Альфия Қази: цифрлық құқық саласының жетекші маманы

Альфия Қази: цифрлық құқық саласының жетекші маманы

Альфия Қази — Қазақстан мен шетелдегі цифрлық трансформация мен технологиялық реттеу саласында есімі кеңінен танылған, терең білім мен көреген ойдың иесі. Ол өзінің кәсіби жолын мемлекеттік қызметте бастаған қарапайым маманнан цифрлық саясат пен стратегиялық дамудың мойындалған сарапшысына дейінгі биікке жетті. Бүгінде Альфия халықаралық және ұлттық деңгейдегі маңызды жобаларда сараптамалық қолдау көрсетіп, саланың серпінді дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Альфия — техника мен құқықты бір арнаға тоғыстырған сирек мамандардың бірі. Ол заңгерлік білімін радиотехника, электроника және телекоммуникация саласындағы техникалық дайындығымен ұштастырып, жаңа заманның талаптарына сай кешенді, әрі құқықтық тұрғыдан негізделген шешімдер ұсына алатын бірегей сарапшы. Бүгінде ол Қазіргі уақытта халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың әйгілі Иллинойс Урбана-Шампейн университетінде (UIUC) «Үлкен деректерді талдау және болжамды аналитика» бағыты бойынша білімін тереңдетуде. 

Альфия Қазидің цифрландырумен байланысы 2003 жылдан бастау алады. Ол еліміздегі «электронды үкіметті» қалыптастыру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық саясатты жүзеге асырумен тікелей айналысқан алғашқы мамандардың қатарында. Осы жылдар ішінде ол «Зерде» ұлттық холдингінде әдістемелік бағыттың жетекшісі, №34 техникалық комитеттің төрайымы және «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» кәсіпорнында консультант ретінде қызмет етті. Оның ғылыми-әдістемелік еңбектері мен жобалары елдің цифрлық келбетін қалыптастыруда айрықша рөл атқарды.

Ол 90-нан астам заңнамалық және нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысып, олардың қатарында «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы», «Электрондық құжат пен цифрлық қолтаңба туралы» заңдар, «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы, сондай-ақ электронды үкімет архитектурасы мен деректерді басқаруға қатысты ұсыныстар бар. Бұл бастамалар Қазақстандағы электронды қызметтер мен инфрақұрылымды дамытудың берік негізіне айналды.

Альфия Қазидің жетекшілігімен 200-ден астам ұлттық стандарт әзірленіп, ақпараттық қауіпсіздік саласына жаңа стандарттар енгізілді. Сонымен бірге ол 300-ден аса халықаралық стандартқа сараптама жасап, IT-компаниялардың қауіпсіздік, смарт қалалар, бағдарламалық қамтамасыз ету және автоматтандыру бағыттарында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін нормативтік базаны қалыптастырды.

Сондай-ақ, ол — «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу бойынша практикалық ұсыныстар» атты кітабының авторы. Бұл еңбек мемлекеттік органдар мен IT-компанияларға бағыт-бағдар беретін әдістемелік құрал ретінде кеңінен қолданылады. Альфия Қази — тек цифрлық реформаларда ғана емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік аспектілерінде де белсенді. 2021 жылы ол технология саласындағы көшбасшы әйелдермен бірге «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорын құрды. Бұл қор цифрлық экономика жағдайында қоғам мен мемлекетті жаңғыртуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар арқылы Алфия Қазақстанның тұрақты цифрлық болашағын құруға үлес қосып қана қоймай, әйелдердің осы процестерге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, осы қор аясында қыз балалар арасында STEM-білімді насихаттап, цифрлық кәсіпкерлікті және инклюзивті инновацияларды ілгерілетуге күш салып жүр. Сонымен қатар, Альфия Қази цифрлық күн тәртібін ілгерілету және әйелдердің технологиялар мен инновациялар саласындағы қатысуын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың негізін қалаушылардың бірі және мүшесі.

Ол 2022 жылдан бері TECHNOWOMEN — ғылым мен технология саласындағы әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі. Мұнда ол стартаптарды қолдау, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында маңызды жұмыстар атқаруда. Альфияның сараптамалық пікірі халықаралық аренада да жоғары бағаланады. Ол Дүниежүзілік банк пен USAID жобаларына қатысып, жасанды интеллект, цифрлық экономика, электрондық коммерция, цифрлық басқару және инклюзия мәселелері бойынша кең ауқымды зерттеулер жүргізді. USAID жобасы аясында әзірленген ұсыныстар Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қабылданып, ішкі сауда қағидаттарына енгізілді. Ал, Дүниежүзілік банк жобасындағы ұсынымдар «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамаға негіз болды. Оның еңбегі еленіп, бірнеше мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен атап өтілді. Олардың қатарында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медаль, «Үздік байланысшы» және «Үздік цифрландырушы» төсбелгілері де бар. 

Бүгінде Альфия – тек кәсіби маман ғана емес, сонымен бірге төрт баланың қамқор анасы. Ол отбасы мен мансапты қатар алып, әрбір күнін тиімді ұйымдастырып, өмірдің әр саласында тепе-теңдікті таба білген жан. Ана болу оған уақытты бағалап, басымдықтарды дұрыс қоюға үйретті. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы — қазіргі заман әйелінің шынайы бейнесі. Альфия Қази — болашаққа бағытталған, заманауи Қазақстанның цифрлық болмысын қалыптастырып жүрген шынайы көшбасшы. Ол тек бүгінгі күннің мәселелерін шешіп қана қоймай, келешек ұрпақ үшін де берік цифрлық негіз қалайтыны сөзсіз. 

А. Қылыш