Мадияр ӘШКЕЕВ: WBC рейтингіндегі үздік боксшылармен жұдырықтасуды көздеймін
2019 ж. 30 қараша
2564
0
Өмірінде бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Мадияр Әшкеев елге оралды. Жуырда жеңіп алған WBC белбеуін ел Тәуелсіздігінің құрметіне арнаған спортшы «Қазақ үні» сайтына арнайы сұхбат берді.
– Мадияр WBC (USNBC) чемпиондық белбеуін жеңіп алғаның құтты болсын!
– Рахмет!
– Ең әуелі өзіңнің туған жерің, өскен ортаң туралы білсек...
– Жамбыл облысы, Меркі ауданында 1988 жылы 30 шілдеде дүниеге келдім.
– Бала Мадияр қандай еді?
– Мен өте момын бала болдым. Тіпті, 10-шы сыныпқа дейін бойым аласа, салмағым аз болды. Ешкімге өздігінен соқтығыспайтын, сабақ пен бокстан қалмайтын тәртіпті бала болдым. Әкеміз бізге үнемі "үлкенге ізет, кішіге құрмет" көрсету қажеттігін жадымызға құйып өсірді.
– Спортқа келуіңе кім түрткі болды?
– Бала кезімде шымыр емес едім. Керісінше әлжуаз болдым. Осыған алаңдаған ата-анам мені 12 жасымда боксқа берді. Мұндағы мақсат –өз-өзін қорғануды үйренсе деген ой. Мені боксқа аталас ағам бапкер Ғани Әшкеев өзі жетектеп ертіп барды. Ғ.Әшкеев СССР-дің Спорт шебері, СССР-дің Ұлттық құрама командасындағы өте талантты боксшылардың бірі болған. Жақында ғана өзі баулыған ұлы Қазақстан чемпионы Жексен Бейбарыс Азия чемпионы атанды. Мұның бәрі әрине ағамыздың еңбегінің жемісі.
– Демек, өзіңді де боксқа баулыған ағаң ғой...
– Мен боксқа әуел баста өз-өзімді қорғағауды үйренемін деген ниетпен келдім. Кейін бұл салада шыңдала бастадым. Аудандық, қалалық жарыстардан жүлдемен оралып жүрдім. Тіпті Халықаралық додаларда бақ сынап, топ жара бастадым. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атандым. Осындай жетістіктерімді көрген соң, болашағымнан зор үміт күткен Ғани ағам мені 2004 жылы Алматы қаласындағы Қаркен Ахметов атындағы Олипиадаға арнайы ізбасарлар дайындайтын республикалық мамандандырылған мектеп-интернатына оқуға алып келді. Мұндағы мақсат – Қазақстанның олимпиада чемпионы атану еді. Осы мектеп интернатта кәсіби тұрғыдан білімімді жетілдіріп, кәсіби маман ретінде қалыптастым.
– Қазақ спортының бүгінгі даму деңгейі көңіліңнен шыға ма?
– Меніңше еліміздегі спорттың барлық түрі өз деңгейінде дамып келеді. Оның ішінде кәсіпқой бокстың жоғары деңгейден көрініп жүргенін көрермен қауым жақсы біледі деп ойлаймын. Осыдан төрт жыл бұрын шеберлігімді шыңдау мақсатында Америка Құрама Штатына өз күшіммен кеткен едім. Бүгінде Аллаға, шүкір жеткен жетістіктерімді өздеріңіз жақсы білесіздер.
Мен өзімді ғана емес, мен сияқты боксты жанына серік еткен жастардың біразының Америкаға келіп жаттығуына септігімді тигіздім. Яғни, олардың америкалық промоутерлармен байланыс орнатуына қолғабыс етіп, әрқайсысының биіктен көрінуіне тілектестік білдіріп келемін. Болашақта ойға алған жоспарларымды жүзеге асырып, қазақтың кәсіпқой бокстан бұдан да биік шыңдардан көрінуіне үлесімді қосамын деген ойдамын.
– Соңғы өткен аргентиналық Родольфо Мартинеспен жекпе-жегің туралы оқырман қауым толығырақ біле отырса...
– Менің ақырғы жекпе-жегіме шығатын қарсыластарым бірнеше рет ауысты. Соған қарамастан рингте бар өнерімді көрсетіп, аргентиналық Родольфо Мартинесті жеңу керек болды. Оңайға соққан жоқ. Оны үш рет нокдаунға түсірген соң, Мартинес жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
– WBC белбеуі өзіңе қандай жауапкершілік жүктейді?
– Әрбір жетістіктің артар өзіндік жүгі болар белгілі. Мәселен, WBC белбеуін мен әрбір төрт айда қорғап тұруға міндеттімін.
– Мадияр өзіңді еліміз бірде-бір рет жеңіліс дәмін татпаған кәсіпқой спортшы ретінде жақсы біледі. Үнемі жеңіс тұғырынан көрінудің сыры неде?
– Үнемі жеңіс тұғырынан көруінудің ешқандай құпия сыры жоқ. Ең бастысы – тыңғылықты дайындық. Сонымен қатар, дұрыс ұйқтау, дұрыс тамақтану және де психологиялық тұрғыдан мықты болу. Дұрыс режим сақтай отырып, үнемі өз-өзімді жетілдіріп отыруға тырысамын.
– Күні бүгінге дейін өзіңнің еншіңде 14 жеңіс пен 7 нокаут бар екені белгілі. Қай жеңісің саған қиындыққа түсті?
– Кәсіпқой бокста кез-келген боксшымен жұдырықтасу оңайға түспесі анық. Ешбір жеңісімді оп-оңай келе қалды дей алмаймын. Әрбір доданың жүктейтін өзіндік жауапкершілігі бар.Қарсыласпен кездесуге дейінгі жаттығулардың бәрінде қаншама тер төгілетіні тағы бар.
– Алдағы жоспарларың қандай?
– Жаттығуда әрі қарай жалғастырамын. Қазіргі спорттық деңгейді жоғалтпау керек. Ендігі жоспарым келер жылы WBC рейтингіндегі үздік 50 боксшылармен жұдырықтасу. Командам осы бағытта жұмыс атқаруда. Басты мақсатым – чемпион атану. Кәсіпқой бокста бұдан да биік шыңдарды бағындырып, қазақ атын әлемге таныту.
– Спортта жұлдызың жарқырап жану үшін де демуші қажет екені белгілі. Ал өзіңнің демеушілерің кімдер?
– Ең басты қолдаушым – Алла. Жаратқан иеміздің қолдауымен, ағайын-туыстың демеуімен осындай деңгейге жетіп отырғаныма шүкіршілік айтамын. Сондай-ақ, маған ешқандай келісім-шартсыз үнемі қолдау көрсетіп отыратын Қайрат атты ағам бар. Ол кісіге деген ризашылығым шексіз.
– Рингке шыққанда сені нендей нәрсе жігерлендіреді?
– Мен үнемі рингке қазақтың рухын оятып, жігер беретін әндерді тыңдап алып барып шығамын. Қарсыласпен бетпе-бет келгенде қазақ ұлтының мықты екенін, бойымда батыр бабаларымның қаны бар екенін көрсетіп жеңуді ғана көздеймін.
– Егер сен спорт министрі болсаң,еліміздегі спорт саласына қандай өзгерістер әкелген болар едің?
– Министр болайын, болмайын тек халқыма адал еңбек еткім келеді. Ал егер министр атану бұйырып жатса, ең бірінші қазақтың қаракөз балаларын өздері қалаған спорт түрлеріне баулып, қазақ халқының әлемдегі ең мықты халықтың бірі екенін дәлелдейтіндей етіп өсіруге, тәрбиелеуге күш салар едім. Жалпы еліміздің азаматы ретінде пікірім де ұстанымым да осы.
– Шетелде жүргенде туған еліңнің қандай дәмін ерекше сағынасың?
– Қазақ болған соң әлбетте ең бірінші етті сағынамын.(күліп). Мен үшін қазағымыздың қазы-қартасы мен жал-жаясына жетер дәмді тағам жоқ.
– Егер құпия болмаса отбасылық өміріңмен де оқырмандарымыз таныс болса...
– Аллаға шүкір, жанымды ұғынатын Қарлығаш есімді аяулы жарым бар. Ол да Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы. Екеуміз бірге Алдияр, Томирис, Аделья есімді балапандарды тәрбиелеп, өсіріп келеміз. Ұл-қыздарымыздың барлық жағдайын жасап, менің спортпен алаңсыз айналысуыма мүмкіндік туғызып отырған асыл жарыма айтар алғысым шексіз.
– Әңгімеңе рахмет! Алар асуың қашан да биік болсын!
– Айтқаныңыз келсін!
Сұхбаттасқан: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Арнайы «Қазақ үні» үшін