Ұлттық күресті ұлықтаушы азаматқа араша сұраймыз!
2019 ж. 13 тамыз
11099
41
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ. Тоқаевқа
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біздер, бар саналы ғұмырын спорт саласына арнаған азаматтар, Сізге Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын 2004 жылдан 2017 жылға дейін 13 жыл басқарып, кейін федерацияның бірінші вице-президенті қызметін атқарған Серік Адамболсынұлы Төкеевтің басындағы жағдай туралы хат жазып отырмыз. Серік Төкеев 2019 жылдың 14 наурызынан бері Астана қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Серік Төкеев қазақ күресіне көлденең қосылған адам емес. Төкеев екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлделері үшін жарыстарда ұлттық күрестен түйе балуан атанған белді балуан, спорт шебері. Кейін бірнеше жыл самбо мен қазақ күресінен шәкірт баптады. Спорт саласы бойынша ұзақ жыл облыстық, республикалық мемлекеттік мекемелерде басшылық қызмет атқарды. 2000-2006 жылдары республикалық Спорт және дене шынықтыру агенттігіне қарасты Штаттағы ұлттық командалар және спорт ізбасарлары дирекциясын басқарған жылдары Серік Төкеев Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына, Азия ойындарына Қазақстанның спорттық делегациясын бірнеше рет бастап барды. 2011 жылы Серік Төкеевке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілсе, 2012 жылы ол Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. 2008 жылдың қорытындысы бойынша сол тұста С. Төкеев басқарған Қ. Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт интернаты еліміздегі «Үздік спорт ұйымы» деп танылды. Серік Адамболсынұлы «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Серік Адамболсынұлы 1995 жылы спорттың білікті маманы Бауыржан Жаналинмен бірлесіп, ұлттық күрестің жаңа ережесін жарыққа шығарды. Және ұлттық күрестің өзіне ғана тән спорттық күртешесі тігілді. Бұрын балуандар әдіс жасағанда әдістер самбодағыдай – 1,2,3… деп санмен бағаланып келсе, ендігі жерде «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс», деген қазақша терминдер қолданысқа енді. Қай құрылықта жарыс өтсе де төрешілер балуандарға: «баста!», «тоқта!»… деп қазақша бұйрық беретін жүйені ең алғаш Серік Төкеевтің командасы жүзеге асырды. «Мен 2000 жылдың күзінен 2006 маусым айына дейін республикалық штаттағы ұлттық командалар және спорт ізбасарлары дирекциясын басқардым, – дейді Серік Адамболсынұлы. – Cол жылдары қолда мүмкіндік барда облыстық спорт басқармалары басшыларына арнайы хабарласып, жоғары спорт шеберлігі мектептері мен басқа да спорт мекемелерінде қазақ күресінен бөлімдер ашылуына, жаттықтырушыларға штаттық бірлік бөлінуіне шама жеткенше атсалыстым. Ол кезде біраз облыста қазақ күресі жоққа тән еді. Солтүстік пен батыстағы кей облыстардың спорт басшылары Қазақстан чемпионаттарына команда жіберудің өзін мойындарына артық жүк санайтын. Оңтүстік Қазақстандағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы және Бақыт Жаңбырбаев турнирінен басқа ауыз толтырып айтатын жарысымыз да болған жоқ. Біздің табанды әрекетіміздің арқасында ұлттық күреске шекеден қарап келген біраз облыста қазақ күресі үйірмелері жұмыс істей бастады. Қысқасы, бұл жылдары біраз аймақта қазақ күресінен бөлімдер ашылып, ондаған жаттықтырушылар ұлттық күрестен шәкірт баптауға кірісті. Соның нәтижесінде кейінгі жиырма жылда ұлттық күрестің ауқымы кәдімгідей кеңейіп, елдің әр қиырында өтетін жарыстар саны көбейе түсті. Осы жерде баса мән беретін жағдай: 2005 жылғы Азия, 2006 жылғы әлем чемпионаттарынан кейін қазақ күресінде үлкен сілкініс пайда болды». («Егемен Қазақстан», 25.01.2018). Иә, ХХ ғасырдың басында Серік Төкеевтей атпал азаматтың басшылығымен қазақ күресінен әлемдік деңгейдегі жарыстар өте бастады. Осы жерде мына тарихи сәтті еске салғанды жөн санадық. 2005 жылы Көкшетауда ауыл спортшыларының республикалық «Ақ Бидай» ойындары өтті. Сол бәсеке үстінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика спортының басшыларына қазақ күресін халықаралық аренаға шығару туралы тапсырма берді. Серік Төкеев содан бергі уақытта Елбасы тапсырмасын орындау жолында жан-тәнімен беріле еңбек етті. Нақтылай айтсақ, 2005-2017 жылдары Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен 6 әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогы, 3 Еуропа біріншілігі, 1 Еуропа кубогы, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионаттары және Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты, Голландияда Еуропа кубогы, т.б. ресми бәсекелер ұйымдастырылды. Федерация бұл бәсекелерге халықаралық құзырлы орындардың (ФИЛА, кейін UWW (Біріккен Күрес әлемі)) мамандарын арнайы шақырып отырды. Себебі, қазақ күресінен әлем, Азия чемпионаттарын өткізу хұқы тек қана Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құзырына берілген. Бұған дәлел ретінде UWW бас хатшысы Мишель Дюссон мырзаның ДҚКФ-ның қазақ күресі бойынша бір ғана халықаралық ұйым екенін таныған ресми хаты бар. Бұған қоса, федерация жер шарының 50-ге жуық елімен қазақ күресін бірлесе дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен бірге, ұлттық күресіміз Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Осы жарыстардың басым көпшілігін Серік Төкеев демеушілердің және достарының көмегімен атқарды. Жарыстар мен жаттығу жиындарына баруға, маңызды спорттық семинар-кеңестерді ұйымдастыруға қажет қаржыны өзі іздестіріп, тауып отырды. Түсінген адамға бұның өзі бұл азаматтың іскерлігін, ел арасындағы биік беделін көрсетсе керек. Осындай ірі ауқымдағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазақ күресі 2017 жылы күзде Ашхабадта болған жабық Азия ойындарының бағдарламасына кірді. Түсінген адамға бұл Серік Төкеев басқаратын федерацияның қазақ халқы үшін аса маңызды тарихи жеңісі болатын.Ал Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ендігі мақсаты: қазақ күресін олимпиадалық емес спорт түрлерінен дүниежүзілік және Панамерика, Еуропа ойындарының бағдарламасына енгізу. Осы мақсат үдесінен шығу үшін федерация басшылығы Азия, Еуропа, Америка және Африка құрлығындағы ондаған мемлекеттерге ұлттық күресіміздің спорттық киімдері мен ережелерін, видеоматериалдарын таратып, жарысқа барған елдерде бірнеше күндік оқу-жаттығу жиындарын, семинар-кеңестер ұйымдастырды. 2010-2016 жылдарда қазақ күресін ЮНЕСКО танып, мойындауы үшін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы қыруар шаруа атқарды. Осы мақсатқа жету үшін Төкеевтің командасы 2010 жылдан бастап алты жыл қатарынан Оңтүстік Кореядағы WoMAU (Халықаралық жауынгерлік өнер одағы) сессиясына үзбей қатысты. Бұл ұйымның негізгі мақсаты: жер жүзі халықтарының жекпе-жектерін зерттеп, ұлттық мұралардың келешек ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында ірі халықаралық академия жұмыс істейді. Федерация қызметкерлері Бақыт Жаңбырбаев, Ғалым Құлекешев, Жадыра Қошқарбаева WoMAU сессияларында ұлттық күресіміздің тарихы, даму жолы туралы баяндама жасап, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде бейнебаяндар және роликтер, жарыстар мен халықаралық семинарларда күрес ережесінен құнды материалдар көрсетті. Ал, әлем чемпиондары Ерлан Естек, Бақтыбай Қисықов, Бейбіт Ыстыбаевтар Чхунджуда шеберлік сабақтарын өткізді. Федерацияның бұл қадамы қазақ күресін Халықаралық жауынгерлік өнер одағының танып, мойындауына зор ықпал етті. Осындай табанды әрі жүйелі жұмыстың арқасында қазақ күресі 2016 жылы ЮНЕСКО-ның 11-сессиясында 17 мемлекеттің дауыс беруі нәтижесінде материалдық емес мәдени мұра тізіміне кірді. Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Егер алаштың мықты азаматтары Серік Адамболсынұлы тәрізді бір-бір ұлттық мұраны қайыспай көтеруге жараса, біздің ұлттық мәдениетіміздің өрісі мен даму жағдайы қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді. 2017 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті қызметіне республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы, елге танымал іскер азамат Ислам Әбішев сайланды да, Серік Төкеев оның бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ислам Әбішев тізгінді қолға алысымен федерацияның жұмысы одан сайын жанданды. Ислам Әлмаханұлы бұған дейін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті болып, әлемдік деңгейдегі, Азия көлеміндегі жарыстарға мүмкіндігінше қол ұшын беріп тұрды. И. Әбішев республикалық Су ресурстары комитетін екі рет басқарған тұста жүз миллиондаған теңге бюджет қаржысын үнемдеп, еліміздің әр қиырындағы су шаруашылықтарына орасан зор пайдасын тигізді. Ислам Әлмаханұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары және Өскемен қаласының әкімі болған кезінде де халықтың ықыласына бөленіп, көптің алғысын алған іскер азамат. Ол кісі сонымен қатар, ұлттық мәдениетке, халқымыздың рухани дүниесіне жанашырлықпен қарайды. Биыл көктемде, жоғарыда айтқанымыздай, федерацияға көмекке берілген 10 (он ) миллион теңге үшін Серік Төкеев қамауға алынды. Төкеев бұл қаражатты ешкімнен бопсалап немесе ұрлап алған жоқ. Федерация басшысының жарыс ұйымдастыруға, іссапарға және жалақыға бөлген қаражаты. Тексеру нәтижесінде бұл қаражаттың заңды түрде жұмсалғаны дәлелденіп отыр. Сондықтан Серік Төкеевтің ақталып шығуына толық негіз бар. Ал қоғамдық ұйымдар негізінен демеушілер көмегі арқасында жұмыс жүргізетінін көзі ашық адамдардың бәрі біледі. Жоғары мәртебелі Президент! Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Төкеев пен көпке сыйлы тұлға Ислам Әбішевтің қазақ күресіндегі ұзақ жылғы табысты еңбегін ескере келе, бірнеше айдан бергі тергеу жұмысының әділ әрі таза жағдайда аяқталуына ықпал жасап, екі азаматтың отбасына аман-сау оралуына қол ұшын беруіңізді өтініп сұраймыз. Құрметпен: