Ермахан Ибраимов: БІЗДІҢ СПОРТ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫ АРҚЫЛЫ ӘЛІ ТАЛАЙ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ
2026 ж. 30 шілде
93
0
Тәуелсіз Қазақстан спортының өткеніне көз жүгіртсек, бүгінгі жағдайға қандай жолмен жүріп жеткенін аңғарамыз. Егемендігін енді ғана алып, ары қарай қалай болып кететінін біліңкіремей тұрған кезеңде ешкімге де оңай болған жоқ. Жас мемлекет сондай қиын жолдан өте білді. Сөйтіп жүріп, басқалармен бірге спортымыз да жетілді. Бүгінде оны дамып жатыр деп айтуға әбден болады.
Сол спорттың өткені қалай болып еді? Бүгінгі жайы не болып жатыр? Болашағынан қандай үміт бар? Белгілі боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы, «Алматы олимпиадалық даярлау орталығы» РМКК директорының орынбасары Ермахан Ибраимовпен осы сауалдар төңірегінде сұхбат құрдық.
Өткен күндер белгісі
– Биыл тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болып жатыр. Өзіңіз спортты сол тоқсаныншы жылдары бастадыңыз. Енді айтыңызшы, осы кезеңде еліміздің спорты қаншалықты дамыды?
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қай сала үшін де оңай болмағаны белгілі. Соның ішінде еліміздің спорты да өте ауыр жолдан өтті. Артта қалған осы 35 жылда Қазақстанды әлемге танытқан Олимпиада чемпиондары, әлем және Азия чемпиондары шықты. Қазақ спортшылары халықаралық ареналарда еліміздің туын талай мәрте биікке көтеріп, әнұранымызды шырқатты.
Атап айтар болсақ, 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Жазғы Олимпиадаға алғаш рет егемен елдің спортшылары ретінде қатысып, 11 медаль жеңіп алдық. Олардың үшеуі алтын, төртеуі күміс, тағы төртеуі қола. Алтын Александр Парыгинге (заманауи бессайыс), Василий Жиров (бокс) пен Юрий Мельниченкоға (грек-рим күресі), екі күміс Сергей Беляевке (оқ ату), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика) мен Болат Жұмаділовке (бокс) бұйырса, Дәулет Тұрлыханов (грек-рим күресі), Владимир Воднев (заманауи бессайыс), Болат Теміров (бокс) және мен – төртеуміз қоланы иелендік. Одан бұрын, 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Қысқы Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирновтың тәуелсіз Қазақстан үшін тұңғыш әрі жалғыз алтынды жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Сол кезде Смирновтың бір өзі тағы екі күміс жүлдеге ие болды. Мен кейін 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында чемпион атандым.
Біз осылайша көтеріле бастадық. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамытуға күш салды. Жаңадан спорт кешендері салынды. Балалар мен жасөспірімдер спортына көңіл бөлініп, олар жарыстарға көптеп тартыла бастады. Биліктің бұл салаға көрсететін қолдауы осы күнге дейін артпаса, еш кеміген емес.
Әрине, кез келген сала сияқты спортта да күрделі мәселелер туындап тұрады. Бірақ ең бастысы – оның дамуы тоқтап қалған жоқ. Бүгінде Қазақстанның аға буын спортшылары жаңа буын спортшыларын тәрбиелеп жатыр. Осылайша еліміз осы салада әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Өз басым Қазақстан спортының алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне сенемін.
Қазіргі кезең
– Қазақстан спортының қазіргі жай-күйі қандай?
– Бізде олимпиадалық спорт түрлеріне де, ұлттық спортқа да қолдау күшейіп жатыр. Әрине, алда атқаратын жұмыс әлі де көп. Резерв даярлау ісін ары қарай жетілдіру, бапкерлердің біліктілігін арттыру, сонымен қатар, спорт ғылымын дамыту керек. Ал осы тұрғыдан келгенде, қазіргі бағыт өте дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет, спортшылар мен спорт мамандары бірлесіп жұмыс істеуін жалғастыра берсе, елімізде осы саланың бұдан да жоғары жетістіктерге жететіні хақ.
– Өзіңіз жетістікке жеткен бокс қазір елімізде спорттың ең мықты саласының бірі саналады емес пе?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бокс – Қазақстанда ең табысты әрі дәстүрі қалыптастырылып, өз бағытын айқындаған спорт түрлерінің бірі. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері қазақ арасында бұл спорттан Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары көптеп шықты. Қазір қазақ боксының әлем бойынша өзіндік орны мен беделі бар екені баршаға аян.
Бұл – спортшыларымыз бен бапкерлеріміздің және бүкіл спорт жүйесінің бірлесіп жасаған жанқияр әрі адал еңбегінің жемісі. Бокста қазіргі уақытта да талантты жастар шығып жатыр. Олардың әлеуеті тіпті жоғары деуге болады. Енді соларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жарыстарға мықты дайындықпен баруына жағдай тудыру қажет.
Одан кейін бокс дегеніңіз өте жоғары бәсекені көрсететін спорт түрі ғой. Бұл жерде жетістікке жету үшін толассыз еңбек пен қатаң тәртіп керек. Кәсіби шеберліктің қажеттігі өз алдына. Осы қағидалар үнемі жадымызда жүрсе, біздің бокстың болашақта да әлемдік аренада алдыңғы қатарлы спорт түрлерінің бірі ретінде көріне берері хақ.
– Бізде күрес те сондай болып тұр...
– Иә. Бірақ бұл боксқа немесе күреске ғана басымдық беріп отырамыз деген сөз емес. Спорттың барлық түріне бірдей деңгейде қарауымыз керек. Мұндайда жан-жақты болған абзал. Сонда ғана биік нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мысалы, биыл 6-22 ақпан аралығында Италияда өткен Қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоровтың ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанғанын білесіздер. Енді біздің спорттың әлі де жан-жақты дами беретіні анық.
Олимпиадаға дайындық
– Олимпиада демекші, сіз бүгінде Олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып отырсыз. Сондықтан мынадай сұрақ туындап тұр: Спортшыларды Олимпиадаға қалай іріктеп, қалай дайындайды?
– Олимпиадаға дайындық – ұзақ мерзімді және жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс. Оның әрі өте жауапты жұмыс екені өз алдына. Спортшылар Олимпиадаға ең алдымен халықаралық және республикалық жарыстардағы нәтижелеріне қарай іріктеледі. Олардың қаншалықты шыныққаны, әлеуеті, психологиялық дайындығы қай деңгейде деген мәселелер, жалпы, барлық жағдайы жан-жақты тексеріледі.
Содан сүрінбей өткен спортшылар олимпиадалық резерв құрамына кіреді. Сосын олар үшін арнайы оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Оған мықты жаттықтырушылармен бірге массажшылар, психологтар, ғылыми-әдістемелік мамандар тартылады. Дайындық кезеңіндегі жаттығу бүгінгі күннің талабына сай етіп ұйымдастырылған. Онда әр спортшыға жеке бағдарлама әзірленген.
Орталықтың басты мақсаты – әр спортшының Олимпиадаға жоғары дайындықпен баруын қамтамасыз ету. Ол – тұтас команда болып атқаратын жұмыс. Билік тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Осындай үлкен дайындықтан кейін Олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жетуге мол мүмкіндік туады.
– Ал 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өтеді делінген кезекті Жазғы Олимпиадаға дайындық қалай жүріп жатыр? Енді қалған екі жыл тез-ақ өте шығады ғой...
– Иә, уақыт өте тез өтетіні рас. Сондықтан Лос-Анжелес Олимпиадасына әзірлік қазірдің өзінде қызу жүргізіліп жатыр. Олимпиада бір-екі ай дайындалып бара салатын жарыс емес. Бұл бірнеше жыл бойы жүйелі еңбектенуді қажет етеді.
Қазір біздің спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, рейтингтік ұпай жинап, лицензиялық турнирлерге дайындалуда. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, әр спорт бойынша дайындық жоспарлары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Біз Олимпиадаға ең мықты әрі бәсекеге төтеп бере алатын құраманы апаруды басты мақсат етіп отырмыз. Жас және тәжірибелі спортшылар бір-бірімен керемет үйлесімде болады деп санаймыз. Сол үшін де мамандардың бәрі жабылып, уақыт оздырмай жұмыс істеуде. «Жабыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай қыруар еңбектен кейін Қазақстан құрамасы Лос-Анжелес Олимпиадасында лайықты нәтиже көрсетеді деп сенеміз.
Болашақтан үміт мол
– Енді ел спортының болашағы қандай болады деп ойлайсыз?
– Мен өзім Қазақстан спортының болашағына үлкен сеніммен қараймын. Қазір елімізде талантты жастар өте көптеп саналады. Оларды ерте жастан анықтап, сапалы дайындық жүйесін одан әрі де жетілдіре берсек, халықаралық додалардағы жетістіктеріміз арта түсетіні анық.
Мемлекеттің спортқа жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын жоғарыда айттым. Жаңа спорт нысандары салынып, бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спортына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағдай бізді болашақ жетістіктерге жетелейді. Қазақ спорты әлі талай жеңіске жетуге тиіс.
Бұл жерде ең бастысы – сабақтастықты сақтау деп ойлаймын. Тәжірибелі мамандардың білімі мен білігін жас буынның бойына дарытып, ғылым мен заманауи әдістемелерді тиімді пайдалана білсек, Қазақстанның спорты әлдеқайда жаңа деңгейге көтеріле алады. Мен жақын болашақта қазақ спортшылары әлемдік ареналарда бүгінгіден зор жетістіктерге жетіп, көк байрағымызды талай мәрте биікте желбірететініне сенгім келеді.
– Спортты одан әрі дамытуға қатысты қандай ойларыңыз бар?
– Кәсіби спорттың бұқаралық спорттан бастау алатыны айтылып жүр ғой. Менің де ойым сонымен мағыналас. Жоғарыда айтқанымдай, баланы спортқа ерте жастан бастап баулу керек. Оның шынығуына қолайлы жағдай жасап, ауыл-аймақтағы спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі жетілдіре берген жөн.
Сонымен қатар бапкерлердің біліктілігін арттыруға, спорт ғылымын дамытуға, осы заманның әдістемелері мен дәрігер көмегін кеңінен қолдануға басымдық берген абзал. Мықты спортшыларды іріктеу және оларды үздіксіз қолдау ісі де тұрақты жетілдіріліп отыруға тиіс.
Жалпы, спортты тек барып, медаль алатын жарыс ретінде ғана емес, ұлт саулығы мен ел болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырған дұрыс болады. Сонда бұқаралық спорт та дамиды, жоғары жетістіктер спорты да жаңа деңгейге көтеріледі.
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні