Ұлт саулығы – болашақ кепілі
2013 ж. 18 сәуір
2801
1
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің спорт кешені Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиялық Жолдауындағы «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың кепілі» бастамасын қолдау аясында – «Ақ жол» ҚДП-ы, «Нұр Отан» ХДП және ҚКХП Жастар қанаттарының ауыспалы кубогына арналған Алматы қаласындағы жоғары және орта арнайы білім ордаларының арасында футболдан дәстүрлі жарыс ұйымдастырды.
Жарыстың мақсаты еліміздің өскелең ұрпағын салауатты өмір салтына бағыттау, денсаулық құндылықтарын, достық пен іскерлік әріптестіктерін насихаттау, ортақ елшілік қағидаларын қалыптастыру болып табылады.
Жарысқа Қазақ Ұлттық Университеті лицейі, проф. Рузуддиновтың стомаытологиялық колледжі, «Тұран» колледжі, Қазақ Ұлттық Университеті колледжі, Алматы аграрлық колледжі, Алматы медицина колледжі, Алматы Технологиялық Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Алматы экономикалық колледжі, Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі, «Қайнар» колледжі, Алматы индустриалды колледжі барлығы - 12 жоғары және арнайы маманданған орта білім ордаларының студенттік құрамалары белсенді қатысты.
Жеңімпаздарға дәстүрлі түрде тапсырылатын өтпелі алтын жалатылған кубогты марапаттау рәсімінде «Ақ жол» ҚДП төраға орынбасары Қазыбек Иса табыстады. Бірінші орынды олимпиадалық іріктеу жүйесі бойынша өзгелерден оқ бойы озық шыққан - Алматы технологиялық университеті иеленді. Екінші орынды - Рузидиновтың стоматологиялық колледжі алса, ал үшінші орын Алматы мемлекеттік көлік және коммуникация колледжіне бұйырды. Барлық жүлдегерлерге 24 медаль үлестіріліп, ең «үздік шабуылшы» - Д.Қапжапаровқа (АТУ), «үздік қақпашы» - А.Абдулдиновқа(АМКК колледжі), «үздік қорғаушы» - Е.Сәметке (Стом. колледж) номинациялары тағайындалды.
Жарыстың алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығы жөнінде еліміздің жетекші партияларының аймақтық көшбасшыларының бірі - «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төраға орынбасары Мақсат Жақау өзге саяси партиялардың аймақтық басшыларымен келісім орнағандығын тілге тиек етті. Бұдан былай спорт апталықтарын өткізуді қолға алып, барлық оқу орындарында спорттық іс-шаралардың үзілмей жандануына күш салу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға, үлгілі қоғамдық жобаларға күш салуда бірігіп әріптестік негізде қимылдауға шақырды.
Алдағы уақытта оқу орындары арасында баскетбол, волейбол т.с.с. топтық спорттық ойындардың апталық жарыстарын өткізу жоспарлануда.
«Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі