НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРГЕН

0
1883

Белгілі түйепалуан Самат Рамазанов марқұм жайлы ойтолғау

Біз екеуміз тоғызыншы класта оқып жүргенде таныстық. Сол жылдары ол Алматы қаласындағы №6 спорт мектебінде оқып, грек-рим күресімен айналысатын. Мен болсам, оңтүстік астанадағы №2 қазақ экспериментальды мектеп-интернатында (қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат) оқитынмын. Жас болса да сол кездің өзінде алпамса денелі Саматтың бойынан қазақ батырларына тән жігерлілікті байқайтын едім. Қаншалықты сүйегі ірі болса да, соншалықты өте қарапайым болатын. Сондықтан да оны қатарластары қатты құрметтейтін. Алайда, мектеп бітіргеннен кейін біздің жолымыз көпке дейін түйіспеді. Тек 1992 жылы әлем кубогының жеңімпазы, Владивостокта самбодан өткен Азия чемпионатында Самат Рамазановтың чемпион атанғаны жөніндегі қуанышты хабар жеткенде көппен бірге мен де қалпағымды аспанға атып, қуанғаным бар. Қажымұқан мен Әбілсейіт Айханов ағамыздан кейін қазақтан Самат сияқты түйепалуан шыққаны шынымен де қазақ үшін үлкен мақтаныш еді.
Самат екеуміздің жолымыз кейіннен кеден саласында түйісті. Бір салада қызметтес және бір-бірімізге тілектес болып жүрдік. Саматтың кеден саласындағы беделінде шек болған жоқ. Кеденде жүріп те спортты тастамады. Тіпті, Жапонияға барып, Сумо күресінен де бағын сынады. Екінші орын алды. Содан кейін 1995 жылы ЮНЭСКО аясында өткен Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында түйепалуандар бәсекесінің жеңімпазы атанды. Жалпы, Саматтың өмір жолында әкеден жастайынан ерте айырылып, спорт жолында талай қаржылық қиыншылықтарды бастан өткергенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан болар, ол спорт саласындағы қазақтың талай талантты жастарына қаржылай көп көмек көрсетті. Соның нәтижесінде талай спортшыларымыздың бағы ашылып, әлемдік додаларда көш бастады.
Саматты қазақтың нар тұлғалы батырларының бірі болды деп баға берер болсақ, артық айтқандық емес. Себебі, ол Шығыстағы Марқакөл ауданының тумасы. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Өскемен қаласында қазақтардың үлес салмағы он пайыздан ғана асатын. Сондықтан да қазақ бауырларымыз өз жерінде жүріп, басқа ұлттың өкілдері тарапынан тіл жағынан да, ұлтаралық және әлеуметтік проблемалар жағынан да талай кемсітушілік пен теперіш көргені жасырын емес. Сондай бір қысылтаяң сәттерде шығыста қазақ жастарының рухын көтеріп, қазаққа кеудесін көтерген талайлардың мысын басқан азаматтардың бірі және бірегейі Самат Рамазанов болатын.
Самат достыққа өте адал болатын. Атап айтсам, менің кедендегі ұстазым әрі бастығым болған марқұм Ерікжан Абдрахманов, белгілі палуан Алтай Танабаев, полковниктер Бақыт Жаманбаев, Оралбек Белімбаев, Қайрат Бокишев, Ризабек Қалиаждаров, т. б. керемет жолдас болды. Олардың ауызбірлігіне қарап, қатты қызығатынмын. Мен ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінде басқарма бастығы болып қызмет істейтінмін. Бір күні департамент бастығы Ерікжан Мырзамұқанұлы маған: «Кешке ешқайда кетіп қалма. Бір жақсы отырыс бар» деді. Кешке айтқан мейрамханаға келсем, Самат Рамазанов, Алтай Танабаев және тағы басқа да мықты-мықты елге танымал азаматтар отыр екен. Сол отырысты Ерікжан Мырзамұқанұлы мен үшін ұйымдастырыпты. Дастархан басында: «Жігіттер, біздің командаға Бекен бауырымыз келіп қосылды. Қабыл алыңдар» деп ұсыныс жасады. Сол кезде Самат Әділханұлы: «Өзіміздің баяғыдан білетін Бекен ғой» деп құшағына қысқаны әлі есімде. Сол күннен бастап мен ауызбірлігі мықты команданың толыққанды мүшесі болдым. Талай қуанышымыз бен қайғымызда да бірге жүрдік. Бірі-бірімізге тіреу әрі тілектес бола білдік. Өкінішке орай, сол азаматтардың ішінде Ерікжан Мырзамұқанұлы мен Самат Рамазанов бақи дүниенің есігін ерте ашты. Қатарымыз сиреп бара жатқаны өкінішті.
Самат досымыз коронавирус індетінен көз жұмған кездегі суыт хабарды төсекте жатып естідім. Себебі, өзім де осы індетті жұқтырып, арпалыс үстінде жатқан едім. Дереу белгілі журналист Қыдырбек Рысбекұлы досыма телефон шалып, Самат жөнінде фейсбукқа мақала ұйымдастыруын өтіндім. Саматтың спорт жолындағы тарихын жақсы білетін ол ФБ-ға жақсы мақала жариялады. Қыдырбектің азаматтығына рахмет, әрине.
Ия, бес күндік жалған дүние. Өткен жылдың желтоқсан айында ғана біздер Самат досымыздың туған күнін тойлап, жүрекжарды тілегімізді айтып, бір серпіліп қайтқан едік. Кім білген ол біздің соңғы кездесуіміз екенін. Самат досымыздың бақи дүниенің есігін ашқанына да бір ай болыпты. Біз екеуміз құрдас әрі бір жылдың төлі болсақ та, мен оған сен деп сөйлеп көрмеппін. Кездескен жерде «Сәке, немесе Самат Әділханович» деп құрмет көрсететінмін. Себебі ол кез-келген адамды дене бітімінің ірілігімен емес, қарапайымдылығымен, адамгершілігімен және адалдығымен мысы басып тұратын. «Естеліктер жазылар мен туралы» деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, Самат Рамазанов туралы айтылатын ақиқат пен аңыздар осымен толастамары сөзсіз.
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Сәке.

Бекен Нұрахметов,

Фейсбук парақшасынан

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз