Аңызға бергісіз АТЛЕТИКО - АРЛАНДАР (0-1) матчы
2020 ж. 21 тамыз
1153
0
2019 жыл. Шілде айы. Португалия. Халықаралық Брага турнирі. 1/4 финал. Қарсылас Испаниядан келген азулы команда. 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Бііііррааақққ.... Мойындай алу да ерлік қой, негізі таблодағы есеп бойынша жеңгенімізбен футболда жеңілдік. Яғни ешқандай ойын көрсете алмадық. Ал Атлетико әлемдік деңгейдегі класс ойындарын көрсетті. Ойынның алғашқы минутында балаларымыз тек аспанға аузы ашылған күйі қарап қалды. Себебі Атлетико допты жерге түсірместен бірден шабуылға шығып, қақпамызға бірнеше соққы жасап үлгерді. Аспаннан әуелете келген алыс пастарды кеудесімен қағып жіберіп, келесі ойыншыға пас беріп, допты жерге түсірмей шыққан шабуылға қарсы қандай шара қолдана аларын білмей біраз сасқалақтады. Себебі ондай ойынға дайын емес едік.
Ойынның алғашқы минутында-ақ бірнеше нокдаун алғандай күй кешіп қалдық. Әйтеуір балаларымыз тезірек ес жия білді. Бастан аяқ тек қорғаныста ойнауға мәжбүр болдық. Яғни ойынның көп бөлігі біздің жарты алаңда болды. Қақпамызға кемінде тікелей 20-25 соққы жасалды. Ал бағанның жанынан пышақпен кескендей өткен соққыларда есеп жоқ... Қақпашымыз Ерасыл да осал емес еді. Командамыздағы басты сенім артып отырған баламыз. Сондай-ақ, сол матчта Ерасыл әдеттегі деңгейінен асып, жарқылдап тұрды. Ең көп жұмыс, салмақ Ерасылға түсті. Допқа секіреді, құлайды, қайта тұрады. Тыным жоқ. Қақпаны отанын қорғағандай қорғады. Бір кезде Ерасылдың басы қақпаның бағанына соғылып, «тох» еткен дауыс қатты шықты. Трибуна өре түрегелді. Ерасыл жерде қозғалмай жатыр. Барлығымыз жанталаса жүгірдік. Жүрегім ауызға тығылды. Ішімнен ойладым бәрі бітті деп. Анандай соққыдан не бас не баған сынуы керек еді. Барсақ, қақпаның сызығында допты құшақтап алған күйі Ерасыл жатыр. Бір кезде жан жағына қарады да атып тұрда. Біз аң таң. Төреші де дәрігер де қайта қайта «бәрі дұрыс па» деп Ерасылды айналшақтап тексеріп жатыр. Ешқандай зақым жоқ. Ерасыл түк болмағандай тұр, үсті басын қағып. Ол кезде зақымы білінбесе, кейінірек шығатын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ 1,5 жыл өтті. Бәрі орынша, қалыпты. Ерасыл аман есен шауып жүр. Осы оқиға мен үшін әлі жұмбақ. Алла сақтаймын десе сақтайды екен ғой. Допты сызықтың үстінде ұстағандықтан гол болған жоқ. Шамамен 5-6 не 7-8 сантиметр ішкі жылғығанда гол саналар еді. Одан бөлек, қақпаның үстіңгі сыртынан өткен соққыларда есеп жоқ. Есімде қалғаны, 5-6 анық голды Құдай сақтады. Соққылардың қатты болғаны соншалық, ол бағандарға тиіп сыртқа, аспанға ұшып жатты және оған Ерасыл үлгермеген, қолы жетпеген кездері болды. Және бүкіл команда қорғанысқа көшкені үшін, Атлетиконың көптеген соққыларына кедергі жасап үлгерді. Біз тек 2-3 шабуыл ғана жасадық деп ойлаймын. Соның біреуінде, өз жарты алаңымызда олардан допты алып қойған шабуылшымыз, жалғыз өзі шабуылға шықты. Себебі бәрі артта еді. Жалғыз өзі шауып келеді. 2-3 үшеуін алдады. Жанталасып келе жатып құлады. «Құланның қасуына, мықтықтың басуы» дегендей, жалғыз өзінің әбден сілесі қатып онсызда құлауға дайын тұрған шабуылмыздан допты алып қоя бергенде құлап, айып жасағандай болып көрінді. Бізге айып соққы тебу құқығы берілді. Айып соққысынан кейін, доп кедергі/қамал болып тұрған ойыншылардың арасынан, бел тұстарынан өтіп қақпаға кірді. Гол. Қақпашы аң таң. Қайдан, қалай кірді дегендей. Ешқандай әрекет жасай алмай орнында тұрып қалған. Осы күнге дейін әлі ұмытпаймын, сол кезде әрбір минутты, секундты қалай өткізгенімді. Айналып келгенде бүкіл команда жанталасып табандылық танытты. Біздің балалар тек табандылығының арқасында алаңда аяқта қалды. Соңғы ысқырық. Матч бітті. Аяқта тұруға шамам келмей, жерге жаттым. Аспанға қарап күлдім де қайта тұрдым. Ұяттан. Төрешіге, қарсылас командаға барып айтқым келді «Сіздер жеңдіңіздер. Жеңісті сіздерге қалай берсем болады?» деп. Бірақ ерлік көрсеткен балаларға не айтамын? Осындай сұрақтармен іштей арпалысып жаттым. Балалардың да кінәсі жоқ. Испан балалары секілді стандарт алаңда жаттықпаған, әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылардан тәлім алмаған, ешқандай мүмкіндік жоқ жерден келген балалардың кінәсі не? Атлетико жаттықтырушыларында түр жоқ. Қызарады, бозарады. Көздері бақырайған күйі тұр. Өңім бе түсім бе дегендей. Мең зең күйде тұрғанын байқадым. Олар да жартылайға финалға өткісі келеді дегендей... Барып қолдарын қыстым. Балаларын жұбатып, жігерлендірдім. Басқа не істей аламын. Ойыннан кейін...
Фазылбек Әбсаттарұлы,
Қазақ үні