Шабытың оянса, шахмат ойна...
2013 ж. 11 маусым
1899
0
Журналистердің төл мерекесі қарсаңында «Қазақ газеттері» ЖШС-іне қарасты «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін тұңғыш шахмат турнирі өтті. Қолына қалам ұстаған жандар белсенділік танытып, жастармен бірге аға буын өкілдері де келіп қатысты
Журналистерге дем беру үшін еліміздің мақтанышы, жас та болса, бас болып жүрген әлемдегі ең жас гроссмейстер, әлемнің төрт дүркін чемпионы 12 жасар Жансая Әбдімәлік келіп ойынды өз бақылауына алды. Шахмат турниріне «Алматы Пана LTD» құрылыс қомпаниясы, «Тұңғыш Президент қорының білім беру қоры», «Extrapress» компаниясы және ҚазҰТУдың спорт кешені демеу болды. Бірінші орын жүлдесі үшін соңғы технологиямен жабдықталған қымбат смартфон тігілді, басқалаларына қомақты қаржылай және ынталандыру сыйлықтары белгіленді. Ұзаққа созылған қызу ойынның нәтижесі мынадай болды: 3-ші орынды Жұмат Әнесұлы, 2-ші орынды Асқарбек Беков алды, ал, жүлделі 1-ші орынға Нұрлан Құмар жетіп, қанжығасына бағалы сыйлықты байлады. Ұйымдастыру алқасы басқа да номинация бойынша сыйлық табыстауды ұмыт қалдырмады. Ынталандыру сыйлығы Ағыбай Мұқатай мен Ғазизбек Ташимбайға бұйырса, жартылай финалға дейін өткен Ибраим Баратовқа арнайы сыйлық табысталды. Тағы бір арнайы сыйлық – «Жеңіске деген жігері үшін» Вадим Махинге табысталды. Турнир барысындағы аға ойыншы Аян Нысаналинге шапан жабылып, Бауыржан Мұқанов ең жас ойыншы болып танылды. Алғаш ұйымдастырылып отырған аталмыш шара жылда өз демеушілерін тауып, дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса игі.
Жадыра ОМАРЖАН