Доп ойнаған тозбайды
2020 ж. 10 қазан
1979
0
Мемлекеттің іргетасы мықты болып, экономикасы қарыштап дамуы үшін оның азаматтарының денсаулығы мықты болуы, салауатты өмір қағидаларын ұстануы қажет. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударудың маңыздылығын айта келіп қазақстандықтарға арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет» деген еді.
Үшінші мегаполис басшылығы миллиондық қала тұрғындарының салауатты өмір сүріп, бұқаралық спортпен көптеп шұғылдануын қамтамасыз ету бағытында жұмысты жандандыруда. Бұқаралық спорт түрлерін насихаттауға да көңіл бөлінуде. Соның бірі – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әуесқойлар арасында шағын футболдан өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен «Стандарт» футбол командасының мүшелерін қабылдауы.
Шаһар басшысы футболшыларды ел чемпионы атануымен құттықтап, оларға бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
– Әуесқойлар арасындағы футбол – бұқаралық спорттың мейлінше кең таралған, танымал түрі. Сондықтан, Сіздердің жеңістеріңіз барша шымкенттіктер үшін елеулі оқиға деп білемін. Спорт – денсаулық кепілі. Жас ұрпақтың дені сау болса, ұлтымыз әрқашан бәсекеге қабілетті болмақ. Сол себепті бүгінде мемлекет бұқаралық спорттың дамуына, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасап отыр, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы биыл Шымкентте 27 Street-workout алаңы салынғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов қазір қала тұрғындарының 28 пайызы спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатынын, осы көрсеткішті 30 пайызға жеткізу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да айтты.
Қала әкімі команданың жеңіске жетуіне бапкерлер Сабыржан Бекпаев пен Хусан Утаметовтің де зор үлес қосқанын айтып, оларға сәттілік тіледі. Кездесудің соңында әкім бапкерлер мен футболшыларға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етіп, «Стандарт» командасының алдағы уақытта Украинада өтетін шағын футболдан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірген болатын.
Еліміздің чемпионы атанып, шымқалалықтардың абыройын аспандатып, үлкен қуаныш сыйлаған «Стандарт» шағын футбол клубы 2015 жылы
құрылған екен. Команданы құрып, басшылық жасап жүрген Нұржан Серікжанұлы Сейітжановқа жолығып әңгімеге тарқанымызда:
– Мен өзім бала күнімнен спорттың осы түрі – футболға құштар болдым. Мектеп жасында, студенттік шақта институт құрамасында доп тептім. Кейін есейіп қызметке араласқан соң да доп ойнауға деген құмарлық басылмады. Футбол – менің хоббиім. Сондықтан болар, бес жыл бұрын осы команданы құрдық. Бір жағы бұл біздің көпсалалы компаниямыздың қаламызда бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі деуге болады.
Команда құрамында қаладағы әртүрлі мамандық иелері ойнайды. Бізді біріктірген футбол, теңбіл доп. Барлығы да жас кезінен бері футболға деген сүйіспеншілігін жоймаған азаматтар. Солардың жалықпай жаттығып, ұйымшылдық танытуының арқасында командамыз төрт дүркін Шымкент қаласының жеңімпазы атанып, республикалық чемпионатта төртінші, үшінші орындарды иеленіп, биылғы жылы Чемпион атанып, 2021 жылы Украинада өтетін әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.
«Стандарт» командасының кейбір жеткен жетістіктеріне тоқтала кетейін. Командамыз 2016 жылы Словенияның Марибор қаласында өткен Европа шағын футбол лигасының чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жеткен. 2019 жылы әуесқойлар арасындағы шағын футболдың 7/1 (алаңда жеті ойыншы мен қақпашы ойнайтын) форматында Қазақстанның чемпионы атанып Ресейде 2020 жылы өтетін сол форматтағы жарысқа жолдама алдық. Бірақ пандемияға байланысты ол жарыс 2021 жылға қалдырылды.
– Нұреке, енді жас ұрпақты салауатты өмірге тәрбиелеуге байланысты пікіріңізді білдірсеңіз.
– Есіңізде ме, Кеңес Одағы кезінде аула клубтары болушы еді ғой. Бізді салауатты өмірге тәрбиелеген сол аулалар. Шымкенттің көпқабатты үйлерінде өстім. «Мереке» деген ықшам ауданда бірнеше көпқабатты үйдің арасында шағын футбол, баскетбол алаңшалары болды. Оларды сол үйлердің ересек тұрғындары ұйымдасып, бірлесіп, ортадан қаржы шығарып, сенбіліктер өткізіп бізге – балаларға жасап берген еді. Сол алаңшаларда ойнап жүріп салауаттылықты бойымызға сіңіріп өстік.
Қазіргі кезде де мегаполис аулаларын абаттандыруды, спорт алаңшаларын салып беруді қолға алуда. Бұл жақсы іс, өйткені, сол балалар алаңшалары жас ұрпақты салауаттылыққа тәрбиелейтін болады. Тек ересектердің арасынан белсенділер, ынталылар шығып ұйымдастыруы керек, – деді ол.
Шындығында да, «Стандарт» командасының құрамындағы жас жігіттер де, ересектеу азаматтар да жастайынан салауаттылықты күнделікті әдетіне айналдырудың арқасында осындай деңгейге жеткен жандар. Біз команда мүшелерінің бірқатарына жас ұрпақты салауатты өмір сүруге қалай тәрбиелеу керектігі жайында сұрақ қойған едік.
Жаттықтырушы Сабыржан Бекпаев:
– Салауаттылыққа дағдыландыру отбасынан бүлдіршіннің кішкентай кезінен бастау алуы қажет. Әр ата-ана баласын жастай шымыр болып, белсенді болып өсуі үшін спорттың өзі қалаған түріне қатыстырып шыңдауы керек. Онымен қоса балабақшадан бастап, мектепте, оқу орындары мен еңбек ұжымдарында да мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар жас ұрпаққа салауатты өмірді насихаттап, нақты үлгі-өнеге көрсетіп, жасөспірімдердің бос сенделіп уақытын текке өткізіп немесе түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз жүріп қылмыстық әрекет жасап қоймауына, теріс бағыттағы діни секталарға кіріп адасуына жол бермеу үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізген жөн.
Біздің командамыз жастарға ғана емес ересектерге де нақты іспен, күнделікті өмірде салауаттылықты насихаттап өнеге көрсетіп, спорттың бұқаралық сипат алуына үлес қосып келе жатқан ұжым.
«Стандарт» футбол командасының белсенді мүшесі, ҰҚК қызметкері
Нұрсұлтан ДАРАШЕВ
Менімен бірге жігіттерді жаттықтыратын тағы бір жаттықтырушымыз Хусан Утаметов халықаралық университеттің оқытушысы, қақпашымыз Абай Мұсаев тіс технигі, команда капитаны Ұлан Жақсылықов «Стандарт-Ресурс» қызметкері, Қазақстан чемпионатында «Үздік ойыншы» номинациясын иеленген Шахрух Хашимов жеке кәсіпкер, Нұрсұлтан Дарашев ҰҚК қызметкері, Еркеғали Жантілеуов «Скат» әуе компаниясының аэропорт қызметкері, Еманов Абзал жеке кәсіпкер, Қуаныш Төлебаев пен Азамат Исмаилов бапкерлер, басқалары да түрлі мамандық иелері. Барлығы да өздерінің негізгі жұмыстарын ынты-шынтысымен атқарып, өз салаларында абыройлы болып жүрген азаматтар. Дегенмен, адамға денсаулық керектігін ұмытпай салауатты өмір салтын ұстанып, шағын футболға аптасына үш-төрт күн екі-үш сағат уақытын бөліп жан саулығымен қатар тән саулығын да нығайтып жүрген жандар. Елімізде, Шымқаламызда жастар мен ересектер осылай уақытын тиімді пайдаланып, өз жұмыстарында еселі еңбек етумен қатар денсаулықтарын да нығайтуды әдетке айналдырса мемлекетіміз қарыштап дамып, экономикамыз өсе түсер еді. «Стандарт» командасының ойыншысы, балалар командасының жаттықтырушысы Азамат Исмаилов: – Мен салауаттылыққа тәрбиелейтін бірінші нәрсе – спорт деп есептеймін. Өйткені, жастай денесін шынықтырып өскен баланың миы да шынығады, еңбекшіл, белсенді болады. Менің әкем Қадыр Ибрагимов футболшы болды. «Мелиоратор», «Жігер», Достық» сияқты кәсіби футбол командаларында өнер көрсетті. Содан болар, мен де футболға бес жасымнан қызығып өстім. Өсе келе өзіміздің «Ордабасы» және қызылордалық «Қайсар» кәсіби футбол командаларының қосалқы құрамында ойнадым. Бүгінде «Стандарт» шағын футбол клубының тоғыз-он бір жас аралығындағы балалар командасын жаттықтырамын. Балалар командасында ойнайтын бүлдіршіндер қаладағы әр мектептердің оқушылары. Олар осы футбол арқылы бір-бірімен достасып, адамдармен қарым-қатынас жасауды, қоршаған ортаға араласуды үйреніп, күнделікті бір тәртіпке бағынып, режимге бейімделіп қалыптасады. Мұндай қасиеттер үлкейгенде олардың еліміздің нағыз азаматтары болуына көмектеседі. Негізі салауаттылыққа кішкене кезінен бастап тәрбиелеп, баланың қандай нәрсеге қызығушылығы болса сол салаға қарай бейімдеп тәрбиелеу керек. Сонда ол өзі қызығытын, ұнататын нәрсесімен айналысудан рахат табады. Яғни бос сенделіп, уақытын текке құртпайтын болады. Алдарына мақсат қойып, соған жеткенше талмай еңбектенетін, тер төгетін болады, – деді. Салауаттылықты өмірлеріне серік еткен команданың басқа ойыншылары да ойларын ортаға салып, мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін бірінші кезекте жас ұрпақты салауатты өмір сүруге тәрбиелеу қажеттігін баса айтып, ойларымен бөлісті. Олардың ойының мәйегі кішкентай кезінен бастап дұрыс тәрбие алған, спортқа құштар болған, білімпаздықты мақсат еткен әрбір баланың бойында отаншылдық қасиеттер де қалыптасады. Ал жан-жақты дамып, қоғамда белсенді бола білген әр жасөспірім ертеңгі күні ел тірегі – атпал азаматтарға айналары анық. Демек, шағын алаңдардағы футболдың маңызы зор. Доп ойнаған тозбайды. Аманғали ӘБУОВ. Шымкент қаласы.