Кең даланы дүбірлеткен
2022 ж. 29 наурыз
9468
1
Қазақтың дәстүр-салт, жөн-жоралғыға бай. Соның ішінде ең қастерлі дүниесі бар. Ол – ұлттық ойындар. Оның мақсаты адамзатты игілік, ізгілікке баулу болып табылады.
Нидерландық мәдениеттанушы Иохан Хейзинг «Ойнаушы адам» кітабында «Ойын – қоғамның кез келген саласында өзіндік рөл атқарады» дейді. Шын мәнінде де «ойнасаңда – ойлап ойна» немесе «ойнадың, бірақ ойыңдағыны айттың» деп жатады. Осыдан-ақ, қаншалықты маңызды қызметке ие екендігін бірден байқауға болады.
Дәлірек:
• Ойын – өмір;
• Ойын – тағдыр;
• Ойын – күлкі;
• Ойын – арман.
Ұлыстың ұлы күні ойын-сауықсыз өтпеген. Қыстан жүдеп шыққан халықтың көңіл күйін көтеруге, жадыратуға, жаңа жылға жаңа арман, мақсаттармен баруға негізделген.
Биылғы Наурыз мейрамында да жерлестеріміз ежелден қанына сіңген кең-байтақ елдің түкпір-түкпірінде ұлттық ойындарымен кең даланы дүбірлетті.
Теңге ілу
Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналады. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі самдағай әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады.
Асық ойыны
Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек – асықтай ойналады. Иіргенде түскен алпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы – оңқы асық аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.
Алтыбақан
Алтыбақан – қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдер арасында кең таралған. Ол жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. Қазақ телевизиясы 1970 жылдары көгілдір экраннан жүйелі түрде «Алтыбақан» сауық кешін ұйымдастырып тұрды.
P.S. Жалпы, әр ойынның өз миссиясы болған. Асық ойындары баланы батылдыққа баулиды. Теңге ілу ширақтыққа, әскери өнерге тәрбиелейді. Алтыбақан отау құруға, жастардың шаңырақ көтеруіне жәрдемдеседі. Наурыз мейрамының бір қыры адамзатты ойын қасиетімен жақындастырып, татулық пен береке-бірлікке үндеген, ұрпағын әрдайым ептілікке, ерлікке баулыған.
Дос ОРЫНБЕКҰЛЫ, Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ.
qazaquni.kz