«QAZAQ promotions» Америкада жаңа келісім жасады

Жақында америкалық «Raynelo Boxing Management LLC» және «KO ADDICTION’S» промоутер компаниялары қазақстандық боксшы Қанат Ислам құрған "QAZAQ promotions" промоутер компаниясымен келісімге қол қойды.

«Аталған келісім біздер үшін де тың шешім болып отыр. Кәсіпқой бокстағы жаңа ойыншылармен жұмыс істеу алдағы жоспарларымызға қызықты бетбұрыстар жасайды деп күтеміз»,- делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Қол қойылған келісімдерге байланытсы Қанат Ислам да қуанышты екенін білдірді:

«Raynelo Boxing Management LLC» және «KO ADDICTION’S» промоутер компанияларымен серіктестік орнату біз үшін жақсы жетістік. Енді Қазақстан боксшылары екі ай сайын Америкада өтетін халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыса алады. «QAZAQ promotions» компаниясы атынан жас спортшылардың әлемдік аренада танылуына жол ашамыз. Бұл қазақ спортшылары үшін үлкен мүмкіндік. Қазақ кәсіпқой боксында бұрын болмаған тың оқиға. Біз енді АҚШ-та жаңа жобаларды іске асыруға бар күшімізді саламыз. Айта кетерлігі, алдағы жарыста өзім де бокс алаңында өнер көрсетемін, қазір соған дайындалып жатырмын», - деді Қанат Ислам.

«QAZAQ promotions» кәсіпқой бокс саласында жас компания. Бірақ, олардың АҚШ-та жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қазақстанда да бірнеше ірі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырған.