Тарихта талай бабамыздың табаны тиген Таулы Қарабақ
2016 ж. 06 сәуір
4704
0
Тым ерте замандарда Қап тауының Иран және Грузиямен шектесетін алқабын түркі тілдес халықтардың ішінде бізге жақын бір тайпалар мекен еткен сияқты. Себебі қазіргі уақытта Грузияның оңтүстік-шығысындағы Квемо-Картли аймағы бұрындары Борчалы атанған. Квемо-Картли жақында ғана пайда боллған атау. Аңыздарға қарағанда Әзірбайжанның Қазақ ауданымен шекаралас бұл жердегі түрік тілді елдер біздің жыл санауымызға дейін, кейбір жазбалар бойынша Ескендір Зұлқарнайын заманында жасаған, оларды Бұнтүрік атаған еді дейді. Бүгінгі күнге дейін Бочалы аймағын мекендеген жергілікті қариялар өздерін Бурчи-Қазақ деп атайды. «Борчалы» жер атауы есебінде Бөріш оғлы, не Бөрші оғлы тайпалық атауынан басталады деп жорамал жасауға болатын сияқты. «Кімнің жері ?» «Бөріш оғлының жері», не «Бөрші оғлының жері» болып ақыры Борчалы атанып кеткен болар. Борчалы жазығындағы жер атаулары да (Қашаған, Ақбұлақ, Бармақсыз, Бостаншаһар (қазір-Рустави), Ұлашлы т.б.) көне заманнан бері бар. Борчалы жерінде біз қарапапақпыз дейтіндер өздерін қарақалпақпен туыс санайды. Қарапапақ ішіндегі «хан тайпасы» делінетін топтың «борча» және «торки» деген балама аттары бар екенін зерттеушілер жазады.
Қарақалпақтардың Борчалы жеріне келуін біз ХІІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалармен байланыстырамыз. Осы кезеңде грузин Давид ІУ Құрылысшы қыпшақтардан көмек сұрап, олардың қырық мың үй болып келгені белгілі. Иранмен және Селжүкпен соғыстарда бұлар грузин және басқа халықтардың бас бостандығын қорғауға белсене қатысты. Белгілі дәрежеде Давид ІУ осы қыпшақ жауынгерлерінің арқасында мемлекетін бір орталыққа бағындырып алды деп айтуға болады. Қазіргі Грузия астанасы Тбилиси қыпшақтар келгенге дейін өз бетімен өмір сүретін, халқы негізінен мұсылман дінді әмірлік еді. Қаланың ортасынан археологиялық қазбалар кезінде табылған араб емлелі жәдігерліктер де осыны дәлелдейді.
Кап тауындағы Таулы Қарабақ өлкесінде қазақтың Бөрші аталатын руының бір атасы Шуша кездеседі. Шуша біраз жылдар Таулы Қарабақтың астанасы болды. Жоғарыдағы Борчалы атауының негізінде Бөрші тұрса және Бөршінің ізі тым көне замандардан табылып жатса Шуша аты Кавказда неге кездеспеске ?! Тағы бір қызық дерек -осы Таулы Қарабақты оңтүстік жағынан айналып Аракс өзені ағады, бұл Иран мен Әзірбайжанның шекара аймағы. Осы Аракс өзенінің бойы толған түрік тіліндегі жер-су атаулары-Мерген, Ақшай, Ақкөл т.б. Осы топонимдердің ішінде Қотыр атты өзен аты кездеседі. Қотыр Аракстың бір саласы. Бөршіні қазақ арасында әлі де Қотыр Бөрші атайды, оған өздері аздап намыстанады. Аракс өзені өз кезегінде Кураға құяды. Кура болса Алтын Орда мен Елхандар, Тоқтамыс пен Ақсақ Темір ұлыстарының арасындағы бірталай соғыстардың куәсі. Шуша өңіріне бір жағы Аракс суы шекара болса, екінші жағынан Кура қорғайды. Осы бұрыштың ішіндегі топонимдердің ішінде Қаракент, Қарақойын (Қарақойын Жавет) Бергішет, Шалбұлақ, Қарқар, Татыр т.б. түркі тілді адамды елең еткізеді. Олай болса біз Қотыр Бөршілердің Кавказ бен Қырымға қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Ендеше Таулы Қарабақ өлкесінің екі қапталында кездесетін Қотыр мен Шуша ерте замандарда халықтардың ұлы көші-қоны кезінде Бөрші сияқты тайпалардың Қап тауында сақталған тарихи ізі болуы мүмкін.
Шуша қаласының 1748 жылы ірге тасын қалаған Панах Әли хан дейтін азамат екен. Әуел баста Иранға бағынышты болып, Нәдір шаһтың шылауында жүрсе керек. Кейін өзінің тарихи отаны Шуша өңіріне қайтып келіп, осы жерде Таулы Қарабақ хандығы аталатын мемлекетті құрды. Алдымен Панах хан өзінің сарайын Баят деген биіктеу жерден салады. Мырза Жамал Живаншир деген әзірбайжан тарихшысы Қарабақ өлкесіне Ширван мен Шек аталатын ирандық иеліктердің басшылары шабуыл жасап, олардың шабуылын қайтарғаннан кейін Панах хан Қарабақтың жотасынан төменірек түсіп, 1751 жылы Шаһбұлақ деген жерде бекініс орнатады дейді. Бірақ парсы билеушіулері тарапынан қауіп сақталады, әсіресе Иранның Мазендаран мен Гилян аймағына билік жүргізе бастаған Қаджар ханы Мұхаммед Хасан Панахқа өшігеді. Сол себептен Панах өзінің сарайын Шуша аталатын жерге көшіріп, жау алмайтын бекініс жасауды ойластырды. Бір жағынан Панах хан осы жерге жақын орналасқан егінші, саудагер армяндарды өз хандығына тартуды ойластырған болуы керек.
Кейінгі армян және орыс деректері Шуша деген жер маңында армян билеушісі Шахназар мәліктің иеліктері болды деп те жазады. «Мәлік» - орынбасар, орысша наместник дегенді білдіретін парсы сөзі. Мысалы ХҮІІІ ғасырдағы орыс жазбаларында былай деп жазылған: «Крепчайшее по местоположению селение здесь Шуша. Оно принадлежало мелику Шахназару варандинскому, который поссорясь с другими двумя меликами... союзными с собою издревле, вошел в союз с Фона ханом (Пана-хан), незнатным владетелем, кочующего близ Карабага Чаванширского (или Шиваншорского) татарского народа, по смерти Надыра, уступил ему Шушуйскую деревню». Бұл хандықтың астанасы Шуша қаласы атанғаны заңды. Шуша қаласының орнында бұрыңғы заманда моңғолдар қиратқан Шушакент аталатын қаланың құрылыстары болған дейді тарихшылар. Расында да Қарабақ тауларының сұлу бөктерінде, өзендер өрнектеген өлкеде бұрын қала болмады, ел жайламады дегенге сену қиын.
Ол кезеңде Панах ханның қол астындағы түркілер көшпелі өмір сүргені белгілі. Мемлекетін жаңа құрып жатқан билеуші жауынгер көшпелілердің бір жағынан тауды өрлей көшетін жаз жайлаулары мен жазықтағы қыстауларының ортасына орналасқанды да жөн көрген сияқты.
Осылайша 1755-1823 жылдар аралығында Шуша Қарабақ хандығының астанасы болды. 1813 жылдан бастап Қарабақ Ресей билігін мойындағаннан кейін Шуша әуелі Каспий губерниясы, кейін Елизаветпольская аталған губернияларының құрамында болды. 1823 жылғы санақта Шушадан 1 мыңнан аса әзірбайжан (ол кезде «түркі» аталады) және 700 -дей армян отбасы бар екен, кейін келіп біресе армяндардың, біресе әзірбайжандардың саны өсіп отырған. Оны белгілі дәрежеде Ресей де өз пайдасын ойлап бұл алыс өңірді қарама-қайшылық арқылы бағындырып отыру үшін реттегенге ұқсайды. 1897 жылы жалпы ресейлік санақ Шушада 25 мынан аса адам өмір сүретінін көрсетеді. Оның жартысы армян болса, жартысы әзірбайжан, аздап орыс отбасылары, басқа да ұсақ ұлттардың өкілдері бар.
