Нағыз адамгершілік мектебі

Ғалымжан Қанаев – Қазақстан Республикасының 4 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасы Кубогының 5 дүркін жеңімпазы, 2015 жылы Азия чемпионы, 2015 және 2018 жылдары Әлем Кубогының жеңімпазы. Кикбоксингтен 2018 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. 2018 жылдан бастап «Alash Pride» клубының мүшесі. 2019 жылы «Ең мықтылар турнирінің» жеңімпазы, сол жылы Барселона қаласында (Испания) өткен жарыста «Еуропаның UFC белбеуін» жеңіп алды. Санкт-Петербург қаласында (Ресей) өткен жарыста «Еуразия белбеуін» жеңді. К-1 бағдарламасынан 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ғалымжан Қанаев қарапайым отбасында үш қыздан кейін туған кенже ұл. Бала күнінен еті тірі, спортқа қызығушылығы басым болды. Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы болғанда, теледидардан көріп отырып «Мен де Бекзат ағадай әлемге қазақты танытатын чемпион боламын» деп іштей өзіне серт еткен. Достарымен бірге бокстан, кикбоксингтен өткен жарыстарды барып тамашалап, ақыры спорттың жекпе-жек түрін ұнатқан. Спорт залға әкесі Асылбек ертіп барып, біразға дейін өзі жаттықтырып, алғашқы жаттықтырушысы Жаңабай Әшірбековтің тәрбиесіне берген. Қатысқанына көп өтпей өткен алғашқы жарыстағы жекпе-жекте жеңілген. Жаттықтырушысы Жаңабай аға көзінің оты бар бұдан бірдеңе шығатынын білсе керек, жасөспірім баланың намысын жанып, жігерлендіргендіктен еселеп жаттығу жасап, ақыры көптеген ірі жарыстарда жеңіп жүр. Ғалымжан да өзінің алғашқы әрі күні бүгінге дейінгі жаттықтырушысы Жаңабай Әшірбековті спорттық жетістіктеріне жетудегі еңбегі үшін құрмет тұтады. Ғалымжан «Әкем сол алғашқы жеңілісімді көргенде көздерінен мұң байқалып, маған ойлана ұзақ қарағаны есімде. Сол сәтте «Әке, мен әлі талай жеңістерге жетемін, көрерсің» деген едім іштей. Бірақ, арада бір ай өткенде әкешім қайтыс болды, менің жеңістерімді көре алмай кетті. Мен болсам әлі күнге дейін асыл әкеме жеңімпаздығымды дәлелдеумен келемін. Әр жарыста жеңіп биік тұғырда тұрғанда көзіме жас алып, көкке қарап «Әке, жеңісімді өзіңе арнаймын, деймін. Бақилық болған адамның рухы көктен ұрпағына қарап тұрады, дейді ғой, менің әкемнің рухы да аспаннан маған қарап тұрғандай сезінемін. Әке рухы мені жеңіске жігерлендіреді» деп еске алады. Міне, шынашақтай баланың жігері, қайсарлығы. Ол арманда кеткен әкесінің рухы алдында өзінің жауапкершілігін сезінгендіктен де жаттығуларда басқалардан еселеп тер төгіп жаттығып, рингке шыққанда көзінен от шашып қалайда жеңу үшін бәрін де жасайды. Қандай жарыста болсын спортшы қобалжиды. Сетка-рингке шығарда әрдайым Ғалымжанның бойында да аздаған қобалжу болады, сол сезімді жеңе білу қажет. Өзіңді өзің жеңе білсең жекпе-жекте де жеңіске жету мүмкіндігің көп. Қарсыласыңның бұрынғы жекпе-жектерін көріп, танысып, әдістеріне қарсы әдістер дайындауға тырысасың. Бәрібір рингте ойыңды кейде іске асыра алмайсың, кейде ойыңды іске асырып рахаттанасың, деп жекпе-жектегі жағдайы туралы әңгімелеген Ғалымжан «Жалпы жас адамға, оның адам-азамат болып қалыптасуына спорттың берері көп. Жаттығу залында алдыңғы толқын ағалардан, тәжірибелі спортшыларға еліктейсің, олардан көп нәрсе үйренесің. Өмірдің де қыр-сырларын үйренесің. Мен Арман, Бауыржан сияқты атақты да тәжірибелі ағалармен бірге жаттығып жүріп спорттық жетістіктерге жету үшін керектерімді ғана емес жалпы өмірге қажетті көп нәрсе үйрендім. Балаңдау кезімізде залда бірге жаттығатын Бабыржан Артықбаев ағамыз жеңіп жүлде әкелсе соны таласа ұстап, бойымызға сүйкеп, жолын берсін, деп тілейтін де едік. Талай жарыстарға қатысып жүріп неше түрлі спорттық жаттығу залдарын көрдім, жаттықтым. Бірақ, өзіңнің үйреншікті жаттығу залыңа жетпейтінін түсіндім. Өз залың өз үйіңдей болып кетеді, оған қандай керемет зал болса да жетпейді екен» деп туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігін де аңғартып өтті. Отанды сүю отбасынан басталады, дегендей атақты кикбоксшы жаттығу залын да басқалардан артық көріп, құрметтейтінін байқатты. Шымкент қаласында өткен ірі жарыста қарсыласын таза жеңген ол «Спорт мені көп нәрсеге үйретті. Тұлға болып қалыптасуға, адамгершілік, мінезділік қасиеттер, имандылық, еңбекқорлық, жауапкершілік, намысқойлық, тағы басқаларына үйретті. Шымкентте мұндай жекпе-жек тұңғыш рет өтіп отыр, қарсыласым төрт кезедсу өткізген тәжірибелі спортшы болды, мен алғаш рет ірі жарысқа қатысып тұрсам да жеңдім» деп туған жердің киелі топырағына дейін тілектес болатыны жайлы да толғанып еді. Ғалымжанның алғашқы ірі жеңістерінің бірі 2013 жылы қазанда Петропавл қаласында өткен Қазақстан Республикасының Кубогі болды. Дәстүрлі жарысқа спортшылардың белсенді қатысуының себебі осы жарыста мықтылардың мықтысы анықталып, үздіктері кикбоксингтен ұлттық құрамаға енеді. Яғни, ел намысын әлемдік рингтерде қорғайды. Алдына үнемі мақсат қойып соған жеткенше тыным таппайтын Ғалымжан осы жарыста қалайда жеңіске жетіп Қазақстан ұлттық құрамасына мүше болуға ұмтылған болатын. Ғалымжан шаршы алаңға қостанайлық Руслан Чемурзиевпен кикбоксинг спортының белден жоғары соққы жасауға негізделген түрі фул-контакт бойынша күш сынасты. Төрешілер жеңісті бірауыздан қарсыласын тұқыртып, белсенді түрде соққылар жасаған Ғалымжан Қанаевқа берді. 2017 жылы тамызда Қызылордада Қазақстан бапкерлерін еске алуға арналған кикбоксингтен ерлер мен әйелдер арасында республикалық мықтылар турнирі өтті. Бесінші мәрте ұйымдастырылған жарыста республиканың кілең мықтылары кикбоксингтің фулл-контакт және К-1 бөлімдерінен күш сынасты. Ғалымжан осы турнирде өз салмағында жеңімпаз болумен бірге «Үздік техника көрсеткені үшін» номинациясымен марапатталып, өзінің ең шебер спортшы екендігін дәлелдеген болатын. Кикбоксингтен ересектер арасындағы ұлттық құрама сол жылы 3-12 қараша аралығында К1, full-contact, low-kick әдістері бойынша Будапештте (Венгрия) өткен Әлем чемпионатынан 16 медаль алып қайтты. Чемпионатқа әлемнің 70 мемлекетінен спортшылар қатысты. Ғалымжан Қанаев (81 кг, фулл-контакт) бұл жолы қола медальді қанағат тұтты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. 2018 жылы Ережесіз жекпе-жектен Шымкентте тұңғыш рет өткен халықаралық жарыста еліміздің намысын Ғалымжан Қанаев қорғады. Аталмыш додада ел намысын қорғаған жалғыз жерлесіміз қолдаушылар сенімін ақтап шықты. Сол жылы шілде айында Қапшағайда аралас жекпе-жектен «Алаш прайд» ұйымдастырған белдесуде бірнеше мемлекеттің саңлақтары қатысты. Ғалымжан тәжікстандық Олим Хайтбекпен аралас жекпе-жектің К1 түрінен 81 кг салмақ санатында «ALASH PRIDE» тұжырымы бойынша Азия чемпионы белдігін сарапқа салды. Жерлесіміз бірінші раундта-ақ, өзіне тым сенімді тәжік спортшысын нокаутқа жіберді. Осылайша, Қанаев Азия чемпионы атанды. Азия чемпионы атанған оны жерлестерімізбен бірге облыстық маслихаттың депутаты, спорт саласының жанашыры Қайрат Сүлейменов қаламыздағы теміржол вокзалынан үлкен қошеметпен күтіп алып тұрып «Біздің Шымкенттен осындай спортшылар жастарға үлгі болып көп шықса, елімізді басқа салалармен бірге спортта да бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуға үлес» деген еді. Одан бері де Ғалымжанды және де спорт саласындағы басқа да атақты спортшыларымызды мегаполис атанған қаламыздың жастарына салауаттылыққа тәрбиелеу ісінде үнемі үлгі-өнеге етіп келеді. 2019 жылы наурызда «Alash pride» промоутерлік компаниясының мұрындық болуымен Тараз қаласында тұңғыш рет аралас жекпе-жектен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің спортшылары қатысты. Халықаралық турнирдің негізгі сайысында өз елінде муантайдан екі рет, Европаның бір мәрте чемпионы түркиялық Кутлухан Сормагес пен қазақ кикбоксшысы Азия чемпионы Ғалымжан Қанаев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына таласты. Жекпе-жек өнерінің К-1 нұсқасы бойынша өткен жарыс қорытындысында төрешілер қарсыласын тұқыртып, айқын басымдығын көрсеткен Ғалымжанды жеңімпаз деп таныды. Қазақстандық кикбоксшы Ғалымжан «Батыр» Қанаев Испанияның Барселона қаласында 2019 жылдың мамырында өткен халықаралық К-1 тұжырымы бойынша турнирде ресейлік Степан Луковниковпен жұдырықтасты. Тәжірибелі спортшы қарсыласын жойқын соққыларының астына алып, бірінші раундта нокаутқа жіберіп, «Еуропаның UFC белбеуін» жеңіп алды. Осылайша, Ғалымжан екі бірдей салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Бұның алдында ғана Ғалымжан Қанаев 30 сәуір күні «Алаш прайд» турнирінде Европа чемпионы әзірбайжандық Намик Рахматуллаевты жеңген болатын. 2020 жылдың наурызында Түркістан қаласында өткен халықаралық турнирде қарсыласын бірінші раундта нокаутпен жеңген Ғалымжан бұл жылы да алдына үлкен мақсаттар қойып, тер төге жаттығып, ірі жарыстарға дайындалған болатын. Бірақ, дүниежүзін дүрліктірген індеттің кесірінен жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеулер әзірге ол мақсаттарына жеткізе қоймады. Бірақ, Ғалымжан Асылбекұлы мұндай жағдайды сылтау етіп бос сенделетін, немесе текке уақытын өткізетіндерден емес. Ол бұрынғы әдетінше күнделікті, апталық жаттығуларын үзбей келеді. Өйткені, жеңімпаз болғысы келген спортшы бәйгеге қосар жарау аттай әрдайым сақадай сай дайын болуы керектігін ол біледі. Бүгінде Ғалымжан анасы Күлпаш екеуі тұрады, үш әпкесі де бойжетіп, тұрмыс құрған. Бұл болса Спорт және денешынықтыру институтын бітірген, бірақ әлі спортпен қоштаспайды. Өзінің сөзімен айтсақ «Мен Бекзат Саттарханов ағамыздай көк байрағымызды ең ірі жарыстарда көкке желбіретуді жастайымнан армандағам, сол арманыма жетуді мақсат тұтамын. Сөйтіп, Елімді әлемге танытып, қазақ жастарына жігер беріп, рухын көтеріп, Тәуелсіз Отанымыздың жарқын болашағын жасайтын жастардың өсуіне өз үлесімді ісіммен қосамын» дейді. Ал салауатты өмір сүру туралы сұрағымызға атақты спортшы «Адам ортасына қарап өседі. Сондықтан әр бүлдіршінді спортқа бейімдеу керек. Спорттың қай түрі болсын адамның бойында жігерлілік, қайраттылық, мақсатшылдық, басқа да адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Оған қоса дені сау, рухы биік азамат болып өседі. Салауаттылық дегеніміз – спорт» деп жауап берді. Аманғали ӘБУОВ qazaquni.kz