Қазақ боксшылары өз бабында
2019 ж. 12 маусым
5680
0
Қазақстан боксшылары халықаралық додада топ жарды. Польшада өткен былғары қолғап шеберлерінің іргелі жарысында отандастарымыз екі алтын және үш күміс жүлдені қанжығаларына байлады, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Барлығы бұл турнирге 12 мемлекеттен 97 боксшы келіп қатысты. Олимпиада чемпионы, даңқты поляк боксшысы Зыгмунт Хыхланы еске алуға арналған халықаралық турнирге Қазақстан құрамасынан бөлек, Ресей, Венгрия, Латвия, Франция, Германия секілді бірқатар елдердің саңлақтары қатысып, өзара мықтыны анықтасты.
Спортшылардың айтуынша, жарыс өте тартысты болды. Шаршы алаңға шыққан жерлестеріміз қарсыластарының да осал еместігін алға тартты. Әсіресе, Венгрия мен Ресей боксшылары дайындықтары жоғары деңгейде екенін айтты.
Ел намысын қорғаған былғары қолғап шеберлері екі алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Самат Жетібаев (52 кг) пен Нұрлан Сабиров (81 кг) турнирдің жеңімпаздары атанса, Нұрым Ділшат (64 кг), Мәулен Өскенбек (69 кг) және Дарын Имаханов (75 кг) күміс жүлдегерлер атанды.
- Бұл турнир бокс әлеміндегі іргелі жарыстың бірі боп есептеледі. Қатысушылардың көбі мықты дайындалған, нағыз былғары қолғап шебері деп атауға лайық спортшылар. Солардың арасынан оза шауып, отандық құрама қоржынына алтын түсіргеніме өте қуаныштымын, - деді жары жеңімпазы С. Жетібаев.