Салауаттылық - өмір салтына айналуы керек
2020 ж. 18 қыркүйек
1071
0
Жас ұрпағы салауатты өмір сүруді әдетіне айналдырған елдің болашағы зор, әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды, қоғамдық-саяси ахуалы қалыпты болатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында жас ұрпақ мәселесіне назар аударды. Соған орай, үшінші мегаполистегі жас ұрпақты салауаттылық өмірге әдеттендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жұлдыз Шұхралиқызы Балтабаевамен сұхбаттасқан едік.
– Президент 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Орталық осы бағытта қандай жұмыстар атқаруда?
– Жыл басынан бастап волонтерлар «Жанға жылу» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 1400 себет тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін үлестірді. «Sabaqtastyq» бағытында №4, №3 балалар үйінде 25 акция, 80 азық-түлік себеттері таратылып, аниматорлардың қатысуымен мерекелік кештер ұйымдастырылды. «Qamqor», «Saulyq» бағытында ардагерлер үйі мен дағдарыс орталықтарында 15 кездесу, ардагерлер үйінде сенбілік шаралары, мерекелік кештер мен 80 ардагердің қан қысымын өлшеу шаралары бойынша арнайы жұмыстар жүргізілді.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты «Шымкент волонтерлар қауымдастығының» 9 волонтерлық ұйымы бірлесіп әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 5000-нан астам тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері себетін үлестірді. Мақтаарал ауданына төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қажетті заттар, азық-түліктер мен балаларға ойыншықтар, төсек орындарын жеткізуге көмектесіп, Шымкент қаласының кәсіпкерлері тарапынан 4000 адамға қажетті аяқ-киім мен спорттық киімдер, 200 дана жейде мен 150 дана әйелдерге арналған көйлек, шалбарлармен қамтамасыз етілді.
Карантин жағдайында қоғамды сабырлылыққа шақыру, коронавирустан сақтану және таралуының алдын алу мақсатында әлеуметтік 8 бейне ролик пен 20 түрлі электронды флаер дайындалып, әлеуметтік желілерге (Facebook, instagram), ақпараттық порталдарға (shymkent.online, AKO.kz, akimat_shymkent, dudoser, adilettv.kz, resurstyq_ortalyq және т.б.) жарияланды. Сонымен қатар, «NurOtan» партиясы Шымкент қалалық филиалы «JasOtan» жастар қанатының белсенділерімен бірге 500-ден астам аз қамтамасыз етілген отбасыларға, көпбалалы аналарға, қарияларға азық-түлік, медициналық бетперде мен антисептиктер таратылды. «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының волонтерларымен 300 отбасыға көмек алуға байланысты бағыт-бағдар беріліп, 180 отбасыға 1 тонна тауық еті таратылды. Ораза Айт мерекесінде халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында 1000-ға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтықтарымен көмек көрсетілді.
Шымкент волонтерлары көпшілік орындар мен көшелерде, қоғамдық көліктерде бетпердемен жүруді насихаттау, қала тұрғындары арасында қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында демеуші фармациялық ұйымдардың 5 мың, «Mega-
pharma» ЖШС-ның демеушілігімен 20 мың, басқа ұйымдармен бірлесіп барлығы 1 057 000 медициналық бетперде таратуға үлес қосты.
– Жастармен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтсаңыз...
– Қазіргі таңда жастарға түрлі танымдық, рухани-адамгершілік, спортты насихаттау, діни сауаттылықты арттыру бағыттарында «Жастар және дін», «Жанданған ата кәсіп», «20 және 1 сұрақ», «Өзіңді жең», «Волонтер күнделігі», «Еркін пікір», «Сенің жаңа қырың» тақырыптарында арнайы бағдарламалар тұрақты ұсынылып отыр. Сонымен қатар, офлайн форматта «IQ жастар» интелектуалдық бағдарламасы, «Insta-дебат» ойындары, «BookCLub» кітап құмарлар клубы, «Жастар онлайн» телевизиялық бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жастарды қызықтырған сұрақтарына жауап беру және сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында әралуан бағыттағы 90 онлайн-эфир ұйымдастырылды. Танымал әншілердің қатысуымен 10-шақты онлайн-концерттер өткізілді.
Қала жастарының белсенділігін арттыру және карантиндік режимде уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуге арналған бірнеше конкурстар: «Фото аңшылық», «Үйде не істедің?», «Үйде бірге оқиық!», «Сарқыт-time», «Мастер пера», «Елорда төрінен естелік» сынды 7 500 жасты қамтыған байқаулар өткізілді.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге бағытталған көркемсөз оқу шеберлерінің өлеңдері орталықтың әлеуметтік желілерінде 10-нан астам арнайы видео-роликтер жарияланды, сондай-ақ, «Тұлғатану» айдары бойынша апта сайын тарихи тұлғалар туралы қызықты деректер ұсынылады.
– Жастардың жұмыссыздығымен күрес, олардың кәсіпкерлікті игеруі, мамандық меңгеруіне байланысты не істеліп жатыр?
– Жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру мақсатында «TO LOOKFOR JOB» жобасы арнайы жұмыс берушілермен келісілген бос жұмыс орындары Орталығымыздың Instagram парақшасында жариялануда. Жоба барысында («Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясы», «ForteBank», «Семирамида» тігін фабрикасы, «ADAL MED KZ» жеке клиникасы және т.б) 14 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жастарды жұмыспен қамту, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша TOP - 25 үздік кәсіпорындармен меморандумға қол қойылып «PROFESSIONAL» жастарды жұмыспен қамту, тағылымдамаға бағытталған жастардың кем дегенде 50 пайызын жұмысқа тұрғызуға ықпал ету мақсатында жұмыстар іске асырылуда. Екіжақты меморандум нәтижесінде «Отырар ТВ», «ForteBank», «Әлем БТ» және т.б. кәсіпорындарында 20-дан астам жас тағылымдамадан өтуде.
Бүгінгі таңда жобалық іс-шаралар танымал бола бастады. Болашақ және бастамашыл жастар үшін бұл әрекет өмір салтына айналады. Осыған байланысты өз идеяларын әлі іске асыра алмаған талантты кәсіпкерлерді шұғыл қолдау қажет екенін ескере отырып, жастарды кәсіпкерлікке тарту - идеядан сәтті бизнеске дейін жету жолдары, перспективалық бизнес-идеяларды сүйемелдейтін іс-шаралар жүйесі ұйымдастырылуда. Алға қойылған мақсаттарға жету жолында орталық жанынан жастар бастамаларын қолдау, оларға жан-жақты білім беру, кәсіпкерлікке баулу және өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін «Табысты START
UР: кәсіп ашуға 8 қадам» атты арнайы кәсіпкерлікке оқыту жобасына 40 жас қатысып сертификат алды.
«БОЛАШАҚ» мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жобасы бойынша мектеп бітіруші оқушыларға қаламыздың ірі кәсіпорындарына видео экскурсия түсірілімдері жүргізіліп әлеуметтік желілерде жариялануда және мамандық таңдау бойынша онлайн сұхбат жүргізілуде.
Жас отбасылармен жұмысты қамтамасыз ету және жастардың отбасы өміріне дайындалуына жәрдемдесу мақсатында «Жас отбасы» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жоба барысында жас отбасылар мен отбасын құруға ниетті жастарға қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, отбасындағы агрессияның себептерін зерделеу, отбасылық қолайсыздық салдарын түсіндіруге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі оқыту шаралары бойынша 10 мың жасқа арналған семинар-тренинг жүргізіледі.
– Жастарға салауатты өмір салтын насихаттауда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Негізі, біздің Орталықтың атқарып жатқан жұмыстарының барлығы да қала жастарына салауатты өмірді насихаттау деуге болады. Жоғарыдағы атқарылған жұмыстарымыз арқылы да белсенді жастарымыздың нақты істерімен салауатты өмірді насихаттап, өнеге көрсетіп отырмыз. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қоғамдық өмірге тарту мақсатында Шымкент қаласы сауда орындары арасында 2020 жылғы қаңтар айынан бастап кіші футболдан 20 турнир ұйымдастырылып, турнирге 1000-ға жуық жас қатысты. Турнир жыл бойы түрлі санаттағы жастар арасында жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрады.
Жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында Әл-Фараби, Қаратау, Абай және Еңбекші аудандарының шалғай елді мекендерінде шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, 500-ге жуық жас қатысты.
Салауатты өмір салтын белсенді және дәйекті түрде насихаттау, жастарды спортқа тарту үшін жағдай жасау да маңызды бағыт болып табылады. Жастар арасында өз денсаулығына ортақ жауапкершілік қағидасын дамыту қажеттілігін ескере, елімізде орын алған карантиндік уақытта онлайн форматында: зілтемірші, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Жазира Жаппарқұл, Тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлемнің 2 дүркін чемпионы Каримова Лина, жасөспірімдер «ФК Арлан» футбол клубының негізін қалаушы, «SETANTA CUP 2019» жеңімпазы, кәсіби киберспортшы Арман Пірманов және т.б. спортшылармен кездесулер ұйымдастырылды.
Жастарды өмірдің кез келген қиындықтарына төзуге үйрету, мотивация беру, белгілі бір мақсат үшін ояту, өмір сүруге деген құлшыныстарын қоғамнан, қоршаған ортадан алуға үйрету мақсатында бокстан 2013 жылғы Әлем чемпионы – Біржан Жақыпов, таеквондодан 2018 жылғы командалық Әлем чемпионатының қола жүлдегері – Ерасыл Қайырбек, ALASH PRIDE тұжырымынан К1 бойынша Азия чемпионы, Кикбоксингтен Әлем чемпионы – Ғалымжан Қанаев және т.б. спортшылармен арнайы видео-ролик түсіріліп, жастарға әлеуметтік желілерде насихатталуда.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Алдағы жоспарымызда басты күш рухани-мәдени шараларға қатысатын жастардың санын арттыруға, сондай-ақ жастардың аймақтағы ауқымды іс-шараларға белсенді қатысуына бағытталады.
Жастар арасында отандық ІТ өнімдерін, жаңа компаниялар мен мамандарды даярлау, цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында заманауи «ІТ CAMP» жобасы аясында жұмыс жалғасады. Кез келген жас ІТ саласы бойынша білімін жетілдіріп, жаңа стартап жобалары мен тың идеяларын ұсына алады. Жастардың жобаларына инвесторлар тарту арқылы өз кәсібін ашуға мүмкіндік қарастырылып, «Python» бағдарламалау курсымен 200 жасты оқытып, тестілеуден өткізіп 3 үздік жобаға қаржылай грант беру жоспарлануда.
Сондай-ақ, жастар бастамаларын қолдау үшін 18-28 жас аралығындағы жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында «Ұлттық жобалар байқауы» қаламыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруын қамтамасыз ететін, өмір сүру ортасын жақсартуға бағытталған нақты әлеуметтік жобалар, халыққа, оның ішінде жастарға әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 100 жаңа идея бастамасын қалыптастырып, жастардың 5 инновациялық жобасына 2,5 млн. теңге көлемінде гранттық қаржы беру іске асырылуда. Қаламыздағы волонтерлардың орталықтандырылған базасын жасақтап, бір жерге топтастыру үшін «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і жанынан сыйымдылығы 50 адамға арналған «Coworking» орталығын ашу жоспарлануда. Мақсат – салауаттылықты жастардың өмірлік ұстанымына айналдыру.
– Әңгімеңізге рахмет.
Аманғали ӘБУОВ,
Шымкент қаласы.
qazaquni.kz