ҮЙРЕТЕ КӨРМЕ АУЫЗДЫ, НАСЫБАЙ МЕНЕН ШЫЛЫМҒА!..
2012 ж. 26 сәуір
2082
0
Көк түтінін будақдатып, шылымды құшырлана соратындар қатары күн санап өсіп келеді. Бүгінгі қоғамда шылымқорлықтың тамырын тереңге жайып үлгергені сонша, тіпті адам талғамайтын болды: кәрісі- жасы, қыз-келіншегі бар, әйтеуір шылымды құныға шегеді, әрі қалыпты жағдайға айналғандықтан темекі тартқан жанға ешкім таңқалмайтын да болды. Қанға сіңіп, сүйектен өтіп кеткендей. Өкініштісі сол, шылымқорлардың барлығы дерлік темекі зиянының шаш етектен екендігін біле тұра, зиянды әдетінен арылмай, денсаулығына қолдан қаскөйлік жасайды.
Егер ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда халқымыздың 27 пайызы шылымқорлар санатына жатады. Бұл, шамамен, 4 миллионнан астам қазақстандық. Ал есептелмегені қаншама?! Бар болғаны 16 миллионға жуық халқымыздың төрттен бірі шылымның шырмауында болса, оған экологиялық факторлардың кері әсерін қосыңыз. Ал енді халық денсаулығының қандай күйде екендігін бағамдай береңіз.
Шылымқорлыққа салыну халықтың өз денсаулығына салғырт қарап, өзін өзі өлімге итермеленімен пара-пар деп ұғынған жөн. Өйткені темекі тартудың салдарынан салдарынан туындаған аурудан жылына 25 мың, ал күніне 70 отандасымыз көз жұмады екен. Неге өлімге итермелейді дейміз, өйткені құрамында 4000 (диоксид көміртегі, никотин, көмірсулар, темекі қарамайы, мышьяк... және тағы басқалары) астам түрлі химиялық заттар бар шылым өнімдерінің бүтін ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне, дұрыс жетілуіне айтарлықтай кедергі келтіреді. Әсіресе, қан тамырларын жіңішкертіп, қатайтады, қан айналымын бұзады. Миға қан аз барып, ми дұрыс жұмыс істемейді. Қан қысымының көтеріліп, жүрек талмасын туындатады. Сондай-ақ, бүйрек қызметіне, асқазандағы қышқылдың шамадан тыс көп бөлініп, гастрит ауруының туындауына мұрындық болады, қандағы холестерол арттырады. Темекі тыныс жолдарының қабынуы, өкпе, ерін, өңеш рагы секілді аурулардың туындауына әкеп соғады. Тыныс жолдары ауруларының 90% темекі тартудың салдарынан. Шылым гангрена ауруына душар етіп, шіріген органдарды алып тастаудың нәтижесінде кемтарлыққа дейін апарады. Есте сақтау қабілетін нашарлаталып, ұйқының бұзылуы, асқа тәбет болмай, көңілсіздікке душар етеді.Теріге әжім түсіріп, адамды жасынан ертерек қартайтады.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демей ме халық нақылы. Шылымқорлық деңгейін бағамдай отырып, бір ғасырлық ұрпақ өкілдерінің уланып жатқандығын байқауға болады. Балалардың никотиннен туылып, улы заттың нәрімен өсіп келе жатқандығы болашақтағы ұлт генофонының әлсіздігіне, халық денсаулығының төмендігіне алып келері хақ. Сондықтан да шылымқорлық бүтін бір ел тағдырына келіп отырған кесел. Өйткені жасөспірімдерден бастап құртаңдаған қартқа дейін темекіге құмар. Елімізде 120 мыңға жуық 13-15 жас аралығындағы жас өсірімдердің темекіге әуестігі белгілі болып отыр. Бесіктен белі шықпай жатып шылымқорлыққа бет бұра бастаған мұндай жасөспірімдердің ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат болатындығына күмән келтірмеске шарамыз жоқ. Өйткені никотинмен уланған жасөсіпірім әлжуаз, әлсіз болып өседі. Әрі зиянды әдетке салынған баланың білім алуға ынтасы да шамалы келеді. Тіпті қазір қыз-келіншектің темекі тартқандығына да көз де үйреніп қалды. Ел ұйытқысы болар қыз-келіншектердің өзі шылымның көк түтініне масайып, бал-бұл жайнап тұратындығын қайтерсіз?! Елімізде 600 мыңға жуық қыз- келіншек темекіге әуес. Мұндай аналар ұрпақ сабақтастығының тамырына балта шауып, ел болашағының бұлыңғыр тартуына тікелей себепші болып отыр.
Шылымқорлықтың қанатын кеңге жаюына тікелей себепші болып отырған жайт – темекі өнімдерінің қолжетімділігі. Қай дүкенге кіре қалсаңыз да, көздің жауын алар қызылды-жасылды етіп безендірілген темекі өнімдері дүкен сөрелерінің сыймай, самсап тұрады; әрі бағасы да қалтаңызды қақпайды. Мәселен, Еуропа елдерінде темекі өнімдеріне салынатын салықтың жоғары болуынан темекі қымбат. Еуропада шылымның бір қорабы орта есеппен алғанда 3,5 еуро тұрады. Біздің ақшамен 700 теңгенің ар жақ, бер жағы. Ал біздің елде темекенің орташа бағасы 100 теңгенің төңірегінде. Өйткені, темекі өндірісіне салынатын акциз бағамы 25% ғана құрайды. Әрине мұндай баға шылымқорлықты тежемейді. Керісінше, бағасының төмендігі темекіге деген сұранысты көбейтпесе, азайтпайды. Сөзіміз дәйекті болу үшін, экономикалық есепке жүгінейік: елімізде 8 темекі зауыты жылына 18 миллиард қорап темекі өндіреді екен. Мұнымен шектелмей, шылымқорларымыздың аранының кеңдігі сонша, шетелдерден 3 миллиард қорап темекі әкелуді және қажет етеді. Мұның барлығы ашықтан-ашық дүкендерде сатылып жатқан жоқ па? Әрине, темекі өндірісінің өркендеуі ел экономикасына пайдалы шығар, бірақ Қазақстан Республикасында адам өмірі бәрінен бірінші кезекте тұратындығын ескерсек, темекі өнімдерінің еркін айналымда болуышылымқорлықтың кең таралуына жағдай жасап, ел тұрғындарының денсаулығына залал келтіруде.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне көз жүгіртсек, алдағы уақытта жер бетіндегі жарты миллиард адамның түбіне осы темекі жетпек. Шылымқорлық, нашақорлық секілді, денені дендеп алған соң, одан арылу қиын. Темекінің қызық көріп тартып көрген он адамның сегізі темекінің құрсауында қалып қояды екен. Мұның өзі темекінің қаншалықты деңгейде еліктіргіш құрал екендігін байқатса кеерк. Бірақ бүгінде қарыштап дамып келе жатқан медицина мен фармацевтика саласы шылымқорлықтың шектеудің түрлі амал-тәсілдерді, дәрі-дәрмектерді ойлап табуда. Мәселен, никотинді алмастыратын жеңіл-желпі препараттар, ине салып, электрлі пунктура секілді ем-дом жасап, психологиялық жаттығулар жасату арқылы шама-шарқының жеткенінше тырысып-ақ жатыр.
Әйтсе де, темекіден тыйылу үшін адамның ерік-жігері мықты болуы керек.
Ел болашағы үшін алаңдайтын әрбір азамат өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарағаны абзал. Себебі ол ертеңгі ұрпақтың ата-анасы. Денсаулығына салғырт қарап, сау тәнді қолдап ауру ету – тек өзін ғана емес, өзінен қалар ұрпақ өміріне балта шабу деген сөз. Өйткені, шылым адам генофонының әлсіз болып, әлжуаз ұрпақтың дүниеге келуіне, тіпті бедеулікке дейін апарады. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, ертеңіміздің жарқын болуы үшін бүгіннен бастап деннің саулығын сақтағанымыз ләзім. Сондықтан, темекіні тыйыңыз!
Ш.ОМАР