Астаналық арландарға не болған?

  Мәскеуде өткен «Dynamo Moscow» және «Astana Arlans» арасындағы кездесу 5:0 есебімен Мәскеулік команданың жеңісімен аяқталды. Биыл «А» тобында өте мықты командалар жиналған сияқты. Соның ішінде Ресей биыл өз құрамын барынша күшейтіп алыпты. Былтырғы әлсіз «Кремль аюлары» биыл жоқ. Оның орнына аса мықты «Dynamo Moscow» командасы пайда болған. Италияның да әлемнің мықты боксшыларын жинап алғанын көрдік. Әсіресе украиналық легионерлерін атап айтуға болады. Ал өзімізге келсек легионерлеріміздің был­тыр­ғыға қарағанда сапасы жақсар­ғанымен, негізінен өз боксшыларымыз жарап тұр. Сонымен бүгінгі кездесуден кейін «А» тобында Ресей 22 ұпаймен бірінші орынға шықса, екінші орында 19 ұпаймен Италия тұр. Үшінші орын 19 ұпай жинаған Қазақстанның еншісінде. Осы жолы Ресейді жеңгенде бірінші орынға шығуға мүмкіндік бар болатын. Енді екінші орынның ауылы да алыстай түскен сияқты. Олай деуіміздің себебі Миланның бүгінгі қарсыласы Бангкок командасы. Оның үстіне кездесудің Миланда өтетінін ескерсек, италиялықтардың көш соңында келе жатқан командаға есе жібермесі анық. Сондай-ақ «А» тобында төртінші болып 14 ұпаймен Үндістанның «Mumbai Fighters» командасы келе жатса, 10 ұпай жинаған «Los Angeles Matadors» бесінші, 1 ұпайы бар «Bangkok Elephants» алтыншы орында. Біздің келесі қарсыласымыз Үндістанның «Mumbai Fighters» командасы. Кездесу 17-ақпан күні өтеді. Дәл сол күні Мәскеуліктер өз алаңында Миланды қабылдайды. Ал «В» тобына келсек біздің былтырғы басты қарсыласымыз болған Әзірбайжанның «Baku Fires» командасы көш бастап тұр. Барлық кездесулерін жеңіспен аяқтаған олардың қоржынында 24 ұпай бар. Екінші орында 13 ұпаймен Германияның «Leipzig Leopards» командасы келе жатса, тағы бір 13 ұпай жинаған Мексиканың «Mexico City Guerreros» командасы үшінші орынға жайғасыпты. Ал былтырғы чемпион Францияның «Paris United» командасының жағдайы биыл мәз емес. Бар болғаны 12 ұпай жинаған француздар өз тобында төртінші орында келеді. Бесінші орында 11 ұпаймен Түркияның «Istanbul Bosphorus» командасы тұрса, Қытайдың «Beijing Dragons» командасы 3 ұпаймен алтыншы орында екен. Плей-офф кезеңіне әр топтан 4 команда өтетіні белгілі. Олай болса біздің қауіптенетін жөніміз жоқ. Сонда да келесі кезеңде мықты қарсыласқа тап болмау үшін неғұрлым жоғары орынға шығудың маңызы зор. Алдағы кездесулерден жеңіс күтейік.