Ереванда ҚазҰУ студенті жеңімпаз атанды
2022 ж. 15 қараша
5769
0
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің 2-курс студенті Серік Әбдімәжит самбодан жастар арасында Армения астанасы Ереван қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Халықаралық турнирге Қазақстан, Армения, Болгария, Колумбия, Кипр, Германия, Грекия, Грузия, Израиль, Исландия, Италия, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Латвия, Молдова, Моңғолия, Румыния, Сербия, Тәжікстан, АҚШ, Өзбекстан, Ресей және т.б. әлемнің 24 елінен 500-ден астам үздік балуан жиналды.
Жеңіс тұғырына көтерілген жас спортшы: «Бұл мен үшін жауапты жарыс болды және онда кәсібилігім мен төзімділігімді дәлелдеуім керек болды. Намысқа тырыстым. Барлық спортшылардың дайындығы өте мықты екен және барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Мені дайындаған және қолдаған жаттықтырушыларым мен мұғалімдеріме алғысым шексіз», – деп жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.
Самбодан жастар чемпионаты 14-16 қазан аралығында өтіп, онда 55 медаль жеңімпаздарға тапсырылды. ҚазҰУ студенті Серік Әбдіжәмит 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, көптеген мықты балуандарды жеңді.
Жеңімпаз студентімізді құттықтаймыз және спортта, оқуда табыс тілейміз!