Бас бапкер
2013 ж. 30 сәуір
3067
3
Есікқағар
Сейдахмет ағаға телефон шалып, кездесуге келісімін алдым да, кеңсесіне беттедім. Толғанысқа түсіп келемін. Үнемі осы. Сонау студент шағымда қол беріп, қолтығына тартқаннан бері жиырма жылға жуық уақыт өтсе де Сәкеңмен бетпе-бет қалудан қорқамын. Шыным осы, қай тақырыпқа түрен салса да терең біліп, тербелте әңгімелей алатын ұстаз алдында бір сұраққа жауап бере алмай қалудың өзі қиямет. Ұрыспайды. Сөкпейді де. Сырғытып, тақырыпты басқа арнаға ауыстыра салады. Өзі қамаған тығырықтан өзінің шығарып алғаны. Зағип жандай жетелегені. Одан соң өзіңді-өзің оңдырмай жерлейсің. Ұзақ жыл шәкірт болғанда бір сынына шыдас бермегенің-ақ қорлық.
...Бұл жолы сұрақты мен қоймақшымын. Сұрақ қоямын деу сәл қатқылдау. Сырласқалы келемін. Ол сұрақтардың жауабын өзім жақсы білемін. Бірақ олар – менің жауабым. Ал оған аға не дер еді? Дәл бүгін соны білгім келеді. Өзім өмірлік ұстаз санаған жан бүгін менен тағы бір сынақ алмақ. Сұрақтар спорттың табиғаты жайлы. Өмір бойы өзі оқытқан сабақтар. Талай тәптіштеп зерттеген сала. Жауабы дайын. Сол жауаптар ұстаздың бүгін айтар ойларымен орайлас келер ме екен?! Мені толғанысқа түсіріп келе жатқан тылсым осы.
Ойлаған ойым
«Журналистиканың жедел жүйрігін ерттеп мініп, жай желіспен ел аралай бастағанда, мені «Мынау Пәленшебаев деген спорт туралы жазатын жөрнәлес» деп таныстыратын. Бәрі есімде. Кезінде мән бермеппін. Кейін білдім, спорт тек күш-қуат, аяқ-білек бәсекесі емес, мінез, намыс қақтығысы да екен. Әлемдегі ұлы мұхиттай ірілері мен алақандай ұсақ халықтың ұлдары түгел түскен текетіреске қазақ балаларының аты жетпей, талай жылдар жігеріміз құм болды. Кімнен көреміз? Қай тағдырға налимыз? Қашанғы қол жаямыз Құдайға?»
Алған жауабым
– Спортты жұрттан озған өнер санамасақ дара таңдап, қалам тербер ме едік, – деді көкейдегі ойымды ортаға саламын дегенше іліп әкеткен Сәкең, – спорттың кез келген жүрекке, кез келген сезімге бағына бермес мінезіне қызығып таңдамадық па?! Баз біреу оны басқаша түсінгендей. Кінәлағандар да жоқ емес. Мұрын шүйіргендер тағы бар. Өз бағалары өздеріне. Адам баласының тұқымының асылдығы осы спорт бәсекелері кезінде сыналғандай. Ондай өнерді тілге тиек ету – теңдесі жоқ бақыт дер едім.
Өз бақытымды бөле-жара ойлаған осалдығым жоқ. Қаламыма спорттық сия толтырар сәтте көз алдымда мұнартып мақсат тауы тұрады. Өзің білесің, қой маңырап, сиыр мөңіреген ауылда аяқтанған баламыз. Білгеніміз – ат аяғы жетпес дала біткенді көше-қона өмір сүрген қазақ – намысты халық. Ішкен-жегеніне мәз емес. Бірақ уақыт шіркін неге де өз өрнегін салады. Бүгінде намыскерліктің бір туын спорт тауына тігу міндеті тұр. Міне, менің айқайым сол үшін қажет.
...Өзімді арбай алған сиқырдан сәл босансам, ой кешемін. Өкінбек те боламын. Сонда өмір бойы бірге қызмет атқарған тасқа басушы Бибіхан Байтелесованың «Лениншіл жаста» жүргендегі мына сөзі санама самал желпиді: «Сейдахмет, сен саспа, сенің оқырмандарың ғасырдың аяғында қаптайды». Ғұлама екен Бибіхан. Спорт арқылы намыс жыртатын кезең енді келді. Соны сезінетін қазақ жастары да көбейгендей.
