ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫС ӨТТІ
2022 ж. 24 наурыз
8117
0
Түркістан қаласындағы этноауылда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындардан жарыс өтті. Бұл ұлттық ойындарымыз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК және Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған сайыстың мақсаты – "2022 жылды - Балалар жылы" деп жариялауына орай ұлттық ойын түрлеріне жас спортшылар мен студенттерді, мектеп оқушыларын тарта отырып насихаттау, спорт саласына қатысты тарихи сананы жаңғырту, патриоттық сезім қалыптастыру және Наурыз мерекесін ұлықтау.
Мерекелік іс-шараны "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып, Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындары мен спорт мектептері және музей қызметкерлерінің қатысуымен алғаш рет ұйымдастырылған спорттық сайыста бас қосқан қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ұлыстың ұлы күнін ең бірінші ұлттық спорттан бастап отырмыз. Ата-бабадан бүгінге жеткен ұлттық ойындарымызды Түркістан қаласына келген қонақтарға дәріптеп, бүгінгі шараға қатысқан жанкүйер жастарға кеңінен насихаттау, елдігіміздің іргелі қасиетін, үлгі-өнегесін таныту біздің басты мақсатымыз. Жас спортшылар мен жеңімпаздарға "Әзірет Сұлтан" музей-қорығы арнайы сыйлықтар тағайындады. Сонымен қатар, бүгінгі сайыс барысында жоғары оқу орындарының ұстаздары мен музей қызметкерлері де бақ сынасады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгін-Көрісу күні. Халқымыздың дәстүрін дәріптеп, салтын сыйлаған бүгінгі ұрпақ әрбір күннің маңызы мен мәнін де терең ұғынуы қуантарлық жағдай. Баршамыз үлкеннің батасын алып, қуанышпен көрісе берейік. "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бастамасымен ұлттық спортты насихаттаудан басталған шара келесі күндері ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдерді, салт-дәстүрлерді насихаттауға, республикалық ақындар айтысына ұласады",-деді, Ерсін Ботабайұлы.
Жарысқа қалалық Ұлттық спорт мектебінің спортшылары мен мектеп оқушылар қатысып, бақ сынады. Сонымен қатар, студенттер мен ересектер арасында гір тасын көтеру, командалық арқан тарту, жебе тарту сайысы бойынша да жарыстар ұйымдастырылды. Спорттық сайысқа Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Алғашқы әскери дайындық», «Спорт және денешықтыру» факультеттерінің студенттері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Спорт және денешынықтыру», «Туризм» факультеттерінің студенттері, басқа да оқу орындарының шәкірттері қатысты.
Жеңімпаздарға "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы атынан арнайы ақшалай сыйлықтар мен мен диплом берілді.
qazaquni.kz