Бозкілемде – МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ІЗБАСАРЛАРЫ
2024 ж. 03 шілде
2904
0
Талдықорғанда таеквондодан республикалық турнир өтті
Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы Жастар спорт кешенінде ҚР мәслихатының 30 жылдығына арналған таеквондодан (WT) Республикалық ашық турнир өтті.
Еліміздегі барлық облысынан спортшылар қатысқан доданың салтанатты ашылуында Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Жетісу облыстық таеквондо федерациясының Құрметті президенті, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев және ҚР таеквондо федерациясының вице-президенті, таеквондодан қазақтың тұңғыш олимпиада жүлдегері Арман Шылмановтар мұзбалақ Мұстафа Өзтүріктің ізбасарларына ақ тілектерін білдірді.
Екі күнге созылған республикалық турнирдің екінші күніне ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев қатысты. Азат Тұрлыбекұлы жарысқа қатысушы еліміздің таеквондошыларына жеңіс тілеп, сөз сөйледі. Жетісу облыстық таеквондо федерациясының президенті Қайыр Қабыланбайұлын “Ақ жол” партиясының Алаш арыстарының құрметіне арналған “Қазақ Республикасына 100 жыл” алтын медалымен марапаттады.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша жүлделі І-орынды «АЛАШ» спорт клубы, ал ІІ-орынды Алматы құрамасы иеленді. ІІІ-орын «Исатай» спорт клубына, IV-орын «Zhastar team» Алматы облысы иеленді.
Іс-шара аясында Республикалық ашық турнирдің ұйымдастырушысы, Жетісу облыстық таеквондо Федерациясының президенті, “Ақ жол” партиясынан Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Қайыр Қабыланбайұлынан Федерацияның тыныс-тіршілігі туралы айтып беруін сұрадық.
– Жетісу облысы жаңадан құрылған кезде маған осы өңірдің таеквондо Федерациясын басқару ұсынылды. Барлық күш-жігерімді спорттың осы түріне арнап келе жатқан жан ретінде бұл ұсынысты қабыл алдым. Мен тізгінді қолға алған кезде 4 ғана бапкер болса, бүгінде олардың саны 13-ке жетті.
Бүгінде Федерациямыздың өрісі күннен-күнге кеңейіп келе жатыр десек артық айтқандық емес. Атап айтқанда Талдықорған қаласына қарасты Қапал ауылынан және Алакөл ауданы мен Үштөбе қаласынан филиалдар ашылды. Жаңа бөлімшелердің барлығын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Әрбір филиалда білікті бапкерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Біздің Федерация өз жұмысын бастағалы бері екі рет облыстық Жетісу біріншілігін өткіздік. Ал бұл жолы Республикалық ашық турнирдің өтуіне ұйытқы болып отырмыз, – дейді халық қалаулысы.
Осы орайда, мұндағы мақсат – еліміздегі таеквондо саласының дамуына, жастардың спортқа көптеп тартылуына үлес қосу екендігін айтады Федерация жетекшісі.
– Өздеріңіз білетіндей, спорт – саулық кепілі. Спортпен айналысқан жас өскіндеріміздің дені сау бола отырып, батылдыққа, өжеттікке жастайынан тәрбиеленеді. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы осындай көздерінде от ойнаған жалынды жастарымыздың қолында. Еліміздің кемел келешегі үшін бұл бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандыра түспекпіз. Алдағы уақытта жетісулық таеквондошыларымыз әлемдік биіктерді бағындырып, қазақтың атын көпке танытып, көк туымызды көкте желбіретеді деген сенімдемін, – деп өзі секілді Мұстафа Өзтүріктің ізбасарларынан үлкен үміт күтетіндігін де тілге тиек етті Жетісу облыстық таеквондо Федерациясының президенті Қайыр Қабыланбайұлы.
Бейбіт ИСАБАЕВ, Жетісу облысының әкімі:
САЙЫПҚЫРАН ЖАСТАРДЫ КӨПТЕП ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ КЕРЕК
Құрметті спортсүйер қауым, спортшылар!
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына жыл толуына арналған таеквондодан Республикалық ашық турнирге қош келдіңіздер!
Қоғам өмірінде денешынықтыру мен спорттың орны қашан да ерекше. Үлкен спортта айтулы жетістікке жету елдің абыройы мен беделін көтерсе, бұқаралық спортты дамыту ұлт саулығына, саламатты өмір салтын насихаттауға, ұрпақ тәрбиесіне зор ықпал етеді.
Биыл Францияның Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпаиадаға Жетісу облысының спортшылары лицензия жеңіп алды.
Осындай сайыпқыран спортшылардың жолын жалғайтын жергілікті жастарды көптеп тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін шалғай ауылдарда спорттық нысандар салуға, олардың материалдық базасын нығайтуға көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен 9 нысаны салынуда. Алакөл, Панфилов, Сарқан аудандарының ауылдарында және Текелі қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде.
Сондай-ақ, Талдықорған қаласында волейбол клубына арналған жаттығу базасы бюджет есебінен, оған қоса волейболшыларға тұрғын үй мен үстел теннисі орталығы жеке инвесторлар есебінен тұрғызылып жатыр.
Осындай шаралардың арқасында спортпен шұғылданатын азаматтардың саны жылдан жылға өсіп, бүгінде жетісулықтардың 39,2 пайызы (273 мыңнан астам адам) спортқа тартылған.
Солардың ішінен өздеріңіз секілді талапты жасөспірімдер көптеп шығатынына сенімдімін.
Мирас ТӨЛЕБАЕВ, ҚР Спорт және туризм вице-министрі:
ЕЛІМІЗДЕ ТАЕКВОНДОДАН БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖОҒАРЫ
Құрметті жарысқа қатысушылар мен қонақтар!
Жетісу өңірінде ұйымдастырылып отырған маңызды спорттық іс-шара – таеквондодан Қазақстан Республикасы Мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуына арналған жастар мен жасөспірімдер арасындағы Республикалық турнирдің салтанатты ашылуымен Сіздерді Туризм және спорт министрі Ермек Боранбайұлының атынан және де өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі жас спортшылардың жоғарғы әлеуеті, ертеңгі ересектер ұлттық құрамасының сапындағы спортшылары.
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелеріне, спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге ерекше көңіл бөледі.
Қазіргі таңда таеквондо федерациясының tkdream.kz электронды платформасында 30 550 спортшы және 663 жаттықтырушы тіркелген.
Бұл елімізде таеквондоның бәсекелестіктің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Қазақстанның ұлттық құрамасы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиада ойындарында 1 (бір) қола (Арман Чилманов – 2008 ж., Пекин) медальға қол жеткізді.
Париж Олимпиадасына Абабакиров Самирхон (58 келі, Шымкент қ.) және Толеуғали Батырхан (80 келі, ШҚО) лицензия ұтып алғаны бәрімізге мәлім. Бұл Қазақстан спортшыларының әлемдік аренада биік жетістіктерге қол жеткізуге шеберлігі мен біліктілігінің арқасында барлық мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді.
Бүгін спортшыларымыз осындай аса жауапты жарыста барлық күш жігерін салады деп сенемін.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік және соңына дейін жеңіске ұмтылуды тілеймін!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Жетісу облыстық таеквондо федерациясының Құрметті президенті:
ТУРНИРДЕН ТУ КӨТЕРУШІЛЕР ШЫҒАТЫНЫНА СЕНЕМІЗ!
Жер жәннаты Жетісу жерінде, тамаша қала Талдықорған төрінде таеквондодан республикалық турнир ту көтеруде.
Еліміздің барлық облыстарынан спортшылар келіпті.
550 таеквондошылар келді деп жатыр. Бұл үлкен жетістік. Мұнда таеквондо тарландары, мұзбалақ Мұстафа мен бекзада Бексейіттің ізбасарлары жиналды деп білеміз.
Мемлекеттің көк туы елдің спортшысы әлемдік додада жеңімпаз болғанда көтеріледі. Олимпиада, Әлем чемпиондары қайдан шығады? Олар міне, сендердің араларыңда тұр деп сенеміз.
Осындай дүбірлі республикалық турнир өткізуге қолдау білдірген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа көп рахмет! ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев пен ҚР таеквондо федерациясының вице-президенті, таеквондодан қазақтың тұңғыш Олимпиада жүлдегері Арман Шылмановтар Ақ тілек айтып, жеңіс тілеуде.
Екі күнге созылатын республикалық турнирдің екінші күнгі жарыстарына ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев қатысып, спортшыларға Ақ жол тілейді.
Бұл республикалық турнир ҚР Мәслихатының 30 жылдығына арналуда. Мәслихаттар халықтың жергілікті билігі. «Ақ жол» партиясы биыл мәслихаттардың мәртебесін көтеруді ұсынып, депутаттық сауал жасады. Жетісу облыстық мәслихаты төрағасы Гүлнар Тойлыбаеваға және республикалық турнирдің ұйымдастырушысы, Жетісу облыстық таеквондо федерациясының президенті, “Ақ жол” партиясынан Жетісу облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған Қайыр Қажиға көп рахмет!
Қайырды бала кезінен жақсы білемін. Қолынан жетектеп алып, таеквондо тарланы Бексейіт Түлкиевке апарып, таныстырып едім, ел үмітін ақтап, талай жетістіктерге жетті.
Енді міне, Жетісуда таеквондоны дамытуға бар күш-жігерін жұмсауда.
Ертең осы турнирге қатысушылардан, Олимпиада, әлем чемпиондары шығып жатса, еліміз үшін зор жетістік деген сол.
Республикалық турнирдің қатысушыларына Ақ жол тілейміз!
Қайыр ҚАБЫЛАНБАЙҰЛЫ, Жетісу облыстық таеквондо федерациясының президенті, “Ақ жол” партиясынан Жетісу облыстық мәслихатының депутаты:
ЖЕТІСУ СПОРТШЫЛАРЫ БИІККЕ ҰМТЫЛАДЫ
Осы жолғы Республикалық ашық турнирде де жетісулық спортшыларымыз 3 алтын, 4 күміс, 10 қола медальды иеленіп, жоғары нәтиже көрсете білді. Мұның өзі осы жолда еткен еселі еңбегіміздің жемісі деп білемін. Жетісулық таеквондошылар болашақта бұдан да биік белестерді бағындырады деген ойдамын.
Осы орайда ҚР мәслихатының 30 жылдығына арналған таеквондодан (WT) Республикалық ашық турнирдің өткізілуіне қолдау көрсеткен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, осынау іс-шара үшін Астанадан арнайы аймағымызға арнайы ат басын бұрып келген ҚР Спорт және туризм вице-министрі Мирас Төлебаевқа, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашевқа және үнемі бізді қолдап келе жатқан қазақ спортының жанашыры, Жетісу облыстық таеквондо федерациясының Құрметті президенті, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға айтар алғысымыз шексіз.
Гүлмира САДЫҚ,
«Қазақ үні»