Сұрағыңды босқа шашпа. Сезіп отырмын, осы ойымның жалғасындай: міне, тәуелсіз мемлекет, ұлт, халық, жұрт болдық. Енді бір кездегідей біреулерге кінә тағып қойып, тыныш ұйықтау жоқ. Ұяттың бәрі өзімізге келеді. Қазақстан бөлек ат мінген ел болған кезде, командаларымызда кілең Иванов, Сидоровтардың болуы сүйекке таңба. Қазақ жастарында ұят болса, өрттей қызаратын тұсы осы. «Өлімнен ұят күштіні» атамыз қазақ бекер айтқан жоқ.
Қанын сорғалатып айтатыным мынау: сырттан себеп іздеудің қажеті жоқ. Себепті өзіміздің жалқаулығымыздан, намыссыздығымыздан іздеу қажет. Уақыт талабы, тәубе, бұрынғыдан бір аунап түсті. Бүгінде қазақ баласын тәрбиелеуге ұмтылмайтын маман табылмайды. Бәрі түсінеді. Өзі үшін өзеуреуге тиіс олар. Тек кежегеміз кейін тартып, алға баспайтын өзіміз болармыз. Ұяттың ұясы өз жастарымызда. Жалқаулар жақсы өмір сүргісі келеді. Жүз бүгіліп, мың терлеп, алтын тұғырға еңбектеп жетудің орнына, отырған жерін сипалап, бос бөтелке өткізіп, май қабуды абзал көреді. Тойынып алады. Тойынған жанның жүрегінде – май, ақылында – жел, миында ірің болады, ал намысына көлеңке түседі. Ондай жан еттен өткен таяқты сүйектен өткен қорлықтан айыра алмайды. Халықтың намыссыздықтан қор болу алғышарты осылай пайда бола бастайды.
«Намыс, намыс деп бәріміз өлеміз бе, бір күні намыс қуар ұл өзі-ақ туады да», – деп көлгірситіндер де табылар. Рас, тарихта бұл мысал да бар. Бірақ біздің бір уыс халқымыз: «Қашан абырой аспаннан аяғы салбырап түседі?» – деп күтіп отыра алмайды. Міне, құрдың ғой өзің «Намыс» командасын. Япырым-ау, 8-кластың да есігін ашпаған команда кілең сайыпқырандардың ішіне топ ете түскенде кеудеде жан қалмады. «Қым-қиғаш ұтылып, қирап қалса қайтеміз?! Сорлы қазақ тез жериді. Бұлт ете түсе ме...» – деп қорықтым. «Бұл команданы Несіп неге құрған? Керегі не еді?» –деп бетін бермей жүрсе азап қой. Намыс жырту деген – жанкешті шаруа. Ондай жандар табиғатынан намысқой халықта ғана болады. Грузиннің «Алаң жиегінде» деген киносын көрдіңдер ме? Жеңілгенде жыламай ма?! Сол киноны қойған режиссер әйел адам екен. Неткен намысқой әйел?!.
Ойлаған ойым
«Ағадан жұқты ма, білмеймін, спорт өнерінің әр өрнегінен ұлттық белгі іздеп, өліп тұрамын. Жазуға келгенде де осы ойлар санама ұрыдай кіріп алып, талай ескерту алғанмын. Неге бұлай? Әлде, менің талаптарым уақытынан ерте туған ба? Әлде, кеш қалды ма? Тіптен миым қатты».
Алған жауабым
– Спорт – мәңгі жас ұғым. Сондықтан да ол жаңашыл. «Спортқа ұлттық бояу қажет пе» дегенде – мен «ерекше қажет» дер едім. Бірақ ол үнемі жас, жаңа болуы керек. Қазақбайшылауға қарсымын, спортты. Спортқа шапан кигізудің керегі шамалы. Ол үнемі европалық костюм киіп жүрсе де, қазақылық бояуы қанық болуға тиіс. Әйтсе де, әлемдік даму көшін ауылға сүйрей бермеген жөн. Мұны «Намысыңа» байланысты да айтып жатырмын. Додаға түсерде алаң ортасында тізерлей беріп, бет сипауларың жарасады. Әлгі әлем чемпионатындағы Перу құрамасының Әнұран естілген сәтінде қолдарын кеудесіне бүктей тастап, тастай қататын сәті бар ғой, тура сондай. Ерекше жарасады. Кешелері ғана Ресей футболшылары Венгриямен ойнағанда жасыл алаңға әдемі жейде киіп шықты. Ел туынан қиып алып тіккендей.
«Намысқа» да көгілдір жейде керек. Кеудеде не көкбөрі, не қыран құс болса. Жейде ашық жасыл болса да жарасады. Спорт өнері өз хақысын менің қорғауыма зәру емес. Тек ол – адамзат қанша өмір сүрсе, сонша өмір сүретін құбылыс. Мүмкін спорттың бір түрі өршіп дамып, бір түрі белгілі бір кезеңде солғын тартар. Бірақ, енді өмірді спортсыз елестету қиын. Адам қанының түйіршіктері дер едім, спортты. Додаға түспей, бір жеңіп, бір жеңілмей, адам баласы өмір сүре алмақ емес.
Ойлаған ойым
«Мүмкін, ұлтшыл біреу шығармын? Халқымның ұлттық спорт түрлеріне жететін құдірет жоқтай боп көрінеді де тұрады. Бірақ олар неге шетқақпай? Неге жапонның каратэсі, кәрістің таэквондосы, ағылшынның футболы, орыстың самбосы, Американың баскетболы ортақ қазынаға айналады, ал қазақтың тоғызқұмалағы, көкпары неге көзге ілінбейді?! Өзгеден қор спорт болса екен. Көш ілгері!.. Тіпті әлгі жапонның го деген бір ойыны тарады әлемге. Ой ойыны. Сол гоңыз біздің тоғызқұмалақтың қолына су да құя алмайды. Бірақ годан әлем чемпионаты өтеді, тоғызқұмалақты Моңғолиядағы отандастарға... өзіміз барып жүріп әрең үйреттік.
Жігерім құм болады. Күйіп кете жаздаймын. Кім кінәлі? Неге? Неге? Неге?..»
Алған жауабым
– Бұл ой мені де түбіне тартқалы қашан. Расында қазақтың ұлттық спорт түрлері, ұлттық ойындары неге әлемге танымал болмай жатыр, жапон, кәріс, орыс елдерінің ұлттық спортындай әлемге ортақ жарыс неге өтпейді?! Жауабым мынау: ол үшін қазақ халқының өзі әлемге танылуы қажет. Дәлел керек пе? Баскетболыңды қарапайым дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ойлап тапқан. Сол баскетболдың отаны Әмрика болған соң әлемге лезде тарады. Индия – әлемге ерекше белгілі ел. Шахматтың жолдамасы осылай келген. Жапония мен Корея бүгінде әлемді ақылымен де, байлығымен де аузына қаратып тұр. Міне, соңғы жылдары олардың көптеген ұлттық спорт түрлерінің әлемге ортақ болғанының себебін осыдан іздеу қажет.
Халықты әлемге біртуар ұлдары таныстырады. Міне, маңдайымызға Нұрсұлтан Назарбаев секілді Президентті жазып еді, әлем тани бастады қазақты. Тәубе. Әрине, елді тек қана Президенті таныстырады екен деп қателеспеген жөн. Өмірдің әр саласындағы сарбаз ұлдарымыз таныстыруға тиіс, біздерді.
Мына бір қызық оқиға есімде. Мюнхен қаласында болған кезімде қазақ халқын таныстыру қиын болды оларға. Уақыт сондай еді ғой. Әбден шаршаған соң: «Спортқа қалайсыздар?» – дедім қармайтын тал іздеп. «Ойбай, сұмдықпыз!» – деп бірнешеуі өре түрегелді. «Онда осыдан төрт ай бұрын рингте сіздердің Карл-Хайнц Крюгерді өлімші етіп ұрған Серік Қонақбаев – біздің қазақ!» – дедім мақтанып. Германияның Кельн қаласында Европа чемпионаты өтіп, сондағы Серіктің теңдессіз өнері есіме сап етті. «О, қазақ Серік. Гут, гут!» – деді бәрі жамырап. Қазақты таныған түрлері. Таныстырған – жалғыз Серік!
Қазақта тоғызқұмалақ деген ойын бар. Шахматыңыздан артық болмаса, кем емес. Кәне, соны әлемге бір көрсетсек, бәрі ойнар еді. Теңдесі жоқ өнер ретінде қабыл алып ойнар еді. Бірақ ол үшін әуелі халықты тануы қажет. Ондай күндер алда ма деп қаламын. Халқын әлемге таныстыратын ұлдар қазақта көп болады. Ол –шығар күндей шындық.
Қолқысар
Қайтып келемін. Қадала сұрақ қоймағаным, тәптіштеп жауап алмағаным өзіме белгілі. Тек сырласып, сабақ алып оралғандаймын. Рухани қолдау сезініп тұрмын. Сейдахмет ағаның өзі туралы сөз айту қиын маған. Алпыс жастың асқарына белі бекем шыққан аға менің мақтауыма зәру емес: қайраткер ретінде атқарған сансыз істері айтар, қаламгер ретінде том-том кітаптары сөйлер. Мен үшін Сәкең – ұстаз. Жолайрығында тұрғанда – алдымнан жарық жағып, жөн сілтеген ұстаз. Сол жолдан бұрылмай келе жатқанымның өзі – ол жанның ұстаздық ұлы сезіммен жолын қуар шәкіртін қапысыз танығанына куә. Сірә, бұл да ұстаз бақыты болар.
Сәкең туралы көп айтпадым. Мүмкін айту керек пе еді? Көпірме мақтау емес, көбесі сөгілген шындықты жайып салған жөн болар ма еді?! Республикамызда спорт қаламгерлігінің көшбасшысы атанған жанның спорттағы білім-білігінің тереңдігін неге жарияламасқа?! Тек қалам тербеуге келгенде емес, спорт тақырыбына айтылған қабырғалы әңгімелерде де еңсесі жоғары екенін неге еске түсірмеске?! Баскетболдағы әулие маман Александр Гомельскийдің өзі Сәкеңнің пікірін естігенде ауыз ашып, аяқдоп білгірлерінің бірегейі А.Севидовтың өзі Сәкеңе ақыл сұрай келгені, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қанат Байшолақовтың Сәкеңді «бапкерім» деп әспеттеуі, өзге де өзекті жарар мойындаулар аз ба?! Аз емес. Бәрін айтайық па? Неге керек? Ештеңе дәлелдегелі отырғанымыз жоқ қой. Дәлелді нәрсені дәлелдеп қажеті жоқ. Күмәні барлар болса, Сәкеңнің спорт саласында жазған кітаптарын тағы парақтасын. Бар жауап сонда.
Ағаға арнайы бардым. «Қуанған мен қорыққан бір» дегендей, алпыс жасқа толып, толқулы күндер кешіп жүргенде жалғыз еместігін сезінсін дедім. Туған бала-шағаны айтпаймын, рухани туыс, ісін жалғар ізбасардың орны өз алдына бір төбе емес пе?! Сейдахмет аға – бұл салада бай адам. Мен – сол орасан байлықтарының ұшқыны ғанамын. Қуанышты күні қол қысуға барғанмын. Ағаның аяқ жетпейтін алыстағы тілеулестері қаншама! Сыртынан ұстаз етіп иемденген қазақ жастары ше?! Бұйырса, бәрінің тілектері бір арнаға тоғысып, Алатаудың бауырында туған аяулы ұстаз-ағаға нұр боп жауса екен деп тілеп барамын Алладан. Әмсе солай болғай!
Жұмыр жерде... Сәкең жоқ
Бұл – менің сізбен мәңгілік қоштасуым болғанмен, жер басып жүрген күнімнің бірде-бірінде жарқын бейнеңізді жоғалтпай, жан тереңінде, жүрек түкпірінде аялап ұстап жүреріме рухыңыздың алдында ант берген сәтім.
Көз жасыма белуардан шомылып отырып, аяулы ұстаз-ағамен, саңлақ жазушы-журналист Сәкеңмен соңғы сырласқан сәтім есіме түсіп, осы бір жанның табиғатының ерекшелігіне, ұлтын, халқын сүюдегі сезімінің өлшеусіз тереңдігіне бас игізе береді.
Англияға спорт журналистерінің әлемдік Конгресіне барып оралғанмын. Бас-аяғы он шақты күн өтсе де өтелмес өкініште қалардай ұмтылдым Сәкеңнің үйіне. Жанымда «Жас алаштың» бөлім бастығы Дүрәлі Дүйсебайұлы бар.
Өзіме солай көрінді ме, мені көргенде шарасыздықтан шаршап жатқан жанары жарқ ете түсті.
– Несіп, түу, сені көптен күтіп жатыр едім...
– Аға, мен спорт журналистерінің әлемдік жиынынан келдім.
– Тамаша! Пах-пах, қандай тамаша! Керемет! Керемет... Бұған да жеттік, шүкір!
Бұрылып жатты. Көзінен бір тамшы жас шықты да домалап барып, жерге құламай, тұрып қалды.
Сәкеңнің көз жасын тұңғыш көруім. Не қиындыққа да болаттай берік, жігері қара тастай алып тұлғаның босағанына не жорық?!.
Солқылдап тұрып жыладым. Төсегінің тұсында қолынан ұстап отырып өксідім. Бәрін түсіндім. Өзінің мүсәпір халіне емес, өзі салған сарайдың беріктігіне, өзі өсірген сарбаздары өзі армандаған биіктерге жете бастағанына көзі жеткен қуаныш жасы еді-ау.
Япыр-ай, халқын сүю, ұлтжандылықтың мұндай үлгісін әлі күнге, міне, табандатқан жиырма жылдан бері үзбей көріп, оқып-үйреніп келе жатырмын.
– Ал, «Намысың» қалай?! – деді құрыш кеуденің қуыс-қуысына тарай бастаған күш-қуатын қайсарлықпен тіліне қайта жинап.
– Қазақ «жаман» демейді ғой, аға, нашар, тараудың алдында...
– Өй, бұл неғылған тоғышар халық, тоң ми басшылар, ә?! – деді кеудесін төсектен жұлып алып.
Сонда ғана көрдім, қос аяқ, қос сандағы зілбатпан ісік кеудені де жайлап алған екен.
– Құдай-ау, кеше ғана «футболда қазақ жоқ, таза қазақ командасы жоқ» деп жылағанда, қара қан аққан жоқ па көздерінен! Енді, міне, соны естіген құлақ, көрген көз, сезінген жүрек өз өмірін құрбан етіп, қолға алып еді, баяғы сол жаны ауырмастық: қашан құлап түсіп, быт-шыт болады деп аңдып отыр. Ел тағдырын ойлайтын басшылар қайда, ел намысын жыртатын азаматтар қайда?! Қап! Сәл шыдашы, қолым қалам ұстауға жараса, Президенттің атына жеделхат жіберемін. Назарбаев мұны білмей жүр ғой. Әлгі кеңесшілер хабарламаған да... Әттең-ай... Сорлы қазақ-ай...
Шаршап қалды. Жұбата алмадым. Екі дүниенің босағасынан қатар ұстап жатып, өз өмірі жайлы бір сөз айтпай, өзі бастаған халықтық бастаманың («Намысты» мен ұйымдастырсам да, ол Сәкең секілді ұстаздан жұққан қасиет деп білемін – Н.Ж.) құрдымға кетіп бара жатқанына қан жұтқаны ерлігі емей немене?! Одан арыға шамасы келмей үнсіз жатты. Ұзақ отырдым. Айналсоқтап кете алар емеспін. Аяулы ағаның, ұлы ұстазымның бейнесін ақырғы рет көріп, сөзін соңғы рет тыңдап отырғанымды мойындағым келмейді. Есіктен шығып бара жатып байқадым – әлгі тамшы кірпігінде сол күйінде іркіліп тұр екен.
...Түс көріппін. Сейдахмет ағаға айран ішкізіп жатыр екенмін. Ары жүрмейді, аузынан кері төгіліп жатыр. Шошып ояндым. Келіншегіме айттым. Екеуміз де мұңайып, жерге қарадық.
Әкеден де, шешеден де айырылғалы санаға сыймас жылдар өтті. Қолға қалам алсам ұстазым боп, торықсам аға боп елестейтін Сәкемнен айырылдым. Ел деп соғатын, мен деп соғатын алып жүрек, аға жүрек тоқтады. Міне, дәл бүгін жалғыз қалғандаймын...
Адамзат баласы өзінің анасы барын да, әкесі барын да біледі. Соған мейірленіп, қуанады да. Бала күнінде анасының етегіне оралып, әкесінің қонышына жармасып ойнайды, өсе келе бой жарыстырғанмен ой таластырмай, сыртынан сүйсініп, амандығын тілеп, адал ұлға тән қасиетімен хан сайлайды сезімінде. Сейдахмет Бердіқұлов спорт қаламын ұстаған аға үшін де, іні үшін де сондай саңлақ жан еді. Ұлыны уақыт туғызса, ұлықты қолдан жасай бермейміз бе? Міне, солардың ара-арасында әр істің алтын бастауы боп Табиғат-ананың құрсағынан талантты ұлдар туа беретін, туа беретін. Әрі олар дәл уақытында, ең бастысы, дара-дара туатын. Көп болмайтын. Сол салқар кеңістікте қадірі болсын дегендей, оларды жалғыз-жалғыздан беретін жарықтық Алла. Өзінің Шоқыр Бөлтекұлы жайлы сол қолымен: «Ол Қазақстанға бокс қолғабын тұңғыш арқалап келген жан емес пе», – деп сүйкей салғандай, Сәкеңді де Жаратқан қазақ спорт қаламгерлерінің көшбасшысы болсын деп сайлап жібергендей.
Сайланып қойылғаннан емес, сай боп туғанынан бұл абыройды арқалады Сәкең. Спорт секілді қантамыры тынбай соғатын тылсым тақырыптың тізгінін сүйретіп жүре беру оңай емес еді. Қазаққа тосындау тақырып. Әлемдік дәрежедегі спортты айтамыз. Әрине, бәйгеге ат қосып, балуан күрестірген қазағың спортшы-ақ. Бірақ, бұл өнердің иығына мол жабылған шекпенін шешетін де уақыт келмей ме?! Оны шешуге ерлік керек еді.
Сондай ер боп туды Сейдахмет Бердіқұлов. Оның газет-журнал бетінде спорт тақырыбына жазған мақалаларын оқи отырып, біреу қатқыл, біреу доғал санаған спорт туралы да дәл осылай айтуға болады екен-ау деп жағаңды ұстайсың. Қазақтың спорты әлі сонау ойпаңда жатса, Сәкеңнің жазғандары төбе басында қол бұлғап тұрады. Тіпті біздің спортымызды бүгінгідей биікке сүйреген дәл солай кесек айтулар ма деп те қаласың.
Қазақ қаламгерлерінің арасынан түу сонау жер түбінде доп теуіп жатыр екен-ау деп тұңғыш сапарға барған да осы Сейдахмет Бердіқұлов. Футболдан Англиядағы, Мексикадағы әлем чемпионаттарына куә болып, сол бір теңдессіз оқиғаларды одан да теңдессіз көркем тілмен, ғаламат көрікті оймен халқына кітап етіп ұсына алуы – айрықша ерлігі Сәкеңнің. Бір ғажабы, сонау аспанын үнемі бұлт басқан Ұлыбританияда жүрмін-ау, табиғаты бізге қарағанда жасанған қыздай құлпырған Мексикадамын-ау демейді, көргені де, сезгені де, айтары да – бәрі қазақша. Әңгіменің түп қазығын қазақ жеріне байлап, түйінін қазақ оқырманына арнап айтады. Бір жақтағы Италия, Бразилия, Англия футболын көріп отырып, осы саладағы халқының қолы жетпеген табысына қозғау сала алуы қандай ғажап?! Не айтса да, не жазса да халқының тағдырымен байланыстыра сөйлеуі – сол елдің Құдайдан тілеп алған ұлы екенінің куәсі. Өле-өлгенше солай боп кетті Сейдахмет Бердіқұлов. Оның қаламынан туған тұнық та мөлдір шығармаларды оқыған оқырмандары да, оның тәрбиесін көрген неше буын шәкірттері де Сәкеңнің бұл қасиеттеріне тәнті.
Сейдахмет Бердіқұлов редактор болған жылдарда «Лениншіл жас» газеті спорт журналистикасының тарланбозы болды. «Жұмыр жерде теңбіл доп» деп атады бір кітабын Сәкең. Мұнан ғажап ат табу мүмкін емес болатын. Бұл – мәңгі өлмес қызық – әлемдік футбол додасы жайлы кітап. Сол доп додасы бүгін тағы оралып соқты. Жұмыр жерде теңбіл доп домалады. Әттең, бір өкініш, жұмыр жерде соны айтқан жан Сәкең, Сейдахмет Бердіқұловтың өзі жоқ!
Япыр-ай, жұмыр жер де – Сәкеңсіз-ақ өз жүрісінен жаңылмай айнала берер ме екен?!.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Сәкеңнің шәкірті, республикалық «Sport»-«Спорт» газеттерінің директор-бас редакторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Астана қаласы