ҚАЗАҚСТАН ПАРАВОЛЕЙБОЛДАН ӘЛЕМНІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ!
2026 ж. 17 шілде
79
0
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен параволейболдан әлем чемпионаты Қазақстан спортының тарихындағы айтулы жетістікпен аяқталды. Әлемнің 78 құрамасы арасынан іріктелген үздік 16 команда бақ сынаған дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
Қазақстан құрамасы турнир барысында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Отандастарымыз Хорватия, Ирак, Руанда және Польша құрамаларын сенімді түрде жеңіп, жүлделі орындар үшін күреске жолдама алды. Ал үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде әлемдік деңгейдегі мықты командалардың бірі саналатын Бразилия құрамасын ұтып, тарихи қола медальға қол жеткізді.

Бұл жеңіс – тек параспорттың ғана емес, тұтас Қазақстан спортының үлкен жетістігі. Әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізу арқылы ұлттық құрама халықаралық аренада еліміздің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы тарихи оқиғаға байланысты "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Қазыбек Иса Қазақстан құрамасын құттықтап, олардың жеңісіне жоғары баға берді.
«Керемет тарихи жеңіс! Бүгін Қазақстан спортшылары волейбол тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл жарысқа әлемнің 78 командасы ішінен іріктелген үздік 16 команда қатысты.
Алаш арыстандары, зор жеңістерің құтты болсын! Параволейболдан Бразилия құрамасын жеңіп алған әлем чемпионатындағы қола медаль – тарихи жеңіс! Мүмкіндіктерің шектеулі емес, шектеусіз екенін көрсеттіңдер, батырлар!
Өйткені Қазақстанның кәсіби волейболы да, футболы да, баскетболы да әзірге мұндай жетістікке жете алған жоқ әлі! Футболшыларымыз жүлде алмақ түгілі, әлем чемпионатына қатыса да алмай келеді әлі.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыннан сүйінші сұрадық! Министр “Бұл тарихи жетістік!”-деп бағалады!
Әрине, тарихи жетістік! Сондықтан, әлем чемпионаты жүлдегерлерін лайықты қарсы алу керек ертең Алматыда!
Бауыржан Тахауов бауырымыз бастаған Қазақстан параволейбол құрамасының жігіттері түгелдей қазақтар, "Ақ жол" партиясының мүшелері. Әлем чемпионатының жүлдегерлері – ақжолдықтарға әрдайым Ақ жол тілейміз!
Қазақстан спорты дами берсін! Көк туымыз көкте мәңгі желбіресін! Келесі белестерде әлем чемпионы, Паралимпиада жеңімпазы атаныңдар! Алла жар болып, жұлдыздарың жарқырай берсін!» – деп жазды Қазыбек Иса әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстан құрамасының бұл жетістігі елдегі параспорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Спортшылардың қажырлы еңбегі, табандылығы мен жеңіске деген жігері әлемдік деңгейде өз нәтижесін берді. Бұл тарихи қола медаль болашақ спортшыларға үлкен жігер сыйлап, Қазақстан параволейболының жаңа жеңістерге бастайтын маңызды белесі ретінде ел тарихында қалары сөзсіз.
Қазақ үні