Әбдісаттар Әліп: Қазақстан халқы қашанға дейін әлдекімдерді асырай бермек?!.
2020 ж. 01 сәуір
3113
0
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында мәжілісмен Азат Перуашев кәсіби спортты, соның ішінде әсіресе футболды бюджеттен, былайша айтқанда, халықтың қаржысынан қаржыландыруға қатаң тыйым салу жөнінде ұсыныс жасағанын бәріңіз жақсы білесіздер. Халық қалаулысының айтуынша, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қыруар қаржы-қаражат жұмсалатын көрінеді. Аумақтарға бөлінген ауқымды ақшаның 80 пайыздайы аяқдопшыларға ажыратылады екен. Таяуда бір шетелдік легионерді бес миллион еуроға сатып алу жөнінде келісімшартқа қол қойылған көрінеді. Мәжілісмен мұның орнына еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, өскелең заманауи талаптарға сай келмейтін стадиондар мен спорт ареналарының жай-күйін реттеуге үндеп отыр.
Таяуда осы тақылеттес пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та білдірді. Оның ойынша, Олимпиада ойындарына әзірлікке бөлінетін қыруар қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсаған жөн көрінеді.
Азат Перуашевтың пікірінше, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тек бұқаралық спортты дамытумен ғана айналысқаны жөн. Барлық спорт федерацияларын қомақты қаржы-қаражаты бар Ұлттық Олимпиада Комитетінің қарамағына беру керек.
Футболшыларымыздың трансферлік бағасы 152,7 миллион долларды құрайды екен. Бұл - бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі Ресей (1,2 миллиард доллар) мен Украинадан (380,4 миллион доллар) кейінгі үшінші көрсеткіш.
Еліміздегі үздік деген қос клубтан өзгелерінің бәрі дерлік мемлекет есебінен күнелтеді. «Астана» (Нұр-Сұлтан) футбол клубы квазимемлекеттік сектордан бөлінген қаржыға өмір сүруде. Клубтың барлық шығынын дерлік «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы өз мойнына алған. Қазақстанның алты дүркін чемпионының өткен жылғы бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңгені (25 миллион доллар) құраған. Еурокубок бәсекелерінде топтық кезеңге дейін жеткені үшін 4,6 миллион доллар табыс тапқан. Бұған қоса-қабат клуб қатысқан кездесулерді телетрансляция жасау құқығы үшін берілген кішігірім бонус тағы бар. «Қайрат» (Алматы) футбол клубы жылдық шығынының төрттен бірін қалалық бюджет өтейді. Биыл мегаполис мэрі командаға 892 миллион 857 143 теңге (2,3 миллион доллар) қаржы бөлген.
Қалған он команданың шығындары облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінеді. Бұл - қарапайым халықтың қалтасына қол сұғу деген сөз. Бейресми мәліметтерге қарағанда, Премьер-лигадағы барлық командалардың жылдық бюджеті 54,5 миллиард теңгені (144,8 миллион доллар) құрайды. «Ордабасы» (Шымкент) футбол клубының жылдық бюджеті 6,2 миллиард теңгеге (16,4 миллион доллар), «Тобыл» (Қостанай) футбол клубының бюджеті 3,2 миллиард теңгеге (8,2 миллион доллар) тең .
Мәжілісмен Ұлттық Олимпиада комитеті спорттағы жоғары нәтижелер үшін күресуі керек. Кәсіби спортты кәсіпкерлер, бизнесмендер, Ұлттық компаниялар қаржыландыруы қажет. Ал кәсіпқой спортшылар бар күш-жігері мен шеберліктерін танытып, жалпақ жұртқа өздерінің нағыз мықты екенін мойындата білуі шарт дейді.
Біздің де Азаттың азат ойын мойындамасқа лажымыз жоқ. Мұнымызды төмендегі мына бір статистикалық мәлімет те нақтылай түседі.
Қазақстан футбол клубтарының болжамды бюджеті:
«Астана» (Нұр-Сұлтан) 15 миллиард теңге 36, 3 миллион екро*
«Қайрат» (Алматы) 8 миллиард теңге 19 ,3 миллион еуро
«Ордабасы» (Шымкент) 6,2 миллиард теңге 15 миллион еуро
«Тобыл» (Қостанай) 4,5 миллиард теңге 10,8 миллион еуро
«Шахтер» (Қарағанды) 4 миллиард те4ге 9,6 миллион еуро
«Қайсар» (Қызылорда) 4 миллиард теңге 9,6 миллион еуро
«Еrtis» (Павлодар) 3,8 миллиард теңге 9,2 миллион еуро
«Жетісу» (Талдықорған) 3,5 миллиард теңге 8,4 миллион еуро
«Каспий» (Ақтау) 2 миллиард теңге 4,8 миллион еуро
«Оқжетпес» (Көкшетау) 1,9 миллиард теңге 4,6 миллион еуро
«Тараз» 1,9 миллиард теңге 4,6 миллион еуро
«Қызылжар» СК (Петропавловск ) 0,92 миллиард теңге 2,2 миллион еуро
Барлығы 55,72 миллиард теңге 134,9 миллион еуро
*ЕСКЕРТУ: футбол маусымы басталған тұста бір еуроның бағамы 413 теңгеге тең болатын.
