Қазақстандық спортшылар АҚШ-та өткен Worlds 2026 әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді

Қазақстандық спортшылар АҚШ-та өткен Worlds 2026 әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан әлемдегі ең беделді әрі бәсекесі жоғары жарыстардың бірі – Worlds 2026 әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл додаға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар қатысады.

Тарихи табысқа қазақстандық спортшы Алинұр Қуатұлы қол жеткізіп, 70 келіге дейінгі салмақта қоңыр белбеулілер арасында алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстан, Орталық Азия және ТМД елдері тарихындағы аталған санат бойынша Worlds әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлде болды.

Қазақстан құрамасының жетістігін Сейілхан Болатбек жалғастырып, 76 келіге дейінгі салмақта қоңыр белбеулілер арасында алтын медаль иеленіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Ал Батыр Теңізбай 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанып, ұлттық құраманың қоржынына тағы бір медаль салды.

Осындай жоғары деңгейдегі турнирде бірден екі алтын және бір қола медаль жеңіп алу – қазақстандық және жалпы Орталық Азиядағы бразилиялық джиу-джитсу тарихындағы ең маңызды жетістіктердің бірі. Спортшылардың бұл нәтижесі отандық атлеттердің дайындық деңгейінің қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетіп, Қазақстанның осы спорт түрі бойынша әлемдік аренадағы беделін одан әрі нығайтты.