Балалар үйінің тәрбиеленушілері баскетбол жарысына қатысты
2019 ж. 23 маусым
1983
0
Алматы шаһарында жас өрендердің спортқа деген құлшынысын арттыратын дүбірлі дода өтті. Баскетболдан өзара мықтыны анықтасқан балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері «Үміт кубогы» үшін таласты, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Дәстүрлі турнирге айналып үлгерген бұл жарыс биыл «Мирас» Қазақстан Халықаралық мектебінің спорттық кешенінде өтті. Мыңнан жүйрік атану үші үшін еліміздің барлық аймақтарынан 17 баскетбол командасы қатысты. Спорттық додаға 10 және 17 жас аралығындағы 170 балалар үйінің тәрбиеленушісі тартылған. Жарысқа еліміздің Ұлттық баскетбол федерациясының халықаралық дәрежедегі төрешілері қазылық жасады.
Балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған бұл доданы ұйымдастырушы «Halyk» қайырымдылық қоры ның Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Александр Павловтың айтуынша, жасөспірімдер арасында баскетболға қызығушылықты арттыру мақсатында бұл жарысты өткізуге 2005 жылдан бері 400 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған екен.
- Бүгінгі таңда бұл жобаның арқасында ондаған тәрбиеленушілер спорт шеберіне үміткер және спорт шебері атағына қол жеткізді. Кубок ойындарына белсенді қатысқан жастардың көпшілігі болашақ мамандық ретінде спортты таңдап, баскетбол жаттықтырушысы ретінде білімі мен шеберлігін балалардың жаңа буынын тәрбиелеуге бағыттады. Менің ойымша, спортқа және салауатты өмір салтына деген сүйспеншілікті дамыта отырып, келешекке жолдама беру – қайырымдылық жобаның ең басты жетістігі, - дейді А. Павлов.
Сонымен қатар, осы доданың Ұлттық баскетбол федерациясының қолдауымен өткізілгенін де тілге тиек ету керек. Аталған жоба қамқорлықтағы балалар мекемелерін спорт жабдықтарымен, керек-жарақтармен қамтамасыз етуді және жаттықтырушылар құрамын құру мен олардың еңбекақысын төлеуді қамтиды. Жас спортшылар баскетбол бойынша кәсіби жаттықтырушылардың басшылығымен тәлім алуға мүмкіндік алды.