындырған ештеңем жоқ. Мәкеңнің қабырғасы ауырып қалған. Бірақ, Кеңестік саясаттың салқынынан құрама бапкерлері күшті танылған мен емес, жеңіліс тапқан Александрды әлем чемпионатына ерте кетті. – Бұл сізге ауыр соққы болды ма? – Жоқ. Болмашыға еңсемді түсірмей боз кілемде белдесудің жаттығуларын жасап, денемді ары қарай шынықтыра түстім. Ақырында әлем кубогын жеңіп алған Анатолий Аблуймен, «Танк мира» деген атағы да дардай Кулаевпен 1962 жылы Минскіде кездестім. Ол кезде мен сып-сыйдай баламын, қарсыласым 120 келіні алқымдап тұр. Сол ауыр салмақты алыпты алып жықтым. Кейіннен барлығы сұрайды, «мұндай күшті қайдан аласың»? - деп. «Бұл қазақ баласына тән алып күш»,- деп күлем. Содан бастап ауыр салмақты балуандар менен қорқатын... – Жеңілістің ащы дәмін татқан кездеріңіз болды ма? – Күжірейген төбет секілді қарсы келген арландарымның атақ-даңқына қарамай төпелей жүріп жауырыным жерге тиіп, жеңілістердің де ащы дәмін татқам. Әсіресе, қалақтай қазақ жігітіне дәрменім жетпей, демігіп қалған кезім әлі де есімде. Ол – Балқаш тумасы Сақжан Аманжолов болатын. Күрестің арқасында талай ел мен жерді шарладым. Бірақ, әлемнің қанша алыптарын жеңсем де, бірақ Сақжандай қазақты жеңе алмадым. – Қазіргі белдесулерге көңіліңіз тола ма? – Қазіргі белдесулерді көріп әттеген-ай дейтін кездерім көп болады. Жауырыны жер иіскемей, сәл қисайып жатса бере салады. Ол не күрес? Бұл – қазақ күресін жоғалту. Белбеу күрестің рухы ма, аяғына киген мәсі оның рухы ма? Оның негізгі рухы – амал-айлада. Ал қазіргі таңда «шапан киіп, дүркіреп шықса, міне, осы қазақ күресі»,- дейді. Олай емес қой?! – Боз кілемде белдесуге дайын­сыз ба? – Әрине. Менің жүрегім әрқашанда елім деп соғады. 73-ті алқымдаған шағымда Лондон Олимпиадасына қатысам деп бұлқынғаным – осының нақ айғағы. Менің тұла бойы тұнған күрес. Мен күрес арқылы күллі әлемге танылдым. Сол күрес арқылы даңқты болдым. Әбілсейіт атымды таныттым. Атақ-даңқын желеу етіп, шалқып өмір сүруіне де болады. Бірақ арым жібермейді. Күреске қиянат жасағандай болам. Өзім күресе алмасам да, көңілім күресуге әр уақытта дайын. Бойымда әлі қауқарым бар. Барлығын өскелең ұрпаққа берсем деген үмітім бар. – Қазақтың бекзат өнерін әлемге паш еткеніңіз үшін Қазақ­стан мемлекеті қандай атақ берді? – Саналы ғұмырын қазақтың бекзат өнеріне арнадым. Ол – рас. КСРО халықтары III спартакиадасының жеңiмпазы, КСРО чемпионы, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері атандым. 1970 жылы Кубок СССР-ды жеңіп алдым. Әлем біріншіліктерінде олжалаған медальдарымның санында шек жоқ. Бірақ, мендей тұлға қазір тасада қалып, еліне керексіз халге түсті. 1971 жылы ұлттық құрама сапынан сызып тастады. Әлі күнге дейін «торға қамалған арыстандай» күй кешудемін. Күш атасы – Қажымұқан салған сара жолмен талай жарыстарда топ жарған қазақ саны аз болған жоқ. Мұндайда грек-рим күресінен тұңғыш рет әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ Шәміл Серіков еріксіз еске түседі. Қабден Байдосов, Амангелді Ғаббасовтар да алаш атын әлемге мәшһүр етті. Бірақ осындай тұлғалардың есімі бүгінде ұмыт болып бара жатқандай әсер қалдырады. Әбілсейіт аға да сол лектің қатарына қосылғандай. Қазір отандық еркін күреске басшылық етіп отырғандар Айхановты балуандарды баптауға мүмкіндік бермей отыр. Өйткені «сен тұр, мен атайын» деп алқынған алыптарды алып жыққан Айхановтың ендігі арманы – бойындағы бар білгенін жас балуандарға үйретіп кету. Жеңіс тұғырынан көрінген қарадомалақтардың санын көбейту. Бірақ әзірге ол арман сағымға айналып бара жатқандай. Біздің тілек сол бозарған мұрат құмға сіңбей, Айхановтың айқайы шенділердің жүрегіне жетсе...

Назым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