ҰЛТТЫҚ КҮРЕС ЖАНАШЫРЫ ҚАШАН БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒАДЫ?
2019 ж. 23 тамыз
4143
0
Спорт журналистикасы саласында жүрген 20 жылға жуық уақыт ішінде көптеген спорт саласы майталмандарымен таныс болып, араласып жүрмін. Барлығы да қазақтың бір туар азаматтары, ел мақтаныштары. Солардың ішінен алғаш танысқан сәттен бастап әңгімеміз жарасып, артынан туған ағамдай болып кеткен Серік Адамұлының жөні бөлек. Серік аға нағыз спортқа берілген жан. Ол кісінің қазақ спортын дамытуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның ішінде қазақ күресін әлемге танытудағы ерен еңбегі тіпті орасан зор. Осындай ел үшін туған азаматқа жазықсыз жала жабылып, темір торға түскені тек қана менің емес, барша спорттан хабары бар, көзі ашық жандарға қатты батқаны рас. Басында жала ғой, ағамыз тез құтылатын шығар деп ойладық. Бірақ алты ай өтсе де ол кісіні бостандыққа шығармағасын, барша ел болып президентіміз Қ.Тоқаевқа хат жазып, араша сұрап, қол жинауды бастадық. Мен тұратын Ақтөбе өңірінде Серік ағамызды жақсы танитын, ол кісінің еңбегін жоғары бағалайтын азаматтардың басын қосып қол жинауды бастап жатырмыз.
Барша Алаш жұртының қолдауы мен тілегі қабыл болып, Серік ағамыз ортамызға оралар деген ойдамыз. Президентіміз дұрыс шешім қабылдап, қазақ спортының маңдайына біткен тұлғаны босатуға пәрмен береді, сөйтіп жақын арада Серік Адамұлы ортамызға қосылады деген үмітіміз бар. Серік ағаның қазақ спортына бергенінен берері әлі де көп. Сол себепті бостандыққа шығып, өзінің сүйікті ісімен айналысса, қазақ күресін әлемге таныта түсер еді.
Ағамызға Алла жар болсын! «Аққа Құдай жақ» дейді халқымыз. Бостандықта кездескенше Серік аға!
Мусағали Тасқалиев,
«Президент және спорт» және «Спорт жұлдыздары»
республикалық журналдарының бас редакторы