Хоккейден Қазақстан құрамасы Әлем чемпиондарын ұтты

Хоккейден Қазақстан құрамасы Әлем чемпиондарын ұтты

Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін Қазақстан құрамасы екінші ойынын Финляндиямен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қарсыласымыз - әлемдегі үздік құрамалардың бірі. Айта кетерлігі, олар әлем чемпионатында 1995, 2011, 2019 жылдары жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, бұған дейін қос құрама төрт мәрте кездескен болатын. Оның барлығында финляндиялық хоккейшілер жеңіске жетті. 

Бүгінгі ойында қазақстандық құрама лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде ойыншылар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. 

Екінші кезеңнің 33-минутында финляндиялық Антон Лунделль есеп ашса, оған 35-минутта Кирилл Панюков бір шайбамен жауап берді. 

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады. Буллитте Қазақстан басым түсті. 

Осылайша, қазақстандық хоккейшілер қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Өз тарихында ҚР құрамасы Финляндияны тұңғыш рет жеңіп отыр. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан құрамасы Латвияны буллитен 3:2 есебімен жеңді. Ал Финляндия-АҚШ матчы 2:1 есебімен аяқталды. Қазақстандық хоккейшілер енді 25 мамырда АҚШ құрамасымен кездеседі.