Жерлестеріміз қазақ күресінен әлемдік додада бақ сынамақ
2019 ж. 07 маусым
2263
0
Бүгін 7 маусымда Вроцлавта (Польша) Qazaq kuresi-нен Еуропа чемпионаты басталады, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Еуропа чемпионатын ұйымдастырушы – Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы. Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев федерацияны басқарады.
Еуропа чемпионатына Албания, Армения, Әзербайжан, Австрия, Беларусь, Болгария, Кипр, Эстония, Грузия, Грекия, Исландия, Израиль, Италия, Латвия, Литва, Молдова, Норвегия, Польша, Румыния, Ресей, Сербия, Словения, Испания, Украина секілді 24 елден 120 балуан қатысады.
Бозкілемде кездесулер сегіз салмақ дәрежесінде өтеді. Сондай-ақ, абсолют салмақ дәрежесінде де медальдар сарапқа салынады.
«Вроцлавта Еуропа чемпионатын өткізуге жоспарлы түрде дайындалдық. Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы жарысқа толығымен жайлы жағдай жасады. Еуропа чемпионаты екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Қатысушы елдердің географиясы ғана артып қоймай, қазақ күресінің көпшілікке танылып келеді. Иран, Грузия секілді кейбір елдерде қазақ күресінен балалар клубтары ашылды. Спортшыларға, бапкерлерге және де жанкүейерлерге жағымды әсерлер мен жеңіс тілейміз», - деді Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының президенті Қанат Бозымабев.
Еуропа чемпионатының бойтұмары – Польша қаласы Вроцлавтың тарихи символы гном. Нұрсұлтан қаласының уақытымен сағат 15.00-ден 00.00-ге дейін QazSport телеарнасында трансляция таратылады. Тікелей трансляцияны Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының YouTube желісіндегі ресми арнасынан көруге болады.
Ертең QazSport телеарнасында тікелей эфирде финалдық белдесулер өтеді.
Бүгінде Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы ұлттық федерацияларды біріктіруші, Қазақстан Республикасынан тысқары елдерде турнир өткізетін жалғыз федерация болып отыр.