«Дүйсенбілік спорт» жобасы өз мәресіне жетті
2019 ж. 07 қараша
1625
0
«Дүйсенбілік спорт» мемлекеттік-әлеуметтік жобасы аясында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Адырна» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Олжа» спорт футбол алаңында базар жастары арасында жаз бойы өткен сайыстың ақтық мәресі өтті.
«Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында Алматы қаласындағы 46 сауда орынында спорттық шараларға (футбол және волейбол) қатысуға шақыру мақсатында үгіт-насихаттық жұмыстар, базар әкімдіктерімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қалалық базарлардан 32 футбол командасы, 16 волейбол командасы іріктеліп шықты.
Жалпы ойындар барысында әдемі ойын үлгісін көрсетіп, 4 команда іріктеліп шыққан еді. Атап айтқанда «7 құрдас-2», «Кар-сити», «Саламат» және «Бахар и К» командалары ақтық сайыста өзара жеңімпазды анықтады.
Ашылу салтанаты ҚР әнұранымен басталып, әрмен қарай «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорының президенті Арман Серікұлы Әубәкір спорттың қасиеті, маңызы және мәнін насихаттап, салауатты өмір салтын сақтау жастардың өркендеуінің, ұлттың болашағының сара жолы екенін айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Өте тартысты өткен футбол ойыны барысында төмендегідей командалар жеңіс тұғырынан көрінді.
Бірінші орын – «Саламат»- кубок, медаль, диплом және 150 мың теңге ақшалай сыйлықпен;
Екінші орын – «Кар-сити» кубок, медаль, диплом және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен;
Үшінші орын – «Жеті құрдас» кубок, медаль, диплом және 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен;
Төртінші орын – «Бахар и К» кубок, медаль, диплом және 30 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мұхамеджан ӘБДІБЕК