Шуша ерте замандардан бері өзінің өнерпаздарымен белгілі. Бұл жағынан әсіресе «мұғам» аталатын ән орындау мәнері әлемге танылған десек артық айтқандық емес. Белгілі американдық зерттеуші Рональд Сюни «мұғам өнері тікелей Шушамен байланыста, бірге жүреді» дейді.Орыс музыка зерттеушісі В.Виноградов «Здесь много музыки, здесь больше, чем в любом другом районе Азербайджана, можно услышать народных песен, танцев, певцов, инструментов. Шуша с древних пор слывет музыкальным центром и славится по всему Закавказью как неисчерпаемый родник народных музыкальных талантов» дейді. Шуша қазіргі заманғы әзірбайжан музыка өнерінің негізін салған Узейр Гаджибеков пен атақты Болат Бюльбюль оглы (Бұлбұл ұлы) отаны десек біздің оқырманға Шушаның орыны түсініктірек. Бұл аймақ Совет заманында Әзірбайжан құрамында болды. Қазіргі уақытта Шуша Арменияға іш тартатын Таулы Қарабақ автономиясының қатардағы қалаларының бірі. Әзірбайжан кезінде бұл қалаға қорық -қала статусын берген және тарихи ескерткіштердің сақталуын әлі де қадағалайды.
Бір қызығы Бөрші және Шуша атауы Қырымда да кездеседі. Бақшарасайға жақын Үлкен Бөрші, Кіші Бөрші, Қотыр Бөрші ауылдары болса, Азау ауданының жерінде ертеректе Шуша (Шуша немецкая) ауылы болғанын «О переименовании населенных пунктов Крымской области» деген «Указ Президиума ВС РСФСР от 18.0.1948» құжатынан көреміз. Осы Указ бойынша Қырымдағы Алшын, Маңғыт, Ақсөре Қоңырат, Барын т.б. ауылдармен бірге Бөрші атаулары да өзгерді. Үлкен Бөрші Дальнее деген атпен әлі де өмір сүріп отыр, 2001 жылғы санақ бойынша бұл ауылда 90 үй-жай бар. Кішік Бөрші бос қалған дейді. Шуша аты да өзгеріп Межевая атанып шықты. «Шуша немецкая» аталатыны он сегізінші ғасырдың ортасынан бастап, яғни Екатерина ІІ -патша кезінен Ресейге, соның ішінде Қырымға немістерді көшіру саясаты жүргізілді. Сол кезде пайда болған атау.
Жоғарыда аталған Еуразияның батысындағы Шуша атауларының төркіні қайда деген сұрақ туындайды. Расында да Қырым мен Кавказдағы жергілікті елге түсініксіз Шуша атауын кімдер ол жаққа алып барды ? Біздің ойымызша ол атаулардың төркіні Еуразияның шығысындағы Сібір-Алтай өлкесінде. Енисейдің бір саласы Үлкен Шуша өзенінің бойына орналасқан Шуша атты кішкене қалашық біздің бәрімізге белгілі. Бұл қалашықты 1744 жылы алғаш қоныс тепкен орыс-казактар салды дейді білетіндер. Кезінде В.И.Ленин осы қалада айдауда болды деп Советтік тарих оқулықтары жазып есімізде қалған. Енисей бойындағы Шуша өңірі бір жағы Тува, бір жағы Хакас (Абақан), Саян өлкелдеріне жақын. Шуша қаласы Батыс Саян тауларының жоталарының баурайында орналасқан. Бұл жерде қазақ жеріндегі Бегазы-Дандыбай мәдениетінің ескерткіштеріне өте ұқсас қола дәуірінің ескерткіштері бар екенін археологиядан хабары бар адамдар біледі. Географиялық әдебиетте осы маңдағы жазық алқап Минусинск қазан шұңқыры деп те аталады.
Бөршілер Шығыстан Батысқа қоныс аударған ерте замандарда ғұн көшінің алдында болған сияқты. Олардың әуел бастағы жайлаған жері қазіргі Ресейдің Краснояр өлкесіне, қазіргі Хакасия жеріне ұқсайды. Саян тауларының қойнауына орналасқан осы жерде қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын Минусинск қорғандары бар, біздегі Бегазы-Дандыбаймен егіздің сыңары сияқты тас қорғандар. Осы үлкен өркениеттің өкілдері Шығыс Ғұн империясының құрамына енді де, Халықтардың ұлы қоныс аударуы заманында, біздің жыл санауымыздың басында батысқа жылжығаны анық. Ендеше Таулы Қарабақтағы қазақи атаулардың түп-төркінін Орталық Азия жерінен іздеген дұрыс дейміз.
Ж.О.Артықбаев-т.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры
qazaquni.kz