Салауаттылыққа бейімдеуге көңіл бөлінуде

0
211

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жас ұрпақтың тәлімді тәрбие , сапалы білім алуы мен денсаулығы мықты болып өсуін қамтамасыз ету бойынша тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында қосымша білім беру мекемелері, басқа да үйірмелер мен секциялардың санын арттырып, жұмыс сапасын көтеру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Оған қоса, жас ұрпақтың дені сау, салауатты өмірге бейім болып өсуі үшін Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалатын болды.

Статистикалық мәліметке сай қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 294 мың адамға жеткен. Оның басым бөлігін жастар құрайды. Президент тапсырмасына сай қала халқының 30 пайызын тұрақты бұқаралық спортпен қамту үшін мегаполистегі спорт нысандарының санын көбейту қолға алынған.

Қалада 856 спорттық нысан тіркелген. Одан өзге, спорт алаңшаларын салуға 95 жер телімі белгіленген. Олар негізінен қаланың шеткері жатқан шалғай елдімекендерінен салынбақ. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтің айтуынша,  1- қарашадан бастап аллеяларда жаппай спорттық жаттығулар ұйымдастырылатын болады. Уақыты таңғы 07.30-да және кешкі 18.30-ға белгіленген. Халық көп жиналатын спорт алаңдары ретінде Абай саябағы, Металлургшілер саябағы, Отбасы аллеясы, Қошқар-Ата жағалауы, Тәуелсіздік саябағы, Орталық саябағы, Жеңіс саябағы, Дендросаябақ, «Нұрсәт» шағын ауданындағы аллея және Қажымұқан атындағы Орталық стадион таңдалған. Бұл шымкенттіктердің бұқаралық спортпен шұғылданып, салауатты өмір сүруіне жасалып отырған нақты шаралар.

Бұқаралық спортпен неғұрлым көп адамды қамту үшін жеткіншектердің спортқа құмарлығын жастайынан оятып, салауатты өмір сүруге тәрбиелеу қежеттігі белгілі. Ол үшін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларынан спорттық алаңшаларды көптеп салу керек. Шымкент қаласында бұл іс 2014 жылдан бері жоспарлы түрде жүзеге асырылып, жалпы 4 243,2 млн. теңгеге 222 аула абаттандырылып, 58 спорт алаңшасы салынған еді.

Ал биыл және келесі жылдары 107 аулаға ойын алаңшаларын, 48 спорт алаңшасын салуға, 42 спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеуге және 36 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру жүзеге асырылмақ. Яғни, салауатты өмір салтына, бұқаралық спортқа ұрпағымызды кішкентай кезінен баулу арқылы спорттың бұқаралығын арттырумен қатар еліміздің ересек азаматтарының дені сау, салауатты өмір сүретіндерінің санын да арттыру мақсат етіліп отыр.

Салауаттылықты жас ұрпақ бойына сіңіру мектеп қабырғасында жаппай жүзеге асырылуы балалардың есейгенде салауаттылықты өмірлік әдетіне айналдыруына әсер етеді. Қаладағы спорт мектептерінде 15 650 бала түрлі қосымша спорт үйірмелеріне барады екен. Одан өзге, 147 жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерде түрлі спорттық секциялар мен үйірмелер ашылып, оған 62 071 оқушы тартылған. Оқушылардың арасында спорттық секцияға және қосымша білім беру үйірмесіне қатар қатысып жүргендері де баршылық. Олардың басым бөлігі жастайынан өзінің уақытын тиімді пайдалануды әдетіне айналдырған жеткіншектер. Түске дейін мектептің сабағымен шұғылданса, түстен кейін спорттың бір түрімен айналысу үшін секцияға барып, одан шыққан соң пәндік үйірмеге қатысады. Бұл – жасөспірімнің салауатты өмір сүруінің көрінісі. Олар есейе келе, бүкіл өмірінде осылай салауаттылықты өз өмірлерінің дағдысына айналдырып еліміздің атпал азаматтарына айналары хақ.

Жеткіншектердің дені сау шымыр болып өсуі үшін спорттық секцияларға тартылса, тәрбиелі де білімді болып өсуі үшін алуан түрлі пәндік үйірмелерге тарту жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласында 9 қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 20 061 оқушы түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады.

Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы жалпы 214 506 оқушының 97 752-сі (45,6% ) қосымша біліммен қамтылған.

Осы жылы қосымша білім беру мекемелерінің үлесін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Балалар эстетикалық саз мектебінің» ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан 150 орындық Өнер мектебі мен Бекет батыр көшесіндегі Өнер мектебінің құрылысы жыл соңында пайдалануға беріледі. Шымкенттік жеткіншектерге қосымша білім алуда таңдау көп. Олар спорт түрлерінен бөлек сүйікті пәндеріне, өмірлік қызығушылығына байланысты білім-танымдарын кеңейту үшін қосымша білім алу арқылы өздерін жан-жақты азамат болуға тәрбиелейді. Біреулері экология, табиғатқа қызықса, енді бірі өнердің түрлеріне қызығып, үшіншілері электроника мен техникаға құмартады. Осылайша жас ұрпақ жалпы білім алумен қатар өздерінің қызығушылығына қарай дүниетанымын кеңейтуге, ең бастысы бос сенделмей, уақытын тиімді пайдаланып салауатты өмір сүруге бейімделуде. Үшінші мегаполис басшылығы мен тиісті басқармалары қаланың кішкентай азаматтарын отаншыл, білімді де білікті, тәртіпті де салауатты етіп өсіру үшін алдағы уақытта да нақты жоспарлар мен бағдарламаларға сай жұмысты жалғастыра бермек.

 

Аман СЕЙДАХМЕТҰЛЫ

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз