Станислав Черчесов Қазақстан құрамасынан кетті
2025 ж. 25 қаңтар
208
1
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.
Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті.
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылдың маусымында ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізгенде, Қазақстан қақпасына 15 гол салдырып, масқара жеңіліске ұшырады. Тек Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай ғана жинады.
ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 2024 жылы 7 қарашадағы «ПҰЛЫМЫЗДЫ МАҚТАЙТЫН, ТІЛІМІЗДІ ТАПТАЙТЫН ЧЕРЧЕСОВКЕ ӨЗ ҚАҚПАМЫЗҒА КІРГІЗГЕН ӘР ГОЛЫ ҮШІН 80 млн ТӨЛЕЙМІЗ?!.» атты депутаттық сауалында ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкерін қатты сынады:
«Ал футболдан төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп, ойсырай ұтылған, бір де бір рет жеңіске жетпеген ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Шершесовке Барменқұлов басқаратын Қазақстанның футбол федерациясы жылына 640 млн тг төлейді дейді баспасөз. Ал енді 640 миллионды 8 голға бөлейік? Сонда біз пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке қарсыластың емес... біздің ұлттық құраманың өз қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?.»-деп сойып салды.
- Қазақстан футбол федерациясы Станислав Саламұлы мен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді! Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатыр, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, былтыр 2024 жылы тілшілерге арнап брифинг өткізген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады. Сол кезде Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "Қазақстанның 33 жыл бұрын тәуелсіздік алғанын Черчесовтің есіне салып қою керек" атты сұхбатын жариялаған болатынбыз.
Ақыры, міне, Қазыбек Исаның сол бір аталмыш депутаттық сауалы арқасында сол күннің ертеңіне ҚР Футбол федерациясы президенті Әділет Бармақұлов орнынан кетсе, енді міне, Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов те қызметінен кетті.
Енді футболымызды дамытатын, қызметінен оң нәтиже шығаратын жоғары кәсіби маман кадрлар келсе, құба-құп.