Токио олимпиадасы: ақталмаған үміттер мен бапталмаған шәкірттер
2021 ж. 02 қазан
4212
0
Олимпиада ойындары әлем спорт тарихында 4 жылда бір-ақ рет өтетін аса күрделі де ауқымды халықаралық спорт қозғалысының ең жоғары мәртебелі сайысы болып саналады. Осы сайыста алтын, күміс, қола медальдар жеңіп алған спортшылар өзі елдерінде үлкен құрмет пен атаққа бөленеді. Әйтсе де, күміс пен қола медальдарға қарағанда, алтын медаль иегері аса үлкен құрмет тұтылатыны бесенеден белгілі. Ол орында да. Өйткені, әлемдік биіктен көріну мен жүлделі орын алу үшін спортшы-үміткерлер мен оларды4 бапкерлері «жүз ойланып, мың толғанып», талай тер төгетіні белгілі.
Токио Олимпиядасына қатысқан елдердің арасында Қазақстан спортшыларының тек 8 қола медальдарына қолдары жетіп, 82 орында қалып қойғандығы намысымызға тиіп, қабырғамызды қайыстырып отыр. Қазір спортшылар мен бапкерлер қатты сынға алынуда. Болар іс болды, енді тек жіберілген кемшіліктер мен олардың себептерін жан-жақты жіті талдап, терең пайымдап, келешекте болдырмауын, алдағы уақытта тек биіктен көрінуді ойластырайық. Бұл мәселе бұрыннан да көңілімізді алаң-ғұлаң етіп жүрген болатын. Олимпиада ойындары басталар алдында, осы тақырыпқа арналған «Жас Алаш» газетінің бетіне шыққан «Олимпиада тұғырында Ниязымбетовтің көзіне үйірілген жас» атты мақаламда Қазақстанның сенім артқан маңдай алды спортшыларының көбісінің алтын медальға қолдары неліктен жетпей қалатыны мәселелеріне назар аударылып, оның кейбір себептері аталып өткен болатын. Сонымен, қазір мен, өкінішке орай, ежелгі грек аңызындағы Кассандраның күйін кешіп отырмын. Естеріңізде болса, Кассандра шын болатын қауіпті жағдайларды нақты болжап, халықты құлақтандырған, бірақ оған өкпесін бүгіп қалған Апаллон құдай, оның ескертпелеріне қалың жұртты сенбейтіндей еткен. Осы мақаладағы мына пафосқа толы екі ғана сөйлемді қайталауым артық болмас: «Тек Ә.Ниязымбетов қана емес, көбіне біздің маңдайалды керемет дарынды спортшыларымыздың әлем біріншіліктерінің финалында сүрініп, күміс не қола медальдарына ғана қол жеткізіп жүргені жүрегімізді сыздатады. Шіркін, кеуделерінде жарқырап тұратын, құндылығы мен қасиеті биік, құрмет-қошеметі зор, еліміздің атақ-даңқын аспандататын алтын медальға түлектеріміздің көпшілігі не себепті жете алмай қалады?».
Менің пайымдауым бойынша, ең басты себеп, ол Елімізде спортқа деген мемлекеттік стратегияның тиімді денгейде қарастырылмауы. Оған дәлел айдан айқын. Айталық, Қазақстан мемлекетінің мәдниетінің өзі жеке дара өте ауқымды да күрделі сала. Ал спорт та оған күрделілігі пара-пар көлемді сала екендігі айқын. Осы екі күрделі салаларды тек бір Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің құзіретіне берілуі министрліктің жалпы қызметін басқаруды қыйындататыны анық. Бірақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысына сай Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында (N.B.! - автор Н.Садуақастегі) Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы қабылдап, аталған министрліктің ережесі бекітілген. Осы Ережеде: «...Қазақстан Республикасының Мәдениет
және спорт министрлігі ...мәдениет, ...дене шынықтыру және спорт, ...қызмет салаларындағы басшылықты, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады». Не дегенде, Елімізде спорт және дене шынықтыру салаларындағы күрделі мәселелерді жүйелі де тиімді шешу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрамынан «Спорт және дене шынықтыру» саласын жеке дара министрлік немесе комитет ретінде статусын бекітіп, бөліп алу кешіктіруге мүлдем жатпайтын уақыт талабы. Осы мәселеге Үкімет пен Парламент депутаттары жедел назар аударса деген үміттеміз.
Қазақстан спортшылары қатысқан Олимпиада ойындары тарихына көз жүгіртсек атақты боксшыларымыз еске түседі. Оларды қалың жанкүйер жұрт жақсы біледі. Олимпиада ойындары сайысында Еліміздің спорт қоржынына ең көп алтын медальдар салған қазақстандық боксшылар. Қазақстанның атағын асқақтатып, абройын көтерген үздік өнер көрсеткен боксшыларға берілетін В. Баркер кубогын үш спортшымыз жеңіп алғанын шынайы мақтан етеміз. Олар - Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев. Аталған аса ардақты жүлдені ұтқан елдер арасында Қазақстан әлем бойынша елеулі екінші орынға ие екендігі жанымызды қуанышқа бөлейді. Керемет жетісітік екені анық. Осы биіктен көріне беруіміз абзал. Ең бастысы ғылыми, озық тәжрибелерді басшылыққа алу басты мақсат. Қазіргі заманауи үрдіс – ол бәсекелестік. Жаппай бәсекелестікте шаң жұтып қалмай, алда болу үшін жаттығу барысында озық «ноу-хау», әдіс, іс-қимыл, пайдалы құралдар мен айла-тәсілдер болуы шарт. Бірақ олардың бәрі де бәсекелестердің көздерінен тыс, құпия болуы басты шарт. Мен мемлекеттік спорт үйлестіру лауазымды қызметкерлерімен қоса, бапкерлер мен Еліміздің спортына үлес қосатын қалталы спорт фанаттарымен бірқатар спорт түрлері мен жастүлек футболшыларды дайындау айтарлықтай креативті тәсілдерімен бөлісуге дайын екенімді құлағдар етемін.
Келешекте барлық спорт салаларын дамыту мәселелеріне жіті көңіл бөлу қажет. Әсіресе алтын медальдарды көп жеңіп алу түрлерін естен шығармау абзал. Мысалы, суда жүзу мен суға секіру спорт түрлеріне баса көңіл бөлу кажет. Бұл спортқа дайындықты қысы-жазы жасауға мүмкіндік зор. Осы суда жүзу спортының тарихында аса үздік екі спортшыларды атап өтпеуге болмайды. Олар АҚШ-ның суда жүзу майталман спортшылары Марк Эндрю Спитц пен Майкл Фред Фэлпс. Марк Спиц аты аңызға айналған спортшы, ұлты еврей, АҚШ азаматы, Олимпиада ойындарында 9 алтын, 1 күміс және 1 қола медальдарын жеңіп алған. 1969, 1971 және 1972 жылдары әлемнің ең үздік жүзгіші болып танылған. Ал, Майкл Фэлпс болса атағы жер жарған жүзуші. Суда жүзу олимпиада ойындарының тарихында 23 алтын медаль (абсолюттік рекорд) жеңіп алған әлемдегі жаңғыз спортшы. Ол 28 дүркін олимпиада сайыстарының жүлдегері және 26 дүркін әлем чемпионы болған. Шынайы таңданарлық жетістік.
Тағы да ауызға алар маңызды жәйт, Олимпиада ойындарында жеңіске жету әрқашан айтарлықтай мәртебе болып саналады. Мемлекет пен ел-жұрт чемпионды аса құрмет тұтады, қомақты ақшалай сыйлықтармен қоса ол халықтың қошеметіне бөленеді. Жеңіскерді мәртебе тұту бір мәрте чемпион тұғырынан көрінгендерге қатысты болса, ал бірнеше дүркін жеңіске жеткендерді ұлықтау айырықша екендігі айтпаса да түсінікті. Айтар болсақ, алтын медальды үш рет жеңіп алған 418 спортшы; төрт рет -167 спротшы; 5 рет – 65 спортшы; 6 рет 30 спортшы; 7 рет 16 спортшы; 8 рет 11спортшы, 23 рет 1 спортшы Олимпиаданың тарихында аттарын алтын әріппен жаздырған. Қызығарлық мәліметтер.
Қай салада болсын, сонымен қоса спортта да, болашақ жетістіктерге іс-қимылымен бейім, жігерлері тасып, көздері жанып тұрған дарынды жастүлектерді ертерек
анықтап(селекциялық жұмыс, іріктеу), бағытын бағдарлап, білікті бапкерге тапсыру өте маңызды екенін әрқайссымыз есімізде сақтап жүруіміз абзал. Олимпиада чемпионы бала кезден бастау алады. Атақты спортшыларды бапкерлерге аналары апарып арнайы тапсырғандардың қатарында футбол жұлдызы Иохан Кройф, боксшы Костя Дзюды атауға болады. Жасөспірім Дзюды бапкерге тапсырған анасы: «Серік Қонақбаевтай боксшы болуын қалаймын»-деген екен. Анасының қалауы ақталғанын Костя сан мәрте дәлелдеді.
«Спортстат» сайты деректеріне қарағанда, Қазақстан спортшылары 5 олимпиадада спорттың 6 түрінен алтын жүлде жеңіп алса, жалпы 10 түрінен жүлдеге ие болған. Олар – бокс (6), ауыр атлетика (5), жеңіл атлетика (2), грек-рим күресі (1), велоспорт (1), қазіргі бессайыс (1) және дзюдо, таеквондо, еркін күрес және нысана көздеу сайыстары. Болашақта алтын медаль алатын, чемпион тұғырында көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқататын түлектеріміз көп болғай! Бүгінгі таңда, «сіз болып, біз болып» спорт саласын әлемдік денгейге көтеріп, Еліміздің атақ-абройын артырайық, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы, публицист