Жоғалған Boeing-777 ұшағы Қазақстан аумағына кірген жоқ

malaysia-airlines1 АСТАНА. 19 наурыз. BAQ.KZ – Әлемнің 20-дан астам елі іздестіріп жатқан самолет Boeing-777 жолаушылар ұшағы Қазақстанның әуе кеңістігінде байқалған жоқ. Бұл туралы Бейжіңде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қытай БАҚ-тарына мәлім етті. «Қазақстан тарабы малайзиялық рейс туралы ақпаратқа жете мән берді. Ұшақ екі дәліз бойынша өтуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның азаматтық және әскери ведомстволары тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеруден кейін белгісіз ұшақтың Қазақстан әуе кеңістігіне кірмегендігі белгілі болды», - деді Е.Ыдырысов. Естеріңізге сала кетейік, 7 наурыз күні Малайзия астанасынан ұшып шыққан бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі бар ұшақпен байланыс 2 сағаттан кейін үзілген еді. Ұшақ Бейжіңге бет алған болатын. Boeing-777 әуе кемесін іздеуге әлемнің бірнеше елі жұмылуда. Өкінішке орай, әзірше бұл жұмыстар еш нәтиже берер емес.