Бұл - футболшылар мен олардың бапкерлерін асырау үшін балақайларды қоса-қабат есептегенде еліміздің әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 3 000 теңгеден төлеп отыруы керек деген сөз. 2013 жылы еліміздегі трансферлік баға 64 миллион еуроны құраған. Бұл көрсеткіш былтыр 101,4 миллион еуроға, ал биыл 145,3 миллион еуроға жеткен. Былтыр сатып алынған 31 футболшының әрбірінің трансферлік бағасы бір миллион еуродан асқан. Ал биыл олардың саны сегізге артып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» клубының намысын қорғайтын хорватиялық Марин Томасовтың бағасы - 3,5 миллион еуро. Алматыдағы «Қайраттың» құрамында топ тебетін украиналық Адеринсола Эсеола - 3,3 миллион еуро, ал поляк Яцек Гуральский - 3 миллион еуро тұрады. «Астаналық» Дмитрий Шомко мен Қостанайдың «Тобылындағы» Роман Мұртазаевтың бағасы - 2,5 миллион еуродан, «Астананың» сапындағы румын Дорин Ротариу - 2,2 миллион еуро, осындағы жасанды украиналық Дмитрий Непогодов пен Шымкенттің «Ордабасы» клубындағы бразилиялық Жоао Паола - 1,8 миллион еуроға, «Астанадағы» кипрлік Пиерос
Сотириус пен «Қайраттағы» Стас Покатилов - 1,7 миллион еуроға бағаланатынын біле жүріңіздер.
Былтыр қараша айының соңында Қазақстан Футбол федерациясының атқару комитеті Еуразия экономикалық одағына мүше - Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан елдерінен келген футболшылар енді легионер болып есептелмейді деген шешім шығарған. Сөйтіп, әлгілердің саны былтырғы сегізден биыл 37-ге жетіп отыр. Атап айтқанда, олардың 21-і Ресейден, 11-і Беларусьтен, төртеуі – Армениядан, біреуі - Қырғызстаннан келгендер. Есесіне Ресей чемпионатында өнер көрсететін қазақстандық футболшылар некен-саяқ. Бүгінде Бахтиер Зайнутдинов Дондағы Ростовтың «Ростов», Акмаль Бахтияров Сочидің осы аттас, Исламбек Қуат Орынбордың осы аттас клубтарында доп теуіп жүр. Кезінде Краснодардың «Кубань» клубының негізгі құрамына іліге алмаған, биылғы қысқы трансферлік маусымда Мәскеудің «Локомотив», Санкт-Петербургтың «Зенит» клубтарына ауысады деп жүрген Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Бауыржан Исламхан ақыр аяғында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» клубының қатарынан бір-ақ шықты емес пе?!
Биыл Қазақстанның Премьер-лигасында 415 футболшы өнер көрсетуде. Олардың 119-ы, яғни 28,7 пайызы 34 елден келген шетел азаматтары. Атап айтқанда, Ресейден – 21, Сербиядан - 17, Беларусьтан – 11, Грузиядан – 7, Украинадан – 6, Хорватия, Черногория, Болгария, Франциядан - 4, тағы басқалар, тағысын сол сияқтылар... болып жалғасып кете береді. Талдықорғанның «Жетісуында» - 13, ал Павлодардыі «Ertis» және Қарағандының «Шахтер» клубтарында – 12-ден шетелдік ойыншы өнер көрсетеді. Есесіне Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» клубтарында – сегізден, Қостанайдың «Тобылында» жергілікті жеті футболшы ойнайды. Бірінші турда жасыл алаңға шыққан 132 ойыншының 79-ы, яғни 59,84 пайызы шетелдіктер болған. Бұған қарап орта есеппен алғанда әрбір ойында екі-үш, ал жалпы жыл бойына тек 50-60 жергілікті футболшы ғана өнер көрсететенін шамалауға болады. Ал олардың арасынан ел намысын қорғайтын саңлақтарды таңдау чех маманы Михал Билекке оңай соқпасы айдан анық. Бұған қоса-қабат жаз айларындағы екінші тіркелетін трансферлік кезеңде сатып алынатын шетелдік футболшылардың жасына шектеу қойылмайтын көрінеді. Осылайша жасы отыздан асып, шау тартқан егде шетелдік ойыншылардың қаптап кететін түрі бар. Олардың бәрін деңгейі орташа Қазақстан чемпионаты емес, жоғары жалақы, яғни құлқынның құлы айдап келетіні айтпаса да түсінікті жайт. Біздегі легионерлердің ем кемі 3 000-4 000, ал ең көбі 30 000 - 40 000 еуро айлық жалақы алады екен. Бұл - орташа есеппен алғанда 12 000 еуроны құрайды деген сөз. Ал клуб басшылығы мен бапкерлердің жалақысы бұдан да жоғары екені айтпаса да түсінікті. Өз кезегінде базарда арба сүйретіп, жүк тасып, қара жұмыс істейтін қарапайым қандастарымыздың қанша жалақы алып жүргенін өздеріңіз жақсы білсеңіздер керек.
Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын хокейшілердің «Барыс», баскетболшылардың «Астана», тағы басқа спорттық клубтардағы, Ұлттық Олимпиада Комитеті мен қаптаған спорт федерацияларындағы легионер ойыншылар мен бапкерлерге жұмсалатын қыруар қаржы-қаражаттың нақты есебін жүргізіп отырған тірі жан бар ма екен өзі?! Ашқұрсақ отырған Қазақстан халқы қашанға дейін әлдекімдерді асырай бермек?! Қорыта айтқанда, желге ұшқан ақшалар, легионерлер, басқалардың жайын ойлап бас қатырып отырған бір пенде бар ма өзі, әлде жоқ па деген сауал күндіз күлкімізді, түнде ұйқымызды қашырып отырғанын жоғары жақтағылар шынымен-ақ білмей ме екен?! Бұған төрткүл әлемді жайлаған коронавирус секілді кесір-кесепаты көп қатерлі індетті қосыңыздар. Сонда қазақ қалай күн көрмек?!.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақ үні