Бокстағы Қазақстан бағындырған биіктер
2020 ж. 05 маусым
2042
0
Қазақстанның бокс мектебі әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалған. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде отандастарымыздың мол олжаға кенелуі жоғарыдағы сөзімнің айқын дәлелі.
Азия аумағындағы жарыстарда Вадим Присяжнюк, Бақытжан Аманбаев, Талғат Түсіпов, Серікжан Ешмағамбетов, Қанат және Мұрат Сиқымбаевтар сынды бірқатар жігіттер түрлі белбеуді иеленді. Алайда әлемдік деңгейде мойындалу үшін бұл жеткіліксіз еді.
Отандастарымыз арасынан кәсіпқой рингте өзін түбегейлі мойындатуға ең алғаш талпыныс жасаған Василий Жиров екені мәлім. 1996 жылы Атлантада айды аспанға шығарып, бас жүлдемен қоса Баркер кубогын олжалаған ол көп кешікпей кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. «Балқаштың барысы» атанған бұл жігіт арада үш жыл өткеннен соң бірінші ауыр салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 1999-2002 жылдар аралығында ол сол атағын алты мәрте сәтті қорғады.
Қатарынан үш мәрте нокаутпен ұтылған Василий 2009 жылы былғары қолғабын шегеге ілді. Одан кейін Марат Мәзімбаев шықты. Ол да өрелі өнерімен өз жанкүйерлерін қуантты.
Қазақстан боксының биіктен көрінуіне зор үлес қосқан боксшылардың бірі – Бейбіт Шүменов. 2007 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан ол сегіз бәсекеде өз қарсыластарынан басым түсіп, 2009 жылы әлемдік тәж үшін айқасу құқығына ие болды. Атағы жер жарған кіл мықтылармен жұдырық түйістірген ол осы күнге дейін 20 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетті. 12 қарсыласын нокаутқа жіберді.
Головкин 40 рет рингке шығып, 38 рет жеңіске жетті. 34 рет қарсыластарын есінен тандырды. Бұл күндері ол өзге нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанып жүрген жігіттерді талай рет жекпе-жекке шақырды. Бірақ олардың жерлесімізден жүрексінетінін аңғару қиын емес. Себебі атышулы боксшылардың өздері түрлі сылтауды алға тартып, Головкинмен күш сынасудан бас тартуда.
Геннадий Головкиннің биылғы жылы өтетін айқасы Польша боксшысы Камил Шереметамен АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Wintrust Arena-cында өттпекші. Шереметамен айқаста Головкиннің IBF тұжырымдамасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы бәске тігіледі.
Ащы жеңілістің дәмін татпаған боксшының бірі – Виталий Демьяненко.
2005 жылдан бері осы спорт түрін серік еткен ол 22 рет шаршы алаңға көтеріліп, барлық бәсекеде мерейі үстем болды. Ол жартылай орта салмақта әлемдегі ең белді үш нұсқа бойынша алғашқы ондыққа еніп отыр.
Кәсіпқой рингте ауыр салмақта дебют жасаған боксшылардың бірі – Иса Ақбербаев. Ол жетінші айқасында WBC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атағын жеңіп алды. 2017 жылдың 16 желтоқсанында Иса Ақбербаев кәсіпқой мамандар арасында жиырмасыншы рет жеңіске жетіп, WBA нұсқасы бойынша Азия чемпионы белдігін сақтап қалды.
Ал, Жанат Жақиянов болса, кәсіпқой рингтегі алғашқы дебютін 2007 жылы 3 тамызда жасады. 2 014 жылы 26 сәуірде Жақиянов EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. 2015 жылы 7 қарашада Йонфрез Парехоны жеңіп, аса жеңіл салмақтағы WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпион атағын жеңіп алды.
20 жасында-ақ қазақтың атын әлемге танытқан бокшысымыз Бекзат Саттарханов 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының чемпионы атанып, Қазақстан боксын әлемге мойындатты.
Бокс әлемінде Қазақстанның биіктерді бағындыруына бұдан да өзге көптеген боксшыларымыз үлес қосқаны белгілі. Дегенмен, біздің еліміздің боксының болашағы алда екені сөзсіз. Әлі талай бокс бекзадалары шығып, абыройымызды асқақтатарына сенімдіміз.
Кенесары СЕЙДАЛИЕВ
qazaquni.kz