Тоғызқұмалақты дамыту – елдігімізді таныту

– Мақсат Есенбекұлы, тоғызқұмалақ ойынының халықаралық деңгейдегі даму барысына көз салсақ, толымды жетіс­тіктердің бар екенін байқауға болады. Бұл әрине Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауым­дастығы мен Қазақстан Республикасы спорт және дене істері агенттігінің атқарған жұмыстарының арқасында болар. Жалпы тоғызқұмалақтың қазіргі кездерде шет елдерде насихатталуы туралы не айтасыз? – Осыдан алты жыл бұрын тоғыз­құма­лақ­тан халықаралық жарыстар тек Қазақ­стан мен Қырғызстанда ғана өтіп, оған тек Орта Азия деңгейіндегі спортшылар қа­тысса, бүгінгі күні өткізіліп жатқан жарыс­тардың саны мен аумағы көз тойдырады. Бұл әри­не Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Қауымдастығының жүйелі түрде өткізген шараларының арқасында болды. 2004 жыл­дан бастап, тоғызқұ­ма­лақты дамыту жаңаша серпін алды. 2006 жылы қауымдас­тық төрағасы Алихан Байменов ұлттық ойынға қолдау көрсету үшін көптеген ұлт­тық компаниялар мен құзыр­лы мекемелерге хат жазды. Осы хаттардың арқасын­да Қазақстан Республикасының Турзим және спорт Министрлігі 2007 жыл­дан бастап, тоғызқұмалақты дамыту үшін жылына 10 млн теңгеден бөлетін болды. Осы жыл­дан бастап ұлттық ойын Чехия, Франция, Англияда, халықаралық зияткерлік олим­пиа­далардың бағдарламасына еніп, әлем­дік деңгейде насихаты арта түсті. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресейде өткізілген жарыстар мен семинар­лардың арқасында ойынды жақтаушы­лардың саны да өсе түсті. Шетелдердегі шараларды жүйелеп, халықаралық күнтіз­белік жоспар жасау үшін республикалық Тоғызқұмалақ қауымдастығынан да жо­ғары ұйымның құрылуын заман талап етті. 2008 жылдың маусым айында Орал қа­ла­сында Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жүлдесіне арналған халықара­лық жарыс кезінде, 7 елден келген делегаттармен бірлесе өткен жиналыста Ха­лықара­лық Тоғызқұмалақ қауым­дасты­ғын құру туралы шешім қабылданды. Оның төраға­лығына көпшіліктің ұйғарымымен Алихан Мұхамедияұлы Байменов бірауыздан сай­ланды. Ұйымның штаб-пәтері Астана қа­ласында орналасатын болып шешілді. Осы жарыс кезіндегі тағы бір жаңалық – бір­қатар жанашыр кәсіпкер азаматтардың өз қалталарынан қаржы бөліп, тоғызқұмалақ бәсекелеріндегі жүлденің бәсін арттырды. Яғни 2008 жылдан бастап ел ішіндегі халықаралық жарыстарға жеңіл көліктер тігіле бастады. Бұл республика спортшы­ларының ұлттық ойынға деген жауапкершілігін арттырып, тоғызқұмалақ техника­сының өсуіне септігін тигізді. Бұл дәстүрді әр жылдары жалғастырған Д.Идрисов, М.Оңдағанов, С.Мұстафаев, А.Қорғамбаев секілді азаматтарға тоғызқұмалақшылар қауымының алғысы шексіз. Халықаралық Тоғызқұмалақ Қауымдас­ты­ғының құрылуы құрлықтық және әлем­дік чемпионаттар өткізуге мүмкіндік берді. 2009 жылы Азия чемпионаты, 2010 жы­лы әлем чемпионаты, 2011 жылы Еуропа чемпионаттары өтті. Мұның ішінде І Әлем чемпионатының өтуі – ұлттық зияткерлік ойындар тарихындағы рухани оқиға болды. Осыдан кейін тоғызқұма­лақтың халықаралық деңгейі арта түсті және интернет беттеріндегі жарияла­ным­дар саны бірнеше рет өсті. Сондай-ақ, ресми жарыстардан басқа, көптеген Еуропа, ТМД елдерінде тоғызқұ­малақтың жарыстары дәстүрлі түрде өт­кізіліп келеді. Мәселен, Ресей, Түркия, Өзбекстанда халықаралық жарыстар 5 рет ұйымдастырылды. Бұл ретте ең қуаныш­тысы жергілікті ұлт өкілдерінің осы жа­рыстарға көптеп қатысуында. Сондай-ақ интернетте www.iggamecenter.сom – сайтын­да тоғызқұмалақтың электронды түрде ойнайтын нұсқасы бар. Оны жасаған канада азаматы – Арти Сандлер. Осы кеңістікте әлемнің 100-ден астам елдерінің өкілдері қазақтың зияткерлік ойынымен шұғылдануда. Қазіргі кезде ойналған пар­тия­лардың саны 1 млн-нан асып кетсе, осы сайтта тіркелген 140-тан астам ойын­дардың ішінде тоғызқұмалақ рейтингте І орында тұр. 2012 жылдың мамыр айында Халықара­лық Тоғызқұмалақ Қауымдастығы – Дү­ниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығы ретінде жаңадан тіркелді. Жарғыға сәйкес, ендігі кезекте Әлем чемпионаттарын өт­кізу құқығы тек осы қауымдастыққа ғана тиесілі болды. – 2012 жылдың шілде айында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан ІІ Әлем чемпионаты өтті. Осы чемпио­нат­тың өту барысы туралы, қандай мемлекеттер қатысқаны, кімдер ұйымдастырушы болғаны туралы тарата айтсаңыз? – Тоғызқұмалақтан ІІ Әлем чемпионаты шілде айының 16-20 жұлдызы аралығында өтті. Оған АҚШ, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Латвия, Украина, Швейцария, Түркия және Чехия мемлекеттерінен 50-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс ерлер және әйелдер арасында бөлек өткізілді. Чемпионатты Чехияда өт­кізу туралы шешім 2010 жылы 1 қараша күні Астанада өткен Қауымдастықтың жиналысында шешілген болатын. ІІ Әлем Чемпионатының жоғары деңгейде өтуін, жүлде қорын дайындау, бағалы сыйлық­тармен марапаттау жағының барлығын Алихан Мұхамедияұлының өзі қамтамасыз етті. Еуропада ұйымдастырылған чем­пионаттың жоғары деңгейде өтуіне Чехия Тоғызқұмалақ Қауымдастығының төр­айымы – Хана Котинова және АVE-Con­takt халықаралық ұйымының төрағасы – Ян Мазух та мол еңбек сіңірді. Тоғызқұмалақ жарысы шапшаң(блиц), белсенді (рапид) және классикалық жүйе бойынша өткізілді. Белсенді жарысқа кез-келген спортшы қатысу мүмкіндігіне ие болса, шапшаң ойнау мен классикаға әр елден 2 ұл және 2 қыз қатыстырылды. Ерлер арасында – 29, қыздар арасында – 18 спортшы қатысты. Чемпионат ерлер мен қыздар арасында 3 біліктілік бойынша өтті: блиц (әрқайсысы 7 минуттан), рапид (әрқайсысы 25 минуттан), классика (әр­қай­сысы 90 минуттан). Жарыс қорытындысына сәйкес, блиц бойынша 1-орынды Айдос Сейітжан (Қазақстан), 2-орынды Хәкімжан Елеусінов (Қазақстан), 3-орынды Кубан Сазаев (Қырғызстан) иеленсе, қыздар арасында 1-орынға Әсел Далиева (Қазақстан), 2-орынға Фарида Әуесбаева (Қазақстан), 3-орынға Эльмира Құдайбергенова (Қыр­ғыстан) жайғасты. Ерлер арасындағы рапидтен 1-орынды Серік Ақтаев (Қазақстан), 2-орынды Айдос Сейітжан (Қазақстан), 3-орынды Мақсат Шотаев (Қазақстан), қыздар ара­сында 1-орынды Диана Кенина (Қазақ­стан), 2-орынды Фарида Әуесбаева (Қа­зақстан),3-орынды Гүлжан Мағауова (Қа­зақстан) иеленді. Классика бойынша ерлер арсында 1-орын Хәкімжан Елеусіновке, (Қазақ­стан), 2-орын Сайлан Матыловқа (Қазақ­стан), 3-орын Мирлан Құдайбергеновке (Қырғызстан) бұйырса, қыздар арасында 1-орынды Әсел Далиева (Қазақстан), 2-орын­ды Диана Кенина (Қазақстан), 3-орынды Гүлжамал Сарыкеева (Қырғыз­стан) алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқан Алихан Мұхамедияұлы жеңім­паздар сапынан Қазақстан спортшыларын ғана емес, басқа елдің спортшыларын да көргісі келетінін, бұл үшін олардың жоға­ры дайындықпен келуі керектігін жеткізді. – Алғашқы әлем чемпионатымен салыс­тыра отырып, бұл чемпионатта өнер көр­сеткен спортшылардың ойын өрнегіне қан­дай баға бересіз? Жарыс барысында қандай жаңа тактикалық тәсілдер, жаңа­лықтар орын алды? – Алғашқы чемпионатқа қарағанда бұл жарыста тоғызқұмалақтың теориялық жетістігі деп көрсететіндей, кейінгілерге үлгі болатындай партиялар көп бола қойған жоқ. Қыздар арасында Ә.Далиева мен Д.Кенина ойыны жаңалығымен ерекшеленсе, ұлдар арасында көптеген партиялар позициялық ойындар ретінде тіркелді. Яғни ерлер жағы өз партияларына өте сақ­тық­пен қарап, тәуекелге барғысы келмеді. Жеңімпаз болған Х.Елеусінов (Қызылорда) пен Ә.Далиева (Қызылорда) қарсылас­тарын өзі таңдап алған позиялық басым­дылықтар арқылы оңай ұтып отырды. – Жалпы ІІ Әлем чемпионатына басқа елдердің қатысу деңгейі алғашқы чем­пио­натқа қарағанда аз сияқты? Бұл қандай жағдайларға байланысты? – Бұл чемпионатта 10 елдің өкілдері қа­тысуының өзі де жетістік. Алғашқы чемпионат Қазақстанда болған кезде, оған 16 елден спортшылар қатысты. Ол кезде спортшылардың барлық шығындары Ха­лықара­лық Тоғызқұмалақ Қауымдас­тығы мен Спорт Министрлігі көтерген болатын. ІІ Чемпионатта барлық шығын қатысушы­лардың өз қалтасынан немесе қауымдас­тықтары тарапынан төленді. Қазіргі кез­дегі Еуропадағы қаржы дағдары­сы қа­­уым­дастықтар мен спортшыларға да әсер етіп отыр. Осыған байланысты Испания, Белгия, Франция, Голландиядан қа­тысушылар болмады. Олар ақпан айын­да Францияның Канн қаласында өткен семинарда қатысамыз деп келісім берген. – Қазіргі кезде тоғызқұмалақты ха­лықара­­лық деңгейде дамыту барысында қандай өзекті мәселелер туындап отыр? – ІІ Әлем чемпионатының барысында тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту туралы шетелдік әріптестеріміздің ойларын білгенімзде, олар бірнеше мәсе­лені алға тартты. Ең алдымен, ағылшын тілінде сапалы жазылған оқулықтардың жоқтығы, оқулықтардың әлем тілдеріне аударылуы, интернетте арнайы сабақтар жүргізілуі, басқа елдерде қауымдастық­тардың ашылуы және т.б. Бұл мәселелер алдағы уақытта Дүниежүзілік Тоғызқұ­малақ Қауымдастығы тарапынан шешімін табуы тиіс. – Өзге спорт түрлерінен олимпиада және әлем чемпиондарын марапаттау мәселесі жоғары деңгейде шешілген. Тоғызқұма­лақтың жеңімпаздарын қандай марапаттаулар күтіп тұр? – Тоғызқұмалақ олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан Әлем чемпио­наты­ның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттаулар күтіп тұр деп айта алмай­мын. Облыстық спорт басқармалары та­рапынан тағайындалған сыйлықтар болуы мүмкін. Осы мәселені қанша рет көтер­генімізбен, әлі шешілмей отыр. – Басқа елдерде жоғары дәрежелі то­ғызқұмалақшылар қалыптастыру үшін не істеу керек? Өйткені екі әлем чемпионаты­нан кейінгі нәтижелерге қарағанда қазіргі таңда Қазақстанға бәсекелес бола аларлық мемлекеттер жоқ сияқты? Егер шет елдіктер тоғызқұмалақтың теориялық жетістіктерімен таныса алмаса, оларда ешқашан өсу, өрлеу болмайды. Сондықтан Қауымдастықтары ашылған елдерге тәжірибелі жаттықтырушылар мен спортшыларды шеберлік сабақтарын өткізу үшін жіберу керек. Бұл үшін Жапон елінің тәжірибесін алу керек. Олар дзюдо мен го ойынын халықаралық деңгейде насихаттау үшін көп елдерде семинарлар мен жарыстар өткізіп, көптеген бағалы жүл­делер тікті. Өз елдеріндегі жарыстарға шақырып, олардың барлық шығындарын көтеріп, мараптап отырды. Осының арқа­сында дэюдо олимпиадалық ойын түріне айналды, ал го халықаралық 5 зияткерлік ойынның қатарына енді. Қазіргі кездегі экономикасы қарыштап дамып келе жат­қан Қазақстанның тоғызқұмалақты да­мыту арқылы, еліміздің зияткерлік қасиет­терін, озық дәстүрлерін әлемге танытуға, сондай-ақ ұлттық ойныды дүниежүзіне танымал 5 зияткерлік ойынның қатарына енгізу мол мүмкіндігіміз бар. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Санат ӘуелТай