Күрескерлік рухы бар бала ғана футболист болады - Фазылбек Әбсаттарұлы
2021 ж. 15 қараша
11381
0
Медицина ғылымы көрсеткендей, бақытты сезімде жүрген баланың миы жақсы дамиды. Ал баланың бақытты сезініп, асыр салатын кезі ол – ойын ойнағанда. Яғни көп жағдайда футбол ойнағанда. Сондықтан ғалымдар, балаларды ойынға қанып өскен және қанбай өскен деп екіге бөлген. Ал өмірдің өзі дәлелдегендей, өмірде жетістікке жеткендердің көбі ойынға қанып өскендер. Бақытсыздыққа ұшырағандар, ойынға қанбай өскендер екен. Бәлкім сол үшін де шығар, Қазақстан қоғамында жетістікке жеткендердің көбі ауыл балалары. Яғни таң атқаннан кешке дейін «қосымшалар» деп сабақтан бас көтермеген емес бала... Сондай ақ балалар, қазір ата аналар арасындағы «білім алу» жарысының құрбаны болып тұр. Оған ақылы мектептердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюі дәлел. Яғни ата аналардан сұраныс жарысы қызып тұр. Одан қалды жыл сайын пәннің үстіне пән қосыла беріп, баланың білім алуы емес сөмкесін көтеруі проблема болып қалды. Сол үшін де, балалар арасында ұйқы қанбау, стресс, суицид, тб аурудың түр түрі асқынып кетті.
Мен сіздерге қарапайым мысал айтайын: осы сабақтың түр түрлері баланың қалауы деп айта аласыз ба? Әрине жоқ. Бұның бәрі ата ананың, білім беру саласындағы «ғалымдардың», тб қалауы. Біз қашан баланың қалауымен санастық? Ешқашан. Біз, үлкендер осы күнге дейін білім беру жүйесіне бір өзгерістер: пән қосу, қосымшалар енгізген кезде баланың пікіріне ешқашан құлақ аспаппыз. Яғни осы күнге дейін, балаланың үніне, пікіріне, ойына құлақ асатын сауалнамалар не зерттеулер жүргізілмепті. Кез келген білім беру жүйесіне өзгеріс кезіндегі сараптама, талдау кезінде баланың пікірі ықпал етпесе де жай құлақ асуға болар еді. Сонда ғана ғылыми толық еңбек болады. Демек ғалымдардың осы күнге дейінгі білім беруге қатысты еңбектері толық емес. Соның кесірінен балалар, ғалымдардың эксперимент объектісіне айналып кетті. Әрбір өзгерістер мен толықтырулардан кейін, салдарларын анықтаған соң барып, «а, бұл дұрыс емес екен, онда былай істейік» деп қайта өзгертеді. Сол үшін де білім саласында күнде өзгеріс. Өзгерістердің жиілігі соншалық, ауылдағы мұғалімдер өзгерістерге ілесе алмай жатыр. Барлығы түбегейлі қате десек дұрыс болмас. Тек бір ғана тоқтамдары ақылға қонымды. Яғни, қазір әлем білім беру жүйесі жаймендеп балаларға ойын арқылы білім беруге көшіп жатыр. Бұл дегеніміз, әңгімеміздің басында айтқандай, баланың қалауы - ойын арқылы білім берудің дұрыстығын дәлелдейді.
Медицина ғалымдары, балаға сабақтан гөрі көбірек физикалық белсенділіктің қажет екенін дәлелдеген. Мықты рух, ақыл, мықты денсаулықта болады дегендей. Физикалық тұрғыдан жақсы жетілген бала психологиялық тұрғыдан да жақсы жетіледі. Футболда допқа таласып үйренген бала, өмірде де бәсекеге қабілетті болып өседі. Бастысы, футбол арқылы командамен, қоғаммен араласып үйренеді. Социализацияны ең жақсы дамытатын орта да футбол. Ауа райының ыстық суығына қарамай далада футбол ойнаған, құлаудан кейін тұра білуге үйренген бала физикалық және псиологиялық тұрғыдан да шымыр болып өседі. Футбол - бұл жалғыз өзі күресетін, жалғыз өзі жарысатын спорт емес. Команда болып ойнайтын ойын. Яғни өзіңнің жеке мінездерің мен жеке мүддеңді, эгоизміңді бір сәт шетке қоя тұрасың. Команданы ойлауды, бірге жеңіске жетуді, басқаның алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйретеді.
Мен әрдайым мынадай эксперимент жасап жүрдім: футболдан басқа волейбол, каратэ, теннис, жүзу, грек рим күресі, тб түрлеріне қатысатын балалардан «өзің қатысып жүрген спорт саласы бойынша әлемге танымал 10 спортшыны айтшы» десем 1-2ден кейін тоқтап қалады. Ал осы басқа спортқа барып жүрген сол балалардан «әлемге танымал 10 футболисті айтшы» десем, 10 емес 20сын айтып береді. Ал футболға қатысып жүрген балалардың футболистерді санағанын айтпай-ақ қояйын. Бұл дегеніміз, балалар арасында футболға қатысушының абыройы жоғары болады. Естеріңізде шығар, аулада, мектепте балалар өзара футбол ойнағанда бәрі футболды жақсы ойнайтын балаға таласатыны. Яғни футболды жақсы ойнайтын баланы өз командасына тартуға тырысады. Бұл дегеніміз, баланың өз өзіне деген сенімділігін арттырады.
Үлкен адамдардың жүрген жері, қолы тиген жері зақымдалады деген рас екен. Сабақты жыл өткен сайын қиындатып жібергені өз алдына, енді үлкен адамдар балалардың табиғи ақысы – футболды да ластай бастады. Негізі, балалар футболы дегеніміз балалардың асыр салып ойнайтын, сайран салып ойынға тоймағанын балалар футболы дейміз. Бірақ балалардың осы бір сиқырға баурап алатын ойынын да үлкендер бұзып жатыр. Футболдың үлкен бизнеске айналып кеткені соншалық, 4-5 жастағы балаларды футболдың сиқыры арқылы баурап, одан тезарада табыс табу үшін, уақытша нәтижелерге тезарада қол жеткізіп, 7-8 жастағы баланы «саудаға» салып жіберді. Қазір әлемдегі балалар футболы, балалардың ләззат алатын ойынынан гөрі, бизнестің табыс түсіретін методикасына негізделді. Мақсат, тезарада табыс табу. Ал тезарада нәтиже шығару, ол баланың денсаулығы мен психологиясына зардабы көп. Үлкендер, стратегия, бағдарлама, методика, тб. түр түрлерін жазу арқылы футболды қинап үйретіп, балалар футболының ләззатын, рахатын қашырып жіберді. Мұндай методика, ереже арқылы үйретуге қарсы емеспін. Бірақ балаларға көбірек еркіндік беру керек. Біз балалардың футболдан ләззат алуын қамтамасыз етуіміз керекіз. Біз «ақша, ақша» деп балалар футболының ләззатын қашырып жібердік.
Біз бірнәрсені қатты естен шығарып алдық: Футболға келген балалардың бәрі футболист болмайды. Көбі ойыннан ләззат алу үшін келеді. Ал біз футболға келген баланы түрлі әдіс тәсілдер үйретеміз деп ойынның қызығын қашырып жібердік. Робот секілді ойнағанын қалап, жаттығуда тактикаларды, техникаларды өте көп қайталата береміз, қайталата береміз. Осылайша, футболды циркке айналдырып жібердік. Яғни жан жануарға кез келген әдісті қайталата берсеңіз, ол да қайталайды. Егер балалар футболындағы іс-әрекетімізге қарасақ, балалардың жан жануардан айырмашылығы қалмайды. Әсіресе жарыстарда нәтиже көрсету үшін, сол нәтижемен өз атағын шығаруға жаттықтырушы қатты мүдделі. Сол үшін жаттықтырушы, жарыста қарсыласынан мықты болу үшін жаттығудың ауыр түрлерін таңдайды. Ол баланың денсаулығы мен психологиясына қаншалықты зиян екені, ешкімге қызық емес. Иттер жарысы естеріңізде шығар. Жарыстардан жинаған медаль, кубоктар, ол итке түкке де керегі жоқ. Сол сияқты, балалардың жарыстардан алған медаль, кубоктары балалардан гөрі ата-аналар мен жаттықтырушыларға керек (мақтану үшін, «абыройын көтеру» үшін). Ал осы жарыстардың қызғаны соншалық: жарыстардан жарыстарға жүгіріп, тілі салақтап қатыса берген баланың денсаулығы мен психологиясы ешкімге қызық емес болып қалды. (Әрине ата анасы баланың жауы емес. Бірақ, олар бұл мәселеден ешқандай хабары жоқ, қараңғы болғандықтан ештеңе білмейді.) Қызық емес дейтін себебім, осы тақырыпта зерттелген ғылыми еңбектер, құжаттар, статистикалар, сауалнамалар, тб. жоқ. Себебі бұл мәселеде ешқандай бизнес, табыс жоқ болғандықтан, бұл мәселені ешқандай ғалым не мамандар зерттемейді. Зерттелмеген сала болғандықтан қараңғы күйі қалып қоюда. Бұл мәселе әлемде тек Қытайда ғана әлсін әлсін айтылды. Себебі Қытай спортты жаппай қолға алып, әлемге спорт арқылы күшін, дамып жатқанын көрсеткісі келді. Әсіресе бұл үдеріс Пекин олимпиадасында шыңына жетті. Нәтижесінде, спортта жетістікке жеткен спортшылары өмірде бақытсыздыққа жаппай ұшырай бастаған оқиғалар тіркеле бастады. Қысқа уақытта бомжға айналған олимпиада чемпиондары көбейген. Бұл жағдай амал жоқ, мәселенің түбіне үңілуге мәжбүрледі. Себеп: спортшыны бала кезінен дайындаған кезде физикалық салмақты аямай берген; спортшының сол спорт түрінен рахаттану, ләззат алу, ол спорттың мән мағынасы, философиясы, тб мәселелер екінші кезекте болған. Жоғарыда айтқанымдай, циркте жан жануарларға қайталата берген жаттығулардан кейін кез келген жан жануарлар қажет болса футбол да ойнап кете алады. Бірақ, бірақ: футболды мәжбүрлеп ойнау мен ләззат алып ойнау бар. Екеуінің нәтижесі екі түрлі. Қытайда кішкентайынан жан жануарға спорт үйреткендей үйретіп, нәтиже шығарып, сосын ол спортшыны «отработанный материал» секілді тастай салған. Нәтижесінде ол спортшы жан күйзелісіне ұшырап, түрлі бақытсыздық жағдайларына барған. Осы жағдайлар бізде де белең алып барады. Жалпы біз спортпен не үшін шұғылдану керектігін шатастырып алғандаймыз. Денсаулығымыз мықты болу үшін бе, нәтиже үшін бе?
Айтқым келгені: әлемде нәтиже үшін, ақша үшін футбол ойнау үдерісі қызып тұр. Бұл жағдай баланың футболдан ләззат алып ойнауына емес нәтиже көрсетуге құрылған/бағытталған. Балаңызды, осы жаппай белең алған теріс психология мен жағдайдың құрбаны етпеңіз. Нәтиже қуатын, уақытша нәтижемен көз алдайтын көріністерге бейім жаттықтырушыдан балаңызды аулақ ұстаңыз.
Футболдан ләззат алуын қамтамасыз етіңіз. Ләззат алып ойнаған баланың психологиясы, санасы, миы, ақылы тез дамиды. Ал өмірдің өзі дәлелдегендей ақылды, төзімді, күрескерлік рухы бар бала ғана футболист болады.
Фазылбек Әбсаттарұлы,
Қазақ үні