Кім мықтыны анықтайтын «Қазақстан Барысы – 2013».

0
1235

 

Ұлттық спортымыздың бойына қан жүріп, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып жатқандығы баршамызды қуантады. «Қазақстан Барысы» атын алып, қазақ күресінен өтіп келе жатқан республикалық турнир соның айғағы.Үшінші жыл қатарынан өткізілгелі отырған аталмыш жоба Астана қаласының 15 жылдық мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан жобаға биыл 32 балуан қатысып, «Қазақстан барысы – 2013» атағын, «Алтын белбеу» чемпиондық белбеуін, «Тастұяқ» алтынды, шетелдік автокөлік пен 150 мың долларды сарапқа салады. 26-27 маусым күндері еліміздің бүкіл аймақтарынан келетін балуандарды қарсы алу шаралары өтеді.

     Маусымның 26-сы күні Астанадағы «Rixos President Astana Hotel» қонақ үйінің «Orda» баспасөз залында – Қазақстан Республикасы Президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің АҚТЫҚ сынына арналған баспасөз мәслихаты өтті. 

  Баспасөз отырысына ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, «Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметов, Астана қалалық спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасының басшысы Айталап Қорғамбаев, «Астана» ПКСК Бақтияр Артаев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт мырзалар қатысты. 

Баспасөз маслихатында сөз алған «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының Президенді, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев,  өрісі кеңейіп, халық арасында атақты жобаға айналып келе жатқан ұлттық спорттарымызды қолдаушыларға ризашылығын білдірді. Сондай ақ, өзі басқарып отырған «Астана» ПКСК болашақта «Қазақстан барысы» секілді кең ауқымдағы басқа да ұлттық спорттық ойындарымызды, соның ішінде «Көкпар» ойынын клуб қарамағына алып, өткізуді жоспарлап отырғандығын айтты.

Сондай ақ, тағы бір қуантарлығы биылғы «Қазақстан барысына» еліміздің көптеген аймақтарынан өз балуандарын қолдаушылар тобы көптеп келуде. Мұның өзі қазақ күресінің абыройының бұқара арасында бұрынғыдан да артып келе жатқандығының көрінісі.

Маусымның 28-і күні «Astana Mall» ОСО-да турнирге қатысушы балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді. «Қазақстан Барысы – 2013» додасы маусым айының 30-ы күні Астана қаласындағы, «Сарыарқа» велотрегіенде өтеді. Ақтық доданың тікелей көрсетілімі ұлттық арналарда болады. Сонымен қатар шетелдіктер үшін алыс-жақын шетел телеарналары да турнир барысын түсіреді. 

Біздің тарапымыздан, жас ұрпақтық ұлттық рухын көтеретін, боз кілемде алыспай беріспейтін балуандарымыздың жеңіске жеткенінің мерейі үстем болып, жеңілгендерінің сағы сынбасын дейміз! 

 

 Пердехан МҰСЫРМАНҚҰЛ

Астана қаласы

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз