Бір футболшының орташа айлық табысы 70-80 мың еуроға дейін жетеді - Қожағапанов
2021 ж. 19 тамыз
4789
1
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов қазіргі таңда кәсіби спорттың қалай дамып жатқанын, сондай-ақ "Астана" футбол клубының жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz.
– Ерлан Тоқтарханұлы, сіз спортқа жауапты адамсыз. Сондай-ақ, бұған дейін Қазақстан футбол федерациясын басқардыңыз. Осы орайда мына мәселе туралы ойыңызды білсем деп едім. Клубтарымыздың Еуропаға биылғы жорығы жақсы басталып, тіпті, мықты командаларды жеңдік те, бірақ соңғы нәтижеміз мүлде көңіл көншітпеді. Ұятқа қалдық десек артық айтқандық емес. Ел чемпионы "Қайрат" Арменияның командасынан жеңілді. "Астана" финдерге қарсы кездесуде 3:1 есебімен алда тұрып, 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал "Тобыл" словактардан 0:5 есебімен оңбай ұтылды. Осы орайда айта кететін бір жәйт, біздің клубтардың жылдық бюджеті қарсыластардан бірнеше есе көп, тіпті 10 есе жоғары десек болады. Осының бәрі жанкүйерлердің де жанды жерлеріне тиіп жатыр. Әлеуметтік желілер шулап тұр. Бізге осындай футбол керек пе?
– Әрине, футболымыздың жағдайы көңіл көншітпей тұр. Бірақ, бұл жердегі нәтижелерге тереңінен үңілу қажет. "Қайрат" – жеке клуб, әлемдік деңгейдегі база салып, топ академия құрған. Қайрат Боранбаевтың төл баласы. Өз кезегінде Боранбаев Германияның "Лейпциг" клубымен ынтымақтастық орнатып, Ресейде "Қайрат-Мәскеу" командасын құрды. Ойыншыларының басым бөлігі қазақстандықтар және өз академиясының түлектері. Біздің проблемамыз – бізде Боранбаев сияқты адам біреу-ақ. Менің ойымша, ол клубының жеңілісімен өзі бас қатыруы тиіс, өзі шешетін мәселе деп қарар едім. Ең бастысы, "Қайрат" бюджет қаржысымен өмір сүрмейді. "Қайрат" сияқты командалар көп болса деп тілейсің.
Ал "Тобыл" көңіл қалдырды. Бірінші рет емес. Бірақ, Қостанайда облыс әкімі манеж салып, стадионды күрделі жөндеуден өткізген. Менің білуімше, ол қазір стадионға соңғы үлгідегі жасанды алаңды төсеп жатыр. Ұлттық құрамамыздың көшбасшы ойыншыларының басым бөлігі "Тобыл" сапында ойнап жүр. Егер олар Еуропада ойсырай жеңілген болса, демек біздің қазіргі деңгейіміз осы. Ұлттық құрамамыздың көшбасшы футболшыларынан құралған командамыз словакиялық жастардан ойсырай жеңіліп, ел футболының деңгейін анық көрсетті. Иә, "Тобылдың" нәтижелері өте төмен, бірақ олар мұның барлығын инфрақұрылымды жақсартумен жуып-шайып жатыр. Болашаққа инвестиция құйып жатыр деп ақтауға болады.
Мен үшін көңілімді қатты құлазытқан жайт – "Астананың" жағдайы. Көп жылдар бойы клуб ел футболының флагманы болды. Бюджеті жылына 30 миллион долларға дейін жетті. Осының нәтижесі қайда? Ештеңе де жоқ. База жоқ, академия да салынбады. Осы жылдар ішінде бірде-бір футболшыны тиімді, пайда әкелетін қаражатқа сатқан жоқ. Барлық ақша негізсіз қымбат легионерлерге, олардың агенттеріне, болмашы трансферлерге жұмсалды. Барлық нәтиже таблода, оған қараудың өзі ұят. Бір сөзбен айтқанда – "бардак".
– Бірақ "Астана" туралы айтқан мәселеңіздің биылдыққа қатысы жоқ шығар? Өйткені, жыл басынан бастап елімізде клубтардың бюджеті біршама қысқарды емес пе?
– Биыл Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау үшін барлық кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру қысқартылды. Кейбір клубтар бұл қысқартудың маңыздылығын түсінбей жүрген секілді. Олар қатты қателеседі, әрі ол үшін нақты есеп те береді. Мысалы, "Астана" футбол клубының осы жылғы бюджеті 5 миллиард теңге, ал қалған клубтардың барлығында 1,2 миллиард теңгеден аспайды. Ал нәтижесі кәне? Еуропадағы сәтсіздіктен басқа ештеңе жоқ.
– "Астана" басшылары клубтың өткен жылдардағы үлкен қарыздары туралы айтып, осы жағдай командаға жоғары жетістікке жетуге мүмкіндік бермей жатыр деген пікірде...
– Ендеше, талқылайық. "Астана" осы жылға 4,2 миллиард теңге кредиторлық берешекпен кірді. Қазақстанда мұндай қарыз ешқашан бірде-бір клубта болған емес. Бұл қарыздардың көп бөлігі 2020, яғни "ковид" жылы пайда болды. Клуб белшесінен берешекке батып, енді оны мемлекет есебінен өтегісі келеді. Бірақ бұл қарыздардың көптеген компоненттері зерттеле келе үлкен сұрақтар туып отыр. Біз көптеген қарыздардың пайда болуының заңдылығына елеулі күмән бола тұра, ақшаны оп-оңай бере алмаймыз. Қазір бұл ақша сенімді қорғалған. Бірақ ол клубқа барған бетте, күмәнді келісімшарттар есебінен басқа тараптарға кету қалуы мүмкін. Біз оған жол бермейміз.
– Сіздің сөзіңізден бұл қарыздар немесе олардың бір бөлігі "қолдан жасалғандай" естіледі екен...
– Өкінішке қарай, мұны да жоққа шығаруға болмайды. Қазір клубта аудиторлық тексерістер жүріп жатыр. Өз кезегімізде кредиторлық берешекті өтеу барысында халық ақшасының ысырап болуына жол бермейміз. Заң аясында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
– Тексеру жүріп жатқаны түсінікті. Бірақ, өзіңіз айтқандай, "Астанадағы" "бардактың" нақты мысалдарын келтіре аласыз ба?
– Қазір тексеру жүріп жатқандықтан, көп нәрсені көпшілікке ашып айта алмаймын. Бірақ бізді қатты мазалайтын жағдай, клуб іс жүзінде сыртқы күштердің және шетеклік бір топтың басқаруына өтіп кеткен. Шын мәнінде, клуб барлық құқықтық жұмыстарды, сонымен қатар, спорттық және маркетингтік жұмыстарды ресейлік компанияға, соның ішінде түсініксіз тұлғалардың қолына еш жауапкершіліксіз тапсырып қойған. Бұл дегеніңіз "Астананы" біздің менеджмент емес, күмәнді шетелдік компания басқаратындай көрінеді. Жалпы, егер барлық жұмысты өте үлкен көлемдегі ақшаға шетелдік компанияға тапсырған болса, онда "Астанаға" бас директор, заңгерлер, маркетологтар не үшін керек? Онда да көптеген келісімшарттар мен қарым-қатынастар "Астананың" мүддесіне қарсы тұруда.
Бір ғана мысал келтірейін. "Астана" осы шетелдік компанияға жаттықтырушы Григорчукпен бітімгершілік келісім жасасуға дейінгі барлық құқықтар мен өкілеттіктерді беріп, дауды шешуді тапсырған. Бітімгершілік келісімі бойынша "Астана" тарапы Григорчукқа бірнеше траншпен төлем жасауды көздеді. Бірақ төлемнің мерзімін өткізіп алған жағдайда "Астана" Григорчукке күткендей күніне 0,01 немесе 0,02% емес, бірден 200 мың еуро төлейді. Нәтижесінде, клуб Григорчукқа 866 мың еуро негізгі қарызынан басқа, кешіктіргені үшін тағы 400 мың еуро төлеуге мәжбүр. Тиімді мөлшерлеме еуромен жылдық жүздеген пайыздармен есептеледі. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан мұндай бітімгершіліктің зияны болмаса, пайдасы жоқ. Ол "Астанаға" арнайы залал келтіру үшін жасалған сияқты. Клуб халықаралық мықты құқық компаниясын жалдаған кезде, біз "Астананың" мүддесін қорғаудың мүлде басқа деңгейін күтеміз. Өкінішке қарай, ешқандай қорғауды көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, толықтай мүддені басқа тарапқа беріп қойған. Жағдай расымен осылай. Сондықтан, клубқа осы кеңсемен барлық қарым-қатынасын бұзуды бұйырдық. Олардан келетіні тек қана шығын. Олардың іс-әрекеттеріне әлі де процедуралық баға беру керек.
Әрі қарай жалғастырайын. "Астанада" жалақы мөлшері тым жоғары. Кейбір легионерлерге айына 50-60 мың еуро төлейді, ал жыл сайын ондаған және жүздеген мың еуроға көтергіштер тағайындалады. Бір футболшының орташа айлық табысы 70-80 мың еуроға дейін жетеді. Не үшін? Финдердің бүкіл командасы біздің бір ойыншыға тиесілі жалақыны алады. Соған қарамастан финдер келесі кезеңге өтті. Ау, сонда сіз қай елде тұрып жатырсыз? Балаларға, жанкүйерлерге, бүкіл Қазақстанға қандай пайдасы бар? Біз клубқа қаржылық тәртіпті, негізгі тәртіпті енгізгіміз келеді, бірақ олар бұған қарсы.
– Қалайша?
– Мәселен, тиімділікті арттыру және теріс пайдалануды болдырмау үшін трансферлік комитет құруды ұйғарғанбыз. Бұл табиғи қадам деп есептеймін. Трансферлік комитеттер барлық клубтарда бар. Бірақ олар бұған қарсы болды. Клуб агенттік келісімшарттарды трансферлік Комитеттің өкілеттіктері шеңберінен шығаруды ұсынды. Дегенмен агенттік төлемдер мәміленің ең маңызды параметрі болып есептеледі. Клуб агенттік төлемдерді өздері шешетінін мәлімдеді. Өз кезегімізде агенттік және көтерме төлемдердің кез келгеніне тыйым салуды, ал футболшылардың жалақыларын теңгеге аударуды ұсындық. Шын мәнінде, клубтың бюджеті теңгемен бола тұра, айлық жалақыны доллармен немесе евромен қалай белгілеуге болады? Курстың кез келген теріс динамикасы, сізге негізсіз кредиторлық берешек әкеледі. Бірақ клуб біздің талаптарымызды мүлде елемеді. Нәтижесінде, барлық жаңа ойыншылар 15%-тік агенттікке қол қойды. Бұл құжаттардың да заңдылығы күмән тудырады.
2018 жылдан бастап "Астананы" қаржыландыруға шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Бір "Астанаға" бүкіл қазақстандық спортқа қарағанда көбірек ақша жұмсалды. Неге? Бюджеті мүлде аз финдерден жеңілу үшін бе, әлде, өткен жылғыдай қарапайым Черногорияның "Будучность" сияқты ортанқол ұжымына ұтылу үшін бе? Жыл сайын осы көрініс: бюджеті бірнеше есе аз, дәлірек айтсақ, біздің команданың бюджетінен он есе төмен командадан жеңілеміз. Енді мұндай бассыздықтың жалғаса беруіне жол бермейміз. бұдан былай жалғасуы мүмкін емес. Бәрін дұрыс жасауымыз керек. Бұл "бардакты" тоқтататын уақыт жетті.
– Енді "Астананың" алдағы тағдыры қандай болмақ?
– Келесі жылға арналған бюджет тағы 40%-ға қысқарады. Президент тапсырды, біз орындаймыз. Түсінбегендер орнын босауты тиіс. Бұл тек "Астанаға" емес, барлық клубтарға қатысты.