Қазақстанға Олимпиада лицензиясын алуға неліктен шектеу қойылды?
2019 ж. 22 қараша
2708
0
Қазақстанға Олимпиада лицензиясын алуға шектеу қойылды. Бұған отандық спортшыларымыздың допинг дауына жиі ілігуі себеп. Мәселен, 2020 жылы өтетін төрт жылдықтың басты додасында ауыр атлетикадан ел намысын екі ғана зілтемірші қорғайды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
2016 жылғы атышулы допинг дауынан кейін Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанға осындай жаза қолданып отыр. Сол уақытта он шақты қазақстандық спортшының қанынан рұқсат етілмеген препарат табылған болатын. Сондай-ақ, олардың 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарында алынған допинг сынамалары да тексерілген. Сондықтан аталмыш салаға жауапты министрлік допингке қарсы талаптарды күшейтіп, заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізді.
Сенат депутаттары мақұлдаған жаңа заңда допингпен ұсталғандарды спорттан шеттету, барлық атақ-дәрежесінен және ақшалай сыйақысынан айыру сынды қатаң жазалар күтіп тұр. Жаттықтырушылар да жазадан құтылмайды.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Бұрын допингтер 8 жылға дейін сақталатын. Бүгінгі күнде 10 жылға дейін сақталады. Он жылдың ішінде олқылықтар болса, анализдері дұрыс болмаса, спортшы, жаттықтырушылардың үй, қаржы және өзге де көтермелерін қайтарып береді.