МЕМЛЕКЕТТІҢ МИЛЛИАРДТАРЫ НЕГЕ МАҚСАТСЫЗ ЖҰМСАЛАДЫ?
2025 ж. 17 ақпан
544
0

Футболшы дайындау үшін мемлекеттің қаншама құрылымдары мен қаржысы жұмылдырылып, жұмсалса да отыз үш жыл бойы әлі олимпиадаға да, әлем чемпионатына да қатыса алмай келеді. Министрлік, комитет, басқармалар, дирекциялар, федерация, сдюсшор секілді құрылымдар отыз үш жыл бойы еңбектенсе де дүбірлі әлемдік додалардың бетін көре алмады.
Осы мақсатта жұмсалған миллиардтаған қаржыға мемлекет неге сұрау салмайды? Президент Қ.Тоқаевтың төрт-бес мәрте берген «оценки эффективности» туралы берген тапсырмалары неге орындалмайды?
Егер осынау қыруар қаржыдан отыз үш жылда нәтиже шықпаса, жұмыстың өнімділігі, тиімділігі туралы тексеріліп, босқа жұмсалып жатқан бұл қаржыны неге тоқтатпайды? Мемлекеттің қаржысы неге тиімсіз жерге жұмсалады? «Сдюсшор» деген – (Специализированные детско-юношеские (спортивные) школы олимпийского резерва) бұқаралық спорт емес, арнайы мамандандырылған олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебі. Ал отыз үш жылда ең құрығанда бір мәрте олимпиадаға қатыса алмаса, сонда бұл осыншама ұлан асыр қаражат пен ресурс неліктен мақсатсыз шашылады?!
Кеңес дәуірінен бері қалыптасқан Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған арнайы спорт мектебі арқылы олимпиада резервіне футболшылар дайындау үшін бюджеттен отыз үш жыл бойы қаржы бөлініп келді. Алайда отыз үш жыл ішінде әлі күнге дейін бірде бір футболшымыз олимпиадаға қатыспады, әлем чемпионатына қатыспады. Сонда бұл мамандандырылған спорт мектептері отыз үш жыл бойы не дайындады? Кімдерді дайындады? Бюджет қаржысының сұрауы қайда? Талап қайда? Неге тиісті лауазым өкілдері мен мамандар өз міндеттерін атқармайды? Бұл қаржы бұқаралық спортқа бөлінген жоқ. Арнайы спортшы дайындау үшін бөлінген. Осы арасын нықтап, ажыратып түсінген дұрыс.
Егер орташа есеппен бір олимпиада резервіне дайындайтын арнайы мамандандырылған спорт мектебін (БЖМОРСМ) жылына отыз бес утболшы бітіріп шықса, шамамен, 100 БЖМОРСМ-дан 3 500 футболшы бір жылда бітіріп шығады екен. Егер оны отыз жылға көбейтсек, 105 000 футболшы дайындалды деген сөз. Бұл бір ғана БЖМОРСМ бағыты бойынша ғана айтып тұрмыз. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттер арқылы дайындалып жатқан футбол орталықтары мен футбол академияларын қосқан жоқпыз.
Олимпиада резервіне дайындалған жүз мың футболшысының біреуі олимпиадаға қатыспауын кім түсіндіріп бере алады? Ал оған бөлінген қаржының есебін шығаруға менің калькуляторымның шамасы жетпей ме деп қорқамын. Мемлекеттің қаржысына неге бақылау қойылмаған? Белгілі бір уақытты белгілеп, қадам қадаммен нәтиже көрсету неге талап етілмеген? Жұмыстың өнімділігі қайда? Бұл БЖМОРСМ-тың шығайы бағасы – олимпиада резервіне емес, бұқаралық спортқа «футболшылар» дайындаған. Бұл шектен шыққан ұят. Бұл жүйенің ешқандай нәтиже бермегені үшін – БЖМОРСМ-ны тек жабудан басқа шара жоқ. Себебі, бұқаралық спортқа бөлініп жатқан қаржы да аз емес (Дамубала, Артспорт), жүз миллиардтап саналады.
Ендеше бюджеттің қаржысын сұраусыз, есепсіз шаша беруді доғару керек. Осылайша футболға қатысты спорт жүйесіне, менеджментіне түбегейлі реформа қажет.
Дамыған елдерде бюджеттің бір тиынына дейін Бағалау тиімділігі (оценки эффективности) жүргізіледі. Яғни, бюджет қаржысының жұмсалу өнімділігі, тиімділігі талданып, шешім қабылданады. Бұл тұрғыдан да алып қарасақ, БЖМОРСМ деген бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау болып шығады.
Бізге велосипед ойлап табудың не қажеті бар?! Әлемде футболы керемет дамыған Еуропа елдеріне қарайықшы, БЖМОРСМ секілді мектептері жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, керісінше БЖМОРСМ секілді жүйелер футболдың дамуына кедергі болады.
Ең дұрыс шешім, БЖМОРСМ-ін түгелдей жекеге тегін тарату. Әрине міндеттемелер негізінде. Ал кез келген саланың маманын дайындау, сол саланы дамытуда әлемдік тәжірибе көрсеткендей: сол саланың дамыған елінде мамандарды дайындау керек. Яғни егер әңгіме футбол туралы болса, футболы дамыған, футболшылар дайындаудан ең мықты елге барып футболшыларды дайындауымыз керек. Себебі біз олардың жүріп өткен жолын жүріп өтеміз, футболымызды дамытамыз дегенше, тағы елу-алпыс жыл артта қалып қоямыз. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ дегеніміз сол.
Мысалға, футболшыларды біз таяу маңда бәрібір Португалия, Испания, Германиядан артық дайындай алмаймыз. Гарвард, Оксфорд университеттерінің кампустары секілді университеттер салып тастағанымызбен, олар жай ғана ғимарат қана. Қазақ елінде қанша тырыссақ та Гарвард, Оксфорд сала алмаймыз. Ең дұрысы сонда барып, мамандарды дайындауымыз керек. Сол секілді осы күнге дейін тырмысып келсек те, Спортинг, Бенфика футбол академияларын қалыптастыра алмадық және қалыптастыра алмайтынымыз анық. Себебі, дамудың өз жолы бар, кезең кезеңімен (кез келген саланы дамытудағы қалыптасқан заңдылық): алдымен сол саланың дамыған елінде мамандарды дайындайсың. Сосын барып олар еліне келіп, жүйені даму жолына түсіреді.
Сондықтан футболды дамыту үшін, Еуропада Қазақстан атынан қызмет етіп жатқан жеке жобаларды қолдағанымыз жөн. Меніңше, бұдан басқа ешқандай жол көрініп тұрған жоқ.
Футболдың дамуына инфрақұрылым кедергі деген даулы пікір. Егер мәселе инфрақұрылымға тіреліп тұрса, мен айта алмас едік, Африкада инфрақұрылым керемет деп...
Африка ешқандай инфрақұрылымсыз-ақ футболын дамытты. Себебі, олар алдымен футболшыларын Еуропаға жіберді. Еуропадан жетістіктерге қол жеткізіп, сосын барып футболдың дамуына дүмпу әкелді. Инвестициялар көптеп тартыла бастады. Осылайша Африкада футбол дамуы жолға қойылды. Нәтижесінде, қазір Африка елдерінің дерлік барлығы рейтингте Қазақстанның алдында. Ал бюджетінен млрд.тап қаржыны төгіп жатқан Қазақстан, Африка елдерінің артында қалып қойды. Африка футболшыларының ең басты ерекшелігі, астын сызып айтатындай: олар тек спортты ғана дамытқан жоқ, әлеуметтік-экономикалық салаларды да дамытты. Қомақты табыс тапқан футболшылар, мектеп, аурухана, жатақхана, жол салды, экономикасына қаржыны үйіп төкті. Одан бөлек Дрогба секілді футболшылары еліндегі азаматтық соғысты тоқтатқаны үшін елінің қаһарманы болды. Футболшылар елін біріктіріп, дамуына үлкен үлестер қосты. Сол үшін де әлемдегі экономистер Африканы, футболға дейін және футболдан кейін деп қарастырады...
Фазылбек Әбсаттарұлы,
жанкүйер