Елбасы боксшыларымызға дән риза

 af3435c5e6bbe5666aa55a06be19ea51ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары барысында Әлем чемпионатында төрт алтын, екі күміс және екі қола жеңіп алған қазақстандық боксшыларды құттықтады. «Мен Алматыға елімізде алғаш рет ұйымдастырылған бокстан әлем чемпионатына қатысу үшін келдім. Осы сәтті пайдалана отырып біздің боксшыларымызды тамаша жетістігімен құттықтаймын, олар елімізде бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Қазақстан боксында мұндай жеңістер болмаған. Маған бұған дейін бас-аяғы алты алтын алғанымызды айтты, ал бір ғана жарыста төрт алтын иеленіп, жалпы командалық есепте бірінші орын алған кезіміз болған емес. Мен чемпиондарды шын жүректен құттықтаймын және олардың жетістіктері үшін қуаныштымын. Бұл да Қазақстанды насихаттаудың бір түрі, біздің дамуымыздың айқын айғағы», - деді Мемлекет басшысы. Естеріңізге сала кетейік, 14-26 қазанда Алматыда ересектер арасында бокстан әлем чемпионаты өтті. Он салмақ дәрежесінде Қазақстан он боксшысын шаршы алаңға шығарды. Нәтижесінде ұлттық құрама Қазақстан қоржынына төрт алтын, екі күміс және екі қола салған еді.

bnews.kz