Сыр спортындағы серпіліс

  Егемен Қазақстан та­рихында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чем­пионы қайдан шыққанын білесіз деп ойлаймын... Әрине, Қызылордадан. Илья Ильин­дей алыпты жаратқан Сыр топырағы сол жемісті жеңісті бүгін де жал­ғап келеді. Сыр спортында серпіліс бар деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Соңғы жылдары аймақтағы спорт саласының қай түрінен болса да, алға жылжу бар екені айқын көрініп тұрады. Әрине, бұл орайда, облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың спорт са­ласына айрықша көңіл бөліп, қолдау көр­сетіп келе жатқанын тілге тиек етуіміз қа­жет. Илья Ильин секілді екі дүркін олим­пиада чемпионын түлеткен топырақ – Қызылорда өңіріндегі спорт саласының жетістіктері елдің көз алдында. Біз өңірдегі оң өзгерісті бүгін де саралай кетуді жөн санадық. Оғландары көп облыс Жалпы, спорт қазір туризммен қатар жүретін сала. Сондықтан бұл екі ұғымды ажыратып жатпай-ақ, жалпылама шолуды жөн санадық. Елбасының тапсырмасына сәйкес, және Облыс әкімі Болатбек Қуан­дықовтың тікелей басшылығының нәти­жесінде Қызылордадағы спорт саласында ілкімді істер атқарылып жатқанын айта ке­туімiз керек. Басқасын айтпағанда, Лон­дон олимпиадасына Сырдың бірнеше ба­тыр ұл-қыздары қатысты. Қазалылық Ма­рина Вольнова Қазақстанның, оның ішінде Қызылорданың қоржынымызға қола медаль салғанын ұмытпайық. Бұл да болса біздің мақтанышымыз. Оғландары көп облыста оң істердің ондаған мысал­дары бар. Әрине, әр нәрсенің өз дерегі мен дәлелі болу керек. Садық Мұстафаев секілді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қай­­раткері, халықаралық дәрежедегі төреші басқаратын облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасы үлкен іс­тер­дің үдесінен шығып отыр. Әри­не, жақсы жаңалықтардың бастауында об­лыс әкімі Болатбек Баянұлының тұрға­нын да айта кеткеніміз орынды. Мәселен, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша саралайық. Басқарма мамандарының мәліметінше, облыста өткізілетін бұқаралық, спорттық және дене шынықтыру сауықтыру іс-шарала­рынының саны жыл санап артып отыр. Айталық, 2011 жылы 1440 іс-шараға 419 мың 200 адам қатысса, 2012 жылы 1513 іс-шара өтіп, оған 423 мың 982 адам тар­тыл­ған. Демек, бұл орайда ұйымдастырушы­лық жұмыстардың айрықша рөл атқара­тынын білуге болады. Шыны керек, жасалған жұмысты көр­сету үшін құрғақ сөзді көпіртудің қажеті жоқ. Сандарды сөйлетсең, сапаның өзі шы­ға келеді. Аймақта есепті кезеңде спартакиада, спорт түрлерінен чем­пио­нат­тар мен турнирлер өткізілген. «Бәрің де жарысқа» атты «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен жалпы білім беретін орта мек­тептер арасында баскетболдан, футболдан мектеп оқушылар арасында облыстық турнир болды. Сол секілді Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде Кеңес Одағы­ның батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған самбо күресінен халықара­лық жарыс, жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға ар­налған футзалдан, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Тимур Се­гізбаевтың жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында футболдан облыстық турнир­лердің өткізілгенін айта кетуге тиіспіз. Ша­ғын ғана ауданда жаһандық деңгейдегі жарыс жасау кез келген аймақтың қолынан келе бермесі анық. Мемлекеттік мекеме, департамент, ко­митет қызметкерлерінің «Президенттік миля» айлығын айта кетуге болады. Қаты­сушылар 2400 м қашықтыққа жүгірді. Сол секілді футболдан «Былғары доп – 2012» жүл­десіне арналған спорттық-бұқаралық жарыстар өте жоғары деңгейде өтті. Тағы бір айта кетерлігі, облыс әкімінің жүлде­сіне арналған мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сайыс және ауыл спортшы­ла­рының XXVI «Алтын күз» облыстық спар­такиадасы елдің есінде қалды. «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ кү­ресінен, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменов атындағы жас­тар арасында дзюдо күресінен, Еңбек ардагері Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен дәстүрлі республикалық турнир­лер жүріп, халықты салауатты өмір сүруге тарту бағытындағы жұмыстар жасалды. Биыл елімізде алғаш рет Тұңғыш Пре­зи­дент күні аталып өтілді. Ел еншісіндегі елеулі күнге Сыр спортшылары да өз үлес­терін қосты. Бұл күні ауыр атлетикадан жекелей жаттығулар бойынша ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республи­касының ашық жеке-командалық кубогі ұйымдастырылды. Сыр елінде дәстүрге айналған тағы бір шара бар. Соңғы жылдары барлық аудан және облыс орталығында «Олимпиада күні» өткізіледі. Үш кезеңнен, үш жас ерек­шеліктері бойынша қазақ күресінен «Алтын белбеу» жастар арасындағы жа­рысы бір мезгілде ұйымдастырылады. Сайыпқырандар сайысына жыл санап қы­зығушылық танытатындардың қатары артып келеді. Біз ойлаймыз, бұл да спортқа бүгінгі буынды тартып, салауатты өмір сүруге үндеудің бірден бір жолы. Елдік спорттың ертеңі зор Бұқаралық спорт. Осы сөз тіркесі бүгінгі таңда үлкен-кішіні салауатты өмірге бау­лудың бірден бір жолы екені анық. Мем­лекет басшысы, бұқаралық спортты да­мытуға қажеті басымдықтарды белгілеп берді. Ол туралы жиі айтады. Бұл бағытта Қызылорда облысында жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасап көрейік. Сөз орайында Садық Мұстафаев бізбен былай ой бөліскен-ді: – Елбасының өзі елдік спортты алға жетелеуге қатысты барлық тапсырманы ат­қарушы билікке жүктеп жүр, – деді ол. – Бұ­қаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу - үлкен спортқа барардағы ал­ғашқы баспалдақ. Және салауатты өмір салтын қалыптастыру, шылым тарту, ішім­дік ішу, нашақорлық сияқты әлеуметтік зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен қыл­мыс­тың алдын алудың негізгі тиімді әдіс­тердің бірі. Бұл орайда, аймақ басшысы Болатбек Баянұлының бастамасымен жү­йе­лі жұмыстар жасалып келеді. Мәселен, 2012 жылға осы мақсатқа облыстық бюд­жеттен 92,8 млн теңге қаржы бөлінді. Қа­зіргі кезеңде 206 штаттық бірлік негізінде 273 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенде жұмыс істейді. Сараптап қарасаңыз, бұл дегеніңіз, 37080 адамды жүйелі дене шы­нықтыру және спортпен шұғылдануға бау­луда деген сөз! Ол ол ма. Өңірде балалар мен жасөспі­рімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін спортты алға тарту жолға қойылған. Мәселен, әртүрлі себептермен ішкі істер органдары есебінде тұрған жас­өспірімдер арасында 35 іс-шара жасалған. Есептегі балаларды балалар мен жасөспі­рімдерді спорт мектептеріндегі оқу топ­тарына тарту мақсатында 17 «ашық есік» күні ұйымдастырылған. Шет аймақтағы жастардың спорт нысандарына қол жетім­ділігін арттыру мақсатында № 2 мамандан­дырылған балалар мен жасөспірімдер мек­­тебінің ойын залына аптасына 3 рет фут­бол, волейбол топтарында шұғылдануға жағдай жасалынған. Міне, еңбек қана емес, спорт та әлемнің әміршісі екенін осындай өңірдегі өнегелі істен аңғаруға болады. Спорт шеберлерінің отаны Сөз басында айтып өткеніміздей, Садық Мұстафаев сынды Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы бар өлкеде спортшы мамандардың біліктілігіне айрықша назар аударылып отырғанына күмәніміз жоқ. Қалай дегенмен жас спортшыларды қолдау ертеңгі жеңістің ал­ғы шартын жасау. – Жоғарыда айтып өткенімдей, – деді Садық Шоңмұрынұлы, – бұқаралық спорт­ты дамытумен қатар бәсекеге қабі­лет­ті бі­ліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 5 Қазақстан Республика­сының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 44 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 159 спорт шеберлігіне үміт­кер бар болса, 154 І разряд нормативтегі спортшылар дайындалды. Облыс спортшылары спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда (Әлем және Азия чемпионаттарында) 14 алтын, 10 кү­міс, 16 қола медалді Қызылорданың қан­жы­ғасына байласа, Қазақстан Респуб­ликасының чемпионаттарында 95 алтын, 97 күміс, 133 қола медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік! Мысалы, Чехияда қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан өткен Әлем чем­пионатында Әсел Дәлиева, Фарида Әуес­баева және Хакімжан Елеусінов жеңім­паздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мына бір мәліметке де назар аударыңыз. Әзербайжанның Баку қаласында өткен жас­өспірімдер арасындағы Әлем чемпио­натында еркін күрестен 42 келі салмақта өнер көрсеткен Айтуған Жанжігітов пен Жаңа Зеландияның Иверкаргилл қала­сын­дағы велотректен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Роберт Гайнеев қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, стенд атудан студенттер арасындағы IV әлем чемпионатында ҚР ерлер құрама командасында Максим Ко­ломоец жалпы командалық есепте үшінші орынды иеленді. Ал ауыр атлетикадан жас­өспірімдер арасында Словекияның Ко­шице қаласындағы Әлем чемпионатында 77 келі салмақта Ғалымбек Жұбатқанов қола жүлдені қоржынға салды. Жеңісті күндер жалғаса берді. Польшадағы Әлем чемпионатында Ербол Науанов жастар арасында 83 келі салмақта чемпион атанса, 66 келі салмақта Елдос Ермаханов күміс жүлдені иеленіп, ҚР халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері нормативін орындады. Толағайлар туралы тізімді жалғастыра беруге болады. Жасалған іс, оң өзгерістер мұнымен бітпейді. Мәселен, Қытайдың Тайпей қаласында өткен Азия чемпио­натында дзюдошы Бауыржан Жауынтаев алдына жан салмай, жасөспірімдер ара­сын­да чемпион атанды. Сол арқылы ҚР спорт шебері болып оралды. Ташкент қа­ласындағы Әлем кубогінде каратэ-до-дан жастар арасында Мөлдір Жаңбырбай да жеңімпаз атанды. Болгарияның София қаласында өткен Әлем чемпионатында сам­бо күресінен жасөспірімдер арасында Мақсат Исақабылов 81 келі салмақта қола жүлдеге ие болса, Мьянманың Янгон қа­ла­сындағы Азия чемпионатында ауыр ат­летикадан жастар арасында Нұрсұлтан Рахатов 77 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Сыр спортшыларын ұлттық құрамалар сапынан көп көресіз. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының ұлттық құра­ма командасына 217 қызылордалық спорт­шы енген. Оның ішінде: негізгі құрамада 87, жастар құрамасында 54, жасөспірімдер құрамасына 76 спортшы бар. Есепті кезеңде 6 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттық­тыру­шы», 2 – «Қазақстан Республикасының жоғарғы санатты ұлттық спорт төрешісі», 2 – «Қазақстан Республикасының ұлттық спорт төрешісі», 6 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықты­рушы», 2 – «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» санаты беріліпті. Осындайда, сүйінерге жарар ұлдарға, тек сүйсіну ғана қолдан келері... Олимпиада алтыны тағы да – Сыр елінде... Әңгіме Лондон олимпиадасы туралы бол­ғанда Қызылордасыз сөз қозғаудың өзі артық. Лондон қаласында өткен ХХХ-шы жазғы Олимпиада ойындарына, жоғарыда айтып өткенімдей, облыстан 6 спортшы қа­тысты. Илья Ильиннің жеңісі неге тұ­рады! Сыр саңлағы 94 келі салмақта 418 келіні бағындырып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғанында күллі Қазақстан табанынан тік тұрды. Оғлан арқылы әлем Қазақстан, Қызылорда деген сөз тіркес­те­рін әлденеше рет күбірлеген болар бәлкім. Ильяның салмағында Алмас Өтешовтің 7-орынды місе тұтқанын білеміз. Ал 105 кг салмақта Александр Зайчиков 12-орынға сырғыды. Еркін күрестен Дәулет Нияз­бе­ковтен (55 кг ) сырбойылықтар үлкен үміт күтіп еді. Алайда оған бұйырғаны 5-орын. Жеңіл атлетикадан Виктор Лептиков 400 метр кедергілер арқылы жүгіруде 43-орын­ға тұрақтады. Білеміз, облыс саңлақтарын олимпиада бітісімен зор құрметпен қарсы алып, сый-сияпаттар жасағанын. Қадір­лесең осылай қадірле, қуансаң осылай қуан! Зілтеміршілер дәстүрі жалғасады Жоғарыда айтып өттік. Тұңғыш Пре­зидент күніне спорт саласының қандай шара ұйымдастырғанын. Сол жағымды да жұғымды жаңалықты жалғастырсақ. 2012 жылдың 1-5 жел­тоқсан аралығында Қы­зылорда қа­ласында ауыр атлетикадан ер­лер мен әйел­дер арасында Қазақстан Рес­публикасының ашық жеке-командалық кубогі өтті. Жа­рыс жекелей жаттығулар бойынша болды. Сайыпқырандар сайы­сына Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 150-ден аса қа­тысқан зілтеміршілер келіп, бақ сынасып, кімнің мықты екенін анық­тады. Жолбарыс жұлқысындай жарыс ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агент­тігі, Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ауыр атлетика федерациясы мен облыстық ауыр атлетика федерациясының ұйымдас­тыруымен өткізілді. Зілтеміршілер бәсеке­сінің бір ерекшелігі бар. 94 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы тағайындаған 150 мың теңгенің сертификаты мен екі дүркін Олим­­пиада чемпионы Илья Ильин атын­дағы кубок сарапқа салынды. Өйткені 94 келі Илья Ильин жеңіске жеткен сал­мақ! Бұл жүлдені айқын басымдықпен ХХХ-шы жазғы Олимпиада ойындарының қа­ты­сушысы, жастар арасында Азия чем­пио­ны, Әлем чемпионатының қола жүлде­гері Александр Зайчиков ие болды. Шап­пай бәйге алды деген осы. Ақшалай сый­лық пен Илья Ильин атындағы кубокты Ильяның өзі жеңімпазға табыстады. Зілтеміршілер салған даңғыл дәстүр өз жалғасын табады деген сенімдеміз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді қазақ. Алыптардың мекені – Қызылорда бура сан, атан жілік жігіттерін үлгі ету арқылы кейінгі жасты үлкен спортқа жақында­ту­дың бірден бір жолы осы да деген ой түй­дік. Тағы айта кетейін, бұл дүбірлі доданың өтуіне аймақ басшысының ықпалы үлкен болды. Мүмкіндігі шектеусіз спорт Паралимпиада. Лондондағы паралим­пиада ойындарына еліміз бойынша 7 спортшы қатысқанын білеміз. Бұлардың ішінде 3 бірдей спортшының Сыр елінен шыққанын және білеміз... Кабира Ас­қарова Пауэрлифтингтен (жатып штанга көтеру) әйелдер арасындағы 44 килограмм келі салмақтағы спортшылар бәсекесінде жетінші орын алса, Айбек Әбжан (60 келі) тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Жеңіл атлетикадан Ислам Салимов 400 метрге жүгіруден оныншы орынды иеленсе, ұзындыққа секіру жарысына да қатысып, 12-орынға тұрақтады. Спортта мүмкін­діктің шектелмейтінін осыдан-ақ білуге болады. Ақиқаттан аттамау керек, өзге­лерге қарағанда осы үш спортшының жет­кен жетістігі жоғары болды. Жағдай жасалып жатыр... Әрине, спорттан үлкен нәтижеге жету үшін материалдық-техникалық жағдай үлкен рөл атқарады. Бұл бағытта Сыр өңірінде серпінді істер бар екенін екшей кетейік. Саланың материалдық-техни­ка­лық базасын дамыту жұмыстары жалға­суда. Мемлекеттік жеке әріптестік аясында теннис орталығының екінші кезеңі аяқ­тал­ды және Спорт кешені (мұз айдыны) құрылысы жалғасуда. Үстіміздегі жылы облыс көлемінде жоспарланған 86 шағын спорт алаңы ашылды. Айта кетейік, соңғы 5 жылда облыста 244 спорт алаңдары бой көтерсе, 2013 жылы тағы 56 алаң салынады. Спорт нысандарының қатарын келесі жылы Қызылорда қаласында бой көтеретін ауыр атлетикамен шұғылданушыларға арналған спорт кешені толықтырады. Оған – екі дүркін Олимпиада чемпионы, үш дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің есімі берілетін болады. Өткен жылы облыста алғаш рет көркем гимнастика секциясы (80 бала), стендтік ату (38 бала), кикбоксинг (50 бала) сек­ция­лары жұмысын бастап, қазір олар көп­ші­лік сұранысына ие болды. Бұл түрлі жас­тағы 168 баланы спортқа тартуға мүм­кіндік берді. Енді екі спорт залы ел игі­лі­гіне беріледі деп күтілуде. Бұған қосары­мыз, Еуразия спорт кешені күрделі жөн­деуден өтіп, қайта жаңарып, жаңғыр­тылды. Және бір спорт мектебі шаңырақ көтереді. Сүйіншілеп айтар тағы бір іс. Үсті­міз­дегі жылы Сыр елінде бессайыс және ес­кек есу спорты жолға қойылды. Бұл жа­ңалық келешекте осы спорт түрлерінен Қызылордадан чемпиондар шығады деген үміт сыйлайды. Бұл орайда облыс әкімі Болатбек Қуан­дықовтың жасап отырған қолдауын айтпай кетуге болмайды. Қараңыз, спортшы үшін де, қарапайым халық үшін де егер жағдай жасалмаса, база жоқ болса, онда кімнен қандай нәтиже күтесің? Ал егер жарағың сай болса, жаттығуыңды өткіз, сосын нә­тиже сұра. Міне, облыстағы оңды істің бірі осы. Туризмге түрен түсті Спорт басқармасы құзіретінің бірі – туризм саласын дамыту болса керек. Сыр өңірінің туристік маршруты кең, әрине, оны пайдалана алу жағдайы қалай екеніне байланысты... – Туризм – бұл табыс көзі. Әрі елдің табиғи, тарихи құндылығын сақтай оты­рып, оны өзгеге көрсете білу. Қазіргі таңда облыс бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын және турды ұйымдастыру жө­нін­дегі қызметтерді ұсынатын субъекті­лердің барлық саны 57-ні құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға өскен. Оның ішінде туристік қызметті жүзеге асыратын субъектілер саны 11 ( 8 ту­ристік фирма мен 3 дара кәсіпкер), тұру­ды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді ұсыну бойынша 46 (кәсіпорындар саны – 15, дара кәсіпкерлер 31) болып отыр. 2012 жылы туризм саласының аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыс­тық бюджеттен 7588,0 мың теңге бөлінді. Бұл сала үшін аймақ басшылығының үл­кен қолдауы, – дейді Садық Мұстафаев. Жоспарға сәйкес бұл қаржы облыстың туристік мүмкіндіктерін бейнелейтін ақ­па­раттық-жарнамалық материалдарды дайындауға, 3 Халықаралық көрмеге қа­тысуға, туризм саласын дамытуға байла­нысты республикалық семинар ұйымдас­тыруға және «Қамыстыбас демалыс айма­ғы» туристік жобасын жүзеге асыруға бө­лінген 494 га жерді заңдастыруға жұмсалып жатыр екен. Туризмге түрен салу үшін бірқатар ілкімді тірліктердің басы қайырылған. 2012 жылы наурызында Германияның Берлин қаласында өткен ITB-халықара­лық туристік көрме жұмысына басқарма өкілдері Қазақстан Республикасы делега­циясы құрамында қатысып қайтқан. Ша­ра­ға 187 ел барғанын ескерсек, қанша­лықты маңызды екенін бағамдай беріңіз. Көрмеге сырбойылықтар Ғарыш Айлағы «Мега кешені» және «Қамыстыбас» демалыс аймағы инвестициялық жоба­ларын апарған. Аталмыш жобаларға ин­весторлар қызығушылық танытыпты. Бі­рігіп жұмыс жасау жөнінде бірнеше ұсы­ныс білдірген. Әсіресе, Байқоңыр қала­сындағы туризмге байланысты шетелдік­тердің сұранымы жоғары болды. Сыртқы байланысы мұнымен шек­тел­мейді. Басқарманың стратегиялық жос­парына сәйкес, сәуір айында Ақмола об­лысы Зеренді ауданында өткізілген ту­ристік жәрмеңкеге облыстың 3 туристік мекемесі барған. Көкше өңіріндегі жазғы тынығу лагерлері, туристік базалар, дем­алыс үйлері, санаториялар және пансио­наттармен қызылордалық делегация жеке келісім шартқа отырды. Басқарма өкілдері 2012 жылдың сәуі­рінде Алматы қаласында Қазақстандық Халықаралық «KITF-2012» «ТУРИЗМ ЖӘНЕ САЯХАТ» көрмесіне жергілікті туристік бизнес өкілдерімен бірлесіп қа­тысты. Туризм индустриясы, сауда өкіл­дері, көрмеге қатысушы елдердің дипло­матиялық миссиясының өкілдері, төтенше және өкілетті елшілер қатысқан көрме жұмысы аясында, туристік мекемелермен 180-ге жуық келісім-шарт жасалынған. Мамыр айында Қызылорда қаласында басқарма басшылығының ұйымдас­тыруы­мен «Қызылорда облысында туризм сала­сын дамыту перспективалары» тақыры­бында семинар-кеңес өткізілді. Оған ҚР Туризм индустриясы комитетінің, Қазақ­стан Туристік Ассоциациясы, Астана, Алматы қаласының және Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының туризм саласының жауап­ты мамандары, мемлекеттік органдар, туристік фирмалар, қонақ үй бизнесі, туризм саласы мамандарын дайындайтын оқу орындарының өкілдері және қолөнер шеберлері қатысты. Сонымен қатар, се­минар аясында колөнер шеберлерінің көр­месі Қызылорда қаласында болып, өкілдер «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарыш кемесінің ұшырылуына барып, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне экскурсия ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдерді отансүй­гіштікке тәрбиелеу, спорттық туризм дағ­дыларын үйрету мақсатында, 18-20 ма­мырда Жаңақорған ауданы, «Дарбаза» шатқалында «Туризм – нашақорлыққа қарсы» ұранымен «Менің Отаным – Қа­зақстан» атты жас туристердің облыстық слеті облыстық төтенше жағдайлар бас­қармасы, ішкі істер департаменті, ден­сау­лық сақтау басқармасы өкілдерінің атса­лысуымен өткізілді. Жарысқа барлық аудан және Қызылорда қаласынан 64 оқу­шы келді. Слеттің қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңақорған ауданы қанжығаға байласа қалған орындарды Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданы бөлісті. Тағы бір дерек. 24 қыркүйекте облыс әкімі Б.Қуандықовтың қатысуымен Сыр­дария өзені жағасында Сырдария өзені жағалауында круиздік туризмді дамыту жөнінде инвесторлардың қатысуымен тұсаукесер өткізілді. Сонымен қатар, басқарма өкілдері 18-19-ыншы қыркүйек күні Павлодар қала­сында өткен Қазақстан және Ресей арасындағы ынтымақтастық форумына барып келді. Форум аясында Қазақстан Республикасының туристік ассоцияциясы және басқармамен экологиялық туризмді дамыту жөнінде екі жақты меморандумға қол қойылды. Үстіміздегі жылдың 27 қыркүйегі күні Бүкілдүниежүзілік туризм күніне орай өңірде туризмнің дамуына үлес қосып жүр­ген қызметкерлер Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің қаулысына сәйкес «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» және «Туризм саласының үздігі» төс бел­гілерімен сала мамандары марапатталған. Еңсені көтеру, еңбекті бағалауда жасалған бұл көтермелеудің нәтижесі жақсы бо­ларына сенесің. Аталған шара шеңберінде «Туризм са­ласын мемлекеттік қолдаудың құрал­дары» тақырыбында мәжіліс өткізілді. Онда не­сиенің пайыздық ставкасын субсидиялау, несиеге жартылай кепілдеме беру, қажетті өндірістік инфрақұрылымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру, сервистік қолдау, т.б. мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар, еліміздегі туризмді дамытудағы өзекті мәселелер, туристік индустриядағы жаңалықтар, әлемнің дауалы жерлері, қонақ үйлері, әуе жолдары, ақпараттық семинарлар, демалу жайындағы шешімдер мен арнайы ақыл-кеңестерді қамтыған мәжілістер болды. Игі істің тағы бірін тілге тиек етейік. Қызылорда облысының ту­ризм, дене шынықтыру және спорт бас­қармасына IX «Astana Leisure 2012 Astana Leisure 2012» туристік көрмесіне белсенді қатысқаны үшін алғыс сертификаты та­бысталды. Бұл да болса белсенділікті көр­сетеді. Қамыстыбас көлі... Қорқыт ата кешені... Қызылорда облысының туристік орны­ның бірі – Қамыстыбас көлі. Қазіргі уақыт­та «Қамыстыбас» демалыс аймағы жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жоспарланып отырған жоба аймағына сыртқы инженерлік желілерді жеткізу көзделіп отыр. Айта кету керек, «Батыс Қытай-Батыс Европа» көлік дәлізі Сыр өңірінің жеті ауданын да тіліп өтеді. Сондықтан осы даң­ғыл бойында салынуы жоспарланған 16 нысанның 12-де инвесторлар белгіленді. 4 нысанға инвестор тартуға жұмыс жаса­лынуда. «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінің маңайында Дорстрой» ЖШС-і «Қорқыт Ата мінажат ету орталығы» жобасын жү­зеге асырып жатыр. Күллі түркі әлеміне ор­тақ Қорқыт ата осы Қызылорда, оның ішінде Қармақшы жерінде жатыр. Сон­дықтан абыз кесенесі кешенінен ғибадат үйін салудың орны ерекше. Жоба құны - 220 млн теңге. Қаржы инвестор есебінен. Онда 20 орындық қонақ үй, мешіт, мей­рамхана, кәдесый дүкені, қолөнер бұйым­дарының, музыкалық аспаптарды дайын­дау шеберханасы, киіз үй қалашығы, ав­то­тұрақ, май құю бекеттері, сервистік қызмет көрсету және автокөлік жуу орталықтары пайдалануға беріледі. Жобаға «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында сыртқы инженерлік желілерді жеткізу үшін қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Шиелі ауданы «Сығанақ» кешені жол бойы нысандарының «В» санатына сәйкес, жетіспей тұрған май құю стансасын салу, инвестор тару жұмыстары жүргізілуде. Жаңақорған ауданында «Желкілдек ба­тыр» қоғамдық қорының туристік сервис­тік орталығының 10 гектар жерін заңдас­тыру, электр желісін тартуға техникалық не­гіздеме әзірлеу шаралары жасалуда. Бесарық ауыл округіндегі «Айнұр» кешенін жаңа заман талабына сай абаттандыру тапсырылды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің Иркөл иінінде «Золо­тые пески» жазғы демалыс орнын құруға «Когай Светлана» ұйымы бизнес жоспар ұсынған. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында трансформаторлық қосалқы стансасы мен электр тасымалдау желілерінің құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс басталды. Жаңақорған ауданы «Ақтас» елдіме­ке­нінде «ЖАН» шаруа қожалығы эколо­гиялық туристік базаның тұсаукесерін өткізді. Қазіргі кезде электр желісін тартуға техника-экономикалық негіздемесі да­йын­далу үстінде. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында туризм саласын дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған шебер-жоспары әзірлену үстінде екенін мәлімдей кеткеніміз жөн. Қорытынды Қысқасы, қай саласы бойынша да қар­қынды дамыған Қызылорданың спорт пен туризм саласындағы бет-бейнесі осындай. Әрине, спорттың өркендеуіне облыс эко­номикасының да алға жылжуы себеп. Сон­дықтан, Сыр спортына әрдайым сәт­тілік тілегіміз келеді. Н.Мыңбай