Жеңімпаз жаттықтырушы
2020 ж. 13 қыркүйек
1882
0
Кез-келген ұлттың, мемлекеттің болашағы оның жасөспірімдерінің сапасына, санасына, рухы мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан да жас ұрпақ тәрбиесіне, сапалы білім алуына, салауатты өмір сүріп, отаншылдық рухта өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бүлдіршіндер ересектерге еліктеп, соларға ұқсағысы келіп, алдыңғы толқынның үлгісі мен тәліміне қарап өседі. Біздің байтақ елімізде, оның ішінде үшінші мегаполис – Шымкент қаласында да жас ұрпақ идеал тұтып, еліктейтін, өмірін өнеге қылатын даңқты тұлғалар аз емес. Солардың қатарында Қазақстан көркем гимнастикасының ардагері, аты аңызға айналған Әлия Юсупова да бар.
Әлия Юсупова – Қазақстан көркем гимнастикасының аңызы, көркем гимнастикадан ҚР құрама командасының бас бапкері, Халықаралық дәрежедегі төреші. 2000-2009 жж. Қазақстанның абсолютті чемпионы, 12 дүркін Азия чемпионы, 2006 жылы Азия ойындарының, 2006, 2009 жылдары Азияның абсолютті чемпионы, Әлем Кубогының және Гран При жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиада (2005, 2007, 2009) жүлдегері, 2006 жылы әлемнің ең үздік он гимнастшысының қатарына кірген спортшы. Спорттың осы түрі бойынша Қазақстаннан Олимпиада ойындарына (2004 жылы Афина қаласында – 4 орын, 2008 жылы Бейжіңде – 5 орын) жолдама жеңіп алған жалғыз спортшы. ҚР үздік спортшысы (2004), ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2006), ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы (2018), Дүниежүзілік кластағы гимнаст (2008). Спорттағы жетістіктері үшін Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанып, «Ерен еңбегі үшін», "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл", "ҚР Конституциясына 20 жыл" медалдарымен, «Құрмет» және "Парасат" ордендерімен марапатталған.
Әлияның отбасынан бастасақ, әкесі Мақсұт аға бокстан КСРО спорт шебері, Шымкент қаласы Әуесқой бокс ассоциациясының президенті, Қазақстан Республикасы ҰҚК отставкадағы полковнигі. Анасы – Әсия Сарбаева бухгалтер-экономист болып еңбек етеді. Спортшының отбасында дүниеге келген Әлия да кішкентайынан спортқа жақын болды. Әкесі жеті жасында оны көркем гимнастика секциясына жетектеп апарып, қызының спортты сүюіне себепші болды. Алдына мақсат қойғыш, табандылықпен алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз он жасында шетелде өткен Халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, алғашқы спорттағы елеулі жеңісіне қол жеткізді. Алғашқы ірі жеңісі қанаттандыра түскен жас гимнастшы жаттығуын еселей түсіп, бірнеше жылда Қазақстанның чемпионы атанды.
2001 жылы көркем гимнастикадан Ресей Федерациясы Ұлттық құрама командасының бас бапкері Ирина Винер-Усманова Қазақстан гимнастшылар құрама командасын Мәскеудегі Новогорскі олимпиада орталығына бірлескен жаттығу жиынына шақырды. Білікті бапкер қазақстандықтар арасынан үкілі үміт – болашағы бар жас спортшыларды жаттығу кезінде бақылап, байқап жүріп, Әлия Юсуповаға көзі түсіп, тума талантты бірден байқайды.
Сол бір болашағына жол ашқан жағдай туралы Әлия Мақсұтқызы былай еске алады: « – Сол жиында мен ол кісіге жақсы әсер қалдырсам керек, оның маған көзі түсіпті. Кейін бапкерлерім мені қалдырып, өздері елге қайтты. Бұл наурыз айы болатын. Ешкімді танымай, жат елде өзім қала бердім. Әлі есімде, екі-үш күн жаттыққан соң, әйгілі Алина Кабаева келіп, жағдайымды сұрады. Ол өте қарапайым жан. Менің басқа елден келгенімді түсініп, көңіл-күйімді, хал-жағдайымды сұрап, қолдау көрсетті. Екеуміз жақсы араласып кеттік. Ол үнемі қолдауын аямайтын. 2003 жылғы лицензиялық әлем чемпионаты қарсаңында да маған сенім білдіріп, жолдама алатынымды айтып, уайымдамауға шақырды. Ирина Чащина да керемет адам. Оларға мені жатсынбай қабылдап, достық көмектерін көрсеткені үшін көп рахмет. Біз әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Достығымыз үзілген жоқ. Екі жыл бұрын Алина өзі хабарласып, өзінің жыл сайын өтетін фестиваліне менің қыздарымды шақырды.
Атақты жаттықтырушы Ирина Винердің талабы қатал болды. Осылайша, он бес жасымда Мәскеуде жалғыз қала бердім. Менен ешкім жағдай сұрамайтын. Ауырып тұрсың ба, шаршап жүрсің бе, ешкімнің шаруасы жоқ. Винердің қоластына келдің бе, шаршап, талып бара жатсаң да жаттығу жасауың керек. Шыны керек, қазіргі спортшылар мұндай қиындыққа шыдай алмайды. Ирина Винер өте қатал еді, оған шаршадым деп айтуға мүлде болмайды. Өйткені, сенің сыр бергеніңді білсе, ол дереу орынды босатуды талап етеді. Алайда, бұл қиындықтың барлығы соған тұратын дүние. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. 2004 жылғы Олимпиада ойындарына бару үшін мен өте ауыр жолдан өттім. 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарына қатысып, командалық сында екінші орынды иелендік. Ал, мен жекелей жарыста күміс жүлдегер атандым. Сол бәсекеден кейін сол аяғымды қатты жарақаттап алғанмын. Ота жасауға тура келді. Қатты ауырғаны сонша, сол аяғымды сүйретіп жүретінмін. Мұны көрген әкем спортпен қоштасуымды сұрады. Өйткені, менің жүре алмай қалғанымды көру оларға ауыр еді. Бірақ мен бәріне шыдадым.
2003 жылы үш ай жаттығу жасауға рұқсат берген жоқ. Осы сәтте маған сенбей, орныма басқа спортшыны жібергісі келгендер де болды. Алайда, жеке бапкерім Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Екатерина Панченко мен Ирина Винер менің бәрін жеңетініме сенді. Жайлап жарақаттан айығып, жарыстарға қатысып, Афина Олимпиадасына жолдама алып, төртінші орынды иелендім. Ал төртінші орын мен үшін жеңіске пара-пар. Мұны маған Елбасының өзі айтқан. Афинадан кейін Бейжің Олимпиадасына қатысу туралы шешімді саналы түрде қабылдадым. Бапкерлерім әлі төрт жыл тынымсыз жаттығу керектігін қайта-қайта ескертті. Ал, мен қиындықтан қаймықпаймын. Бастаған істі қашан да соңына дейін жеткіземін. Оның үстіне, 2006 жылғы Азия ойындарына да сақадай сай болу керек еді. Соның бәрін ескере келе, Бейжің Олимпиадасына дайындала бастадым. Оған да жеке бапкерім мен Ирина Винер дайындады», – деп еске алады.
Міне, Әлияның табандылығы осыдан-ақ көрінер. Жас қыздың алдына қойған мақсатына жету үшін барлық қиындықтарға мойымай, жігерлілік танытуының басты сыры да оның отбасында алған тәлімі мен жастайынан талмай, шыңдалуынан болса керек. Өйткені, Әлия әрбір күнін жоспарлап, үлкен мақсатына жетуге бағыштай білді. Сол жолда кезіккен қиындықтарға төтеп беріп, өзінің мінезін де қалыптастыра білді. Спортшының бұл қасиеттері бүгінгі жастарға өнеге етуге тұрарлық. Салауатты өмір сүру дегеніміз – күнделікті өмірде барлық ісіңді саралап алып, саналы түрде белгілі бір нәтижеге жету. Ол тек спорттық жетістік болмауы мүмкін. Қандай мамандық иесі болса да, адам жастайынан өзін осылай шыңдай білсе, оның өмірдегі орны мен қоғамдағы белсенділігі де жоғары болады. Ондай рухы биік, санасы жоғары жастар отаншыл болып, еліне қызмет ете алады.
Әлия Мақсұтқызы сүйікті спортымен айналыса жүріп, өзінің саналы азамат болып қалыптасуы, өмірден өзіне лайық орнын табуы үшін көп ізденіс пен білімнің қажеттігін түсінді. Ол өзінің туған қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін 2006 жылы жаттықтырушы-оқытушы мамандығы бойынша түгесті. Болашақта жаттықтырушылық қызметті атқару үшін білімін жетілдіре түсіп, 2008 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистратурасын «Психология және педагогика» мамандығы бойынша бітірді. Бірақ, белсенді спортшылықты жалғастырып, ірі жарыстарға қатысып, жүлде салып жүрді. Әңгіме барысында:
– Гимнастшылардың спорттық өмірі қысқа болатыны белгілі, бірақ, сіз жиырма жылға жуық осы спортпен белсенді айналыстыңыз, оған не себеп болды? – деп сұрадық.
« – Мен, негізі, қиындыққа мойымайтын адаммын... Көркем гимнастикадағы спортшылардың ғұмыры әрі кетсе жиырма жасқа дейін созылады. Көпшілігі осы кезеңде спорттан қол үзеді, шаршайды, ауырғанын айтады, жарақатын сылтау қылады. Ал, менің көркем гимнастикаға деген ерекше сүйспеншілімнен шығар, жиырма алты жасқа дейін ел намысын қорғадым. Біздің спорт үшін бұл жас тым үлкен. Тіпті, өзімді ардагер болдым десем, артық емес.
Көркем гимнастикамен шұғылданатын қыздың болашағын он алты жасында анықтауға болады. Өйткені, ол осы кезде сеньорлар қатарына өтеді. Сол жаста жетістік болса, әрі қарай жалғастырамыз. Ал, егер айтарлықтай нәтиже болмаса, басқа спорт түріне ауысқаны жөн. Көркем гимнастикаға қатысу үшін бұрын бойына, сымбатына, аяқ-қолының ұзындығына қарайтын. Қазір олай емес. Біз бойы бәкене ғана, кішкене томпақ қыздарды да қабылдай береміз. Кейін олар жетіледі, өседі. Ал менің жиырма алты жасқа дейін спортта қалғаным көркем гимнастиканы тым қатты жақсы көргендіктен деп айта аламын. Біз көп нәрсені құрбан етеміз...», – дейді Әлия.
Үлкен спортпен қоштасқан соң жаттықтырушылық қызметке кірісті. Гимнастикаға ғашық жан, сүйікті спортына өскелең ұрпақты дайындап, осы сала бойынша Қазақстанның жетістіктерін молайта түсетін шәкірттер дайындауға кірісті. Жаттықтырушылық жұмыстың жүгінің аса ауыр екені туралы Әлияның «Егер маған жаттыққан қиын ба, жаттықтырған қиын ба?» деп сұраса, жаттықтырған деп айтатын едім. Себебі, сен спортшы ретінде жаттығып жүргенде тек өзіңе жауап бересің. Өзіңнің бағдарламаңды орындап, өзің үшін жұмыс істейсің. Ал жаттықтырғанда, бапкер ретінде бүкіл командаға жауаптысың. Жауапкершілік, әрқайсысының көңіл-күйін сезініп, барлығының тілін табу керек болады. Құрамадан бір қыз кілемге шығатын кезде одан екі есе қобалжып, уайымдайсың. Сондай жағдайда, кейде, шәкіртіңнің орнына өзің өнер көрсетуге шыққың келеді» – дегені бар.
Шындығында да, жас спортшыға гимнастиканың қыры мен сырын ұғындыру оңай еместігін өзі жасөспірімдерді жаттықтыра жүріп көзі жетті. Шеберлігіңе қоса мол тәжірибең болғандықтан, жеңіске бастар жаттығу түрлерін гимнастшының бойына сіңіріп, оның жеңіске жетуін тілейсің. Кейде оның жасағаны ойыңнан шықпай, ренжітеді. Бірақ, Әлия Мақсұтқызы ешқашан моюды білмейтін жан. Ол қандай да бір жеңістің төгілген термен, үлкен еңбекпен ғана келетінін білетіндіктен шәкірттерін еңбекшілдікке, сезімталдыққа, мақсаткерлікке баулиды.
Жаттықтырушылық жұмысы туралы өзі былай әңгімелейді: «Жаттықтырушылық қызметті бастар алдында әкем «Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шықпауы мүмкін» деп ескертті. Мен ойлана келе, мұның бәрін іс жүзінде байқайық деп шештім. Одан бөлек, еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алуды армандайтынмын. Өйткені, бұл үлкен еңбекпен келетін абырой. Әрине, ер адамдарға бапкер болған оңайырақ. Үйіңде балаңды қарап, тамағыңды істейтін әйел бар. Ал, біз сияқты нәзік жандылар спортшыны дайындау үшін көп нәрсені құрбан етеміз. Жұбайым Нұржан Әлтаев заңгер, әрі қызметтен қолы босамайтындықтан мен екі баламды ата-анама тастап кететінмін. Рио Олимпиадасы қарсаңында кешкі сағат тоғыз жарымға дейін залда жүрген кездерім болды. Азиада қарсаңында да тыным таппадық. Біз өз үйімізді ұмытып, спортшының анасы, әкесі, құрбысы, дәрігері атанып кетеміз. Осының бәрі – ел намысын абыроймен қорғау үшін жасалған қадам. Жаттықтырушылық менің сүйікті ісіме айналған. Өйткені, біздің елімізде талантты қыздар көп. Мен соларды баптап, шәкіттерімді биік жетістіктерге жеткізу арқылы Көк байрағымызды көкке көтеріп, еліміздің абыройын асқақтатып, спортын көтергім келеді».
Олай болса, жеңімпаз спортшыдан жақсы жаттықтырушы да шығады екен. Қазақстан гимнастикасын дамытуға әлі де белсенді үлес қосып жүрген, салауатты өмірдің арқасында әлемдік деңгейдегі спорттық биік тұғырларды бағындырған, осынау қайсар да мақсаткер Әлия Мақсұтқызынан салауатты өмір сүру туралы ойын сұрағанымызда ол:
– Салауатты өмір сүрудің мәні – ол, әрине спортпен шұғылданып, ішімдік, құмар ойындары, темекі сияқты денсаулыққа да өмірге де зиянды жаман әдеттерден аулақ жүру, уақыттың қадірін біліп әр сағатыңды, әр күніңді пайдалы өткізе білу. Салауатты өмір сүру арқылы денсаулығыңды үнемі нығайту, өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысуға қол жеткізу, алдыңа мақсат қойып соған жету жолында еңбек ету арқылы жоғары жетістіктерге қол жеткізу. Өзіңнің сыртқы келбетіңнен бастап мінез-құлқыңа үнемі мән беріп, сымбатты болу, сүйкімді болу, ішкі сымбатың мен рухани сұлулығыңды да көркем ете түсу үшін білімге ұмтылу. Міне, осындай талаптарды алдыңа мақсат етіп қоя білсең, соған қол жеткізе білсең нағыз адам, атпал азамат болғаның. Ондай адамдарды жастар өзіне үлгі-өнеге тұтары, сол сияқты болғысы келетіні сөзсіз, – деп жауап берді.
Сөзімен ғана емес нақты ісімен, өнегелі өмірімен айналасына ғана емес республика жастарына үлгі болып жүрген Әлия Юсупова салауатты өмір сүрудің де үлгісі десек артық айтқандық емес.
Аманғали ӘБУОВ,
Шымкент қаласы
qazaquni.kz