ФУТБОЛДАҒЫ ЛӘҢГІ.... БҰЛ ҚАЛАЙ?
2020 ж. 23 қыркүйек
2374
0
Ауылда ұлттық спорттардың көбін ойнап өскен бала ретінде олардың орасан зор пайдасы бар екенін уақыт өте келе түсіндім. Әсіресе футбол деген сиқырлы спортқа келгелі. Сөзімді мына бір болған оқиғамен нақтылағым келіп тұр...
Португалия. 2018 жылғы маусым айы. Брагалона-Арландар матчы. Азулы қарсылас. 1/8 финал. Шешуші ойын. Брагалона клубы Брага қаласының балалар футбол клубы. Бұл матч солардың стадионында өтіп жатқан. Яғни түсінгендеріңіздей, трубинасы бар, сыртында қарап тұрғаны бар, барлығы Брагалонаға жанкүйерлік танытуда. Оның үстіне Арландарда оңайлықпен шағыла қоймайтынын байқаған португалдықтар жанкүйерлігін үдете түсті. Бәлкім, футболдан көштің соңында жүрген елдің командасын қалпақпен қағып аламыз деп ойлады ма, матч та трибуна да қыза түсті. Жанкүйерлер, балаларының рухын көтеру үшін бір ағза секілді бірге демін алып, бірге айқайлап, бірге гуілдеп жатты. 2 таймның соңына жақындағанда есеп 2:1 еді. Арландар ұтылып жатқан. Негізінде біз өз деңгейімізде ойын көрсете алмай жатқанбыз. Себебі осы матчқа дейінгі матчтарда бар күшімізді жұмсап, біразы травма алып, түгіміз қалмай құр сүлдерімізбен шыққандай едік. Деп жан алысып берісіп, ойларым астаң кестең болып жатқан бір сәтте Алихан деген футболшымыз қарсылас команданың айып добы алаңына жақын жерде қақпасына теріс қараған күйі ләңгі тепкендей допты тепті. Өзі арқылы емес (Не через себя). Доп Брагалона қақпасының тоғыздығына дөп түсті. Алихан теріс қарап тұрғандықтан қақпашы доптың қақпаға қалай ұшқанын байқамай қалды. Және мұндай жағдайда еуропалық балалар допты алға қарай тебеді немесе айналасындағыларға пас береді. Ал бұл доп басынан жоғары айналып, қисайа әуелете артқа ұшты. Еуропалық балалар мұндай трюкті бірінші көрген шығар деп ойлаймын. Құдды бір Әлем чемпионатынының финалында гол салғандай сезіммен барлығымыз Алиханға қарай жүгірдік. Байқаймын, жанкүйерлері де ауыздарын ашып қалды. "Жаңа не болды, қалай гол болды?" дегендей. Нәтижесінде негізгі ойын 2:2 тең аяқталып, пенальтиге қалдық. Пенальтиде 3:2 есебімен Арландар жеңіске жетті. Себебі өздеріңіз білетіндей қақпашымыз әйгілі Ерасыл батыр еді. Балалар жеңісті тойлап, бір бірін аспанға лақтырып, алаңның "шаңын" шығарып болып, трибунаға қарай барды. Қаз қатар тұрып бастарын иіп жанкүйерлерге құрмет көрсетті. Трубинадан "Казакистао" деген дауыстар шықты (видеолары бар). Алаңда қуанышымызды әбден тарқатып болып киіну бөлмесіне барсақ, артымызша Брагалона клубының президенті Жозе Мануэль мырза кіріп келді. Көзі бақырайған күйі "Бұл қалай? Сендер шынымен Брагалонаны жеңдіңдер ме?" таңырқаушылығын жасыра алмай тұрды, балаша. Өзі де сондай қарапайым азамат еді. Қанша дегенмен Брага қаласындағы атақты балалар клубы ғой. Бұл туралы Браганың көптеген газеттері жазды. Радиодан хабарлады. Бұл матч таңертең болған еді. Матчтан кейін бір журналист бір-екі сұрақ қойып кеткен. Кешке қарай сол қысқаша сұхбатымыз жарияланған газетті қолыма ұстатып кетті. Іштей қатты таң қалдым, ақпаратты шапшаң тарататындарына. Балалардың осындай асқан жанкештіліктерінің арқасында Португалияның медиасы максимально жазып, тиісті мамандардың көзіне түстік. Кейіннен өздеріңіз білетіндей, Португалия футбол федерациясының шақыртуымен Лиссабонда қонақта болдым. Брага турнирін ұйымдастырушылар тарапынан керемет қолдау-ұсыныс алдық (Балаларымыздың осы ерліктеріне қатысты Қазақстандағы жиіркенішті жағдайларды жазбай ақ қояйыншы. Адам шошиды. Балалар байғұс, шетелде жүргенде патриоттық сезімі күшейіп "елім жерім
үшін жаным құрбан" деп футбол ойнайды. Мұндай жиіркенішті жағдайларды балалардан жасырып жүрмін. Себебі биліктің шын бет бейнесін білсе, жүректері "Қазақстаным" деп соқпай қала ма деп қорқамын).
Байқағаным, португалдық мамандар әңгіме арасында, балаларымыздың жанкештілігін, футболға деген махаббатын, мотивациясын, өздері таңсық көрінген біздің кейбір трюктеріміз туралы барынша суыртпақтайды. Әңгіме арасында біздің ұлттық спортымыз туралы да айтылды. Соның ішінде олардың назарын ләңгі ойыны аударды. Ләңгіні теуіп көрсетіп едім, көздері шарасынан шығып кете жаздады. Өз тілдерінде күбірлеп кетті. Ендігі олар ләңгіні ғылыми тұрғыдан зерттеп, ләңгіні патенттеп алған да шығар...
Осылайша ләңгі тебуге бейімділіктің бір пайдасы тиді. Турнирдің Үздік голы деген номинация шығарса, сөзсіз Алиханға берер еді. Алихан командамыздың капитаны, миы, басы. Команданы басқаруы, ойын жүргізуі, ауызды аштырып таңдайды қақтырады. Тіл көзім тасқа. Қанша жерден аяғынан соққы алып, ауырып тұрса да команда үшін жан пида деп алаңға шықты. Жасыратыны жоқ, біз Португалияға ешқандай қосалқы ойыншысыз барған едік. Сол үшін күніне 1-2 матчтан демалыссыз әр ойын сайын күшіміз кеміп, құр сүлдеріміз қалды. Турнирге келген әр команданың соңынан қосалқы құрамнан бөлек дәрігері бар, бас жаттықтырушысы, көмекшісі, психологы, массажисті бар кемінде 5-6 қызметкерден қызмет көрсетеді. Солардың жанында бейшара секілді біз жүреміз, ешқандай қызметкерлерсіз, қосалқы құрамсыз. Себебі бізде демеушіміз жоқ. Бірақ таланты тас жаратын футболшыларымыз бар. Байлығы асып тасыған елде тұрып, бейшара болу, шетелде тіпті қатты намысқа тиеді екен...
Айтқым келгені футболда Қазақстанның, қазақ халқының өз ерекшеліктерін ескергеніміз дұрыс. Алиханның допты ләңгі тепкен секілді теуіп гол салуы өте көп ой салды. Мысалыға, ләңгі тебуді, асық атуды, көкпарды футболмен синтездеп, ауыл балаларына үйретсек. Себебі қазақтың кез келген ұлттық спорты адамның денсаулығына пайдасы орасан. Айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір біраз ауруларды атқа мінгізіп шаптыру арқылы емдеп жатқанын да естіген шығарсыздар. Ләңгі тебудегі қыздырынудың орнын ешқандай спорт алмастыра алмайды. Ептілікке, тепе теңдік сақтауға, шапшаңдыққа, координацияға, барлық дене мүшелерінің қозғалысын қамтамасыз етуге таптырмас жаттығу...
Айналып келгенде 100 жыл бойы футболда бразилиялық, италиялық, ағылшындық болуға тырыстық. Нәтиже шықпады. Табиғат ерекшеліктері, халықтың табиғаты, менталитеті, мәдени ерекшеліктеріне сай футбол модельдері жасалғанын ескермедік...
Фазылбек Әбсаттарұлы,
Қазақ